16 Қазан, 2015

Жаңа құбыр агрегаты

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
DSC_4002 DSC_40675,6 миллиард теңге инвестициялық қаражатты игерудің арқасында жалпы қуаттылық 63 МВт-ға көбейді «СевКазЭнерго» АҚ облыстың 2,2 мың бюджет­тік, өнеркәсіп, коммерциялық ұйымдары мен 580 мың тұрғынын электр қуатымен жабдықтайды. Бүгінде электр желілерінің ұзындығы 135 мың шақырымды, жылу құбырлары 233 шақырымды құрайды. Жалпы электр қуаттылығы 455 МВт-ға, ал жылу энергиясы 791,65 Гкал/сағатқа тең. Компания тозығы жеткен қондырғылар мен құрал-жабдықтарды қалпына келтіруге қомақты қаржы құйып келеді. Оған қарасты № 2 Петропавл жылу-электр орталығы қысқы маусымға әзірлік қарсаңында Ресейден жеткізілген жаңа құбыр агрегатын құрастырып, іске қосты. Жарты ғасырдан астам үздіксіз жұмыс істеп келген нысанды қайтадан тұрғызуға 5,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Электр қуаттылығы 63 МВт-ға дейін ұлғайтылып, жылына 40 мың тоннадай көмірді үнемдеуге мүмкіндік берді. – Индустриялық-инновациялық қуатты жобалар аясында көптеген әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер тұрғызылуда. Оларды қосымша жылу және электр қуатымен қамту үшін стансада қосымша резервтің пайдалануға беріліп отырғанын айтулы оқиғаға балауға болады. Өңірде қытымыр қыстан қысылмай шығудың барлық жолдары қарастырылған. Қазір көпқабатты тұрғын үйлердің 92 пайызға жуығы жауапты маусымға тас түйін дайындықтары туралы құжаттарын алды, – деді салтанатты жиында сөйлеген сөзінде аймақ басшысы Ерік Сұлтанов. Мұның алдында осында № 4 турбина жаңар­тыл­ған болатын. Алда № 7 құбыр агрегаты мен № 6 бу қазандығы өз кезегін күтіп тұр. ЖЭО-ның дирек­торы Виктор Барминнің айтуына қарағанда, жаңа активтерді құруға, техникалық қайта жарақтан­дыруға, өндіріс орындарын кеңейтуге 34,5 миллиард теңге қаражат бағытталған. Сөйтіп, 2020 жылға дейін құбыр цехындағы құрал-жабдықтардың 72 пайы­зын, қазандық цехының жартысынан астамын ал­мастыру жоспарланған. Оларға озық үлгідегі автоматтандырылған технологиялық басқару жүйесі енгізілетін болады. Жаңа құбыр агрегатын өндіріске енгізу стансаның жұмыс тиімділігін арттырып, экологиялық қауіпсіз­дігін қамтамасыз етіп, құрал-жабдықтардың тозуын 14 пайызға азайтты. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы. Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.