Елбасының бастамасымен құрылған ашық аспан астындағы мұражай «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешеніндегі ғажайып макеттер Қызылорда облысы картасының жаңартылған нысандарымен толықты. Аймақта құрылысы өзіндік қалыпқа еніп, оған өміршеңдік нақыш сыйлаған бірқатар ғимараттардың макеттері осы жерден орын тепті.
Міне, осыған байланысты таныстыру рәсімі өтіп, айтулы шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары мен депутаттар, ардагерлер, қала тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бүгінгі таңда «Атамекен» Қазақстан картасы» кешені елорда тұрғындары мен қонақтарының ең көп келетін мәдени орындарының біріне айналды. Өйткені, ол еліміздің мәдени-әлеуметтік және өндірістік объектілерін, флорасы мен фаунасын, ландшафтын бейнелейтін әлемдегі алғашқы кешен болып саналады. Республикамыздағы 14 облыстың, Астана және Алматы қалаларының өткені мен бүгінгі тынысынан сыр шертетін құнды мұралар мен тарихи орындардың жаңа үлгілері де жыл сайын кешен қорын байыта түсуде. Сондықтан да, қаланың, елдің, халықтың тарихын осылайша көрсету үшін Қызылорда облысы елордалықтарға арнайы келіпті.
Бұл орайда кешенде Сыр елінің тамаша ғимараттары таныстырылып, тарихи-мәдени нысандары жан-жақты көрсетілді. Іс-шара барысында алғысөзді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы алып, елорда халқын келе жатқан мерекемен құттықтады. «Қызылордалықтар өздерін астаналықтарға бір табан жақын сезінеді. Себебі, елордалық мәдениет, астаналық рух Сыр өңіріне де тән. Қазіргі Қызылорда облысының территориясы қазақ даласында дәуірлеген ежелгі мемлекеттердің ту тігіп, астана салған қасиетті топырағы. Оның ішінде тарихтар тоғысында бой көтерген сақ патшаларының киелі ордасы – Шірікрабат, оғыздың басы болған – Жанкент, алтын үзікті қазақтың алғаш байрағы тігілген – Сығанақ қалалары осы қасиетті топырақта тұрғызылған. Ал бертінде, XX ғасырдың басында Қызылорда қаласы кеңес империясының құрамындағы қазақ елінің бірінші астанасы болған» деген әкімнің орынбасары Сыр елі ғарышқа жол ашқан, Байқоңырдай айлағы бар тылсым мекен болып табылатындығын атап айтты. Сонымен қатар, бұл нысандар елордалықтарға облыс жайында мағлұмат беретін орын болатындығына сенім білдірді. Келесі кезекте сөз алған Астана қаласының мәслихат хатшысы Сансызбай Есілов осы кешендегі Сыр өңірінің ғимараттары бейнеленген макеттерді көргенде бүкіл облыс көшіп келгендей әсерде қалғанын жеткізді. Айтулы мереке қарсаңында жасалып отырған шараның мақсаты да айрықша және де лайықты тарту болады деп атап өтті.
Ендігі кезде кешенге келушілер өңір картасында көрсетілген Көкарал су бөгеті, «Қорқыт ата» мемориалдық кешені, «Байқоңыр» ғарыш айлағы, Тұрмағамбет Ізтілеуов кесенесі, Қалжан ахун мешіт-медресесі, Айтбай мешіті, Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, «Сыр Ана» монументі, «Бастау» бизнес орталығы, ортағасырлық Сығанақ қаласы, Сығанақ мешіті, «Төлегетай-Қылышты» кесенесі, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізі, Қызылорда облысы әкімдігінің ғимараты тәрізді нысандармен танысып, тамашалай алады.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».