22 Мамыр, 2015

«KIHE- 2015» дәстүрлі көрмесі медициналық тауарлар мен қызметтердің кең ауқымын ұсынды

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығында осымен 22-ші рет дәстүрлі «KIHE-2015 «Денсаулық сақтау» халықаралық көрмесі үлкен табыспен өтті. Оған биыл әлемнің 28 елінен 300-ге жуық компания өз өнімдерін ұсынды. Көрмеге Әзербайжан, Грузия, Мысыр және Израиль елдерінің медицина саласында қызмет атқаратын компаниялары бірінші рет қатысып отыр. 

Көрменің ашылу салтанатында Қазақстанда медицина саласындағы ең ірі тәжірибе алмасу алаңдарының бірі екенін атап өткен еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой оған медицинаға арналған өнімдер шығаратын отандық және шетелдік өндірушілер қатысатынын жеткізді. Сонымен қатар, жыл сайын өткізілетін бұл көрме денсаулық сақтау саласындағы жаңа технологиялармен танысуға, емдеудің жаңа әдістерін үйренуге және денсаулық сақтау саласының даму келешегін анықтауға мүмкіндік беретінін тілге тиек ете келе, Қазақстан медицинасы бірқатар салалар бойынша әлемдік деңгейге көтерілгенін, соның арқасында елімізде ішкі, сыртқы медициналық туризмнің жақсы дамып келе жатқанын, Астана, Алматы секілді еліміздің ірі медициналық орталықтарына облыстардан келіп ем алып жатқандар, сондай-ақ, Қазақстанда сыртқы медициналық туризмнің де дами бастағанын алға тартты. Өйткені, бұл қалалардағы заманауи клиникаларда жоғары білікті мамандар еңбек етеді.

«Көрші мемлекеттерден елімізге келіп, ем-дом алып жатқандар жетерлік. Өйткені, Қазақстанда емделу Еуропа елдерінен екі есе, ал Түркияға қарағанда үш есе арзан. Оның үстіне Қазақстан медицинаның бірқатар салалары – кардиохирургия, нейрохирургия және экстракорпоральды ұрықтандыру бағыттары бойынша әлемдік деңгейге көтеріліп, өз аймағында бағыт-бағдар сілтейтін дәрежеге жетіп қалды», – деді А.Цой. Биылғы көрменің ерекшелігі – алғаш рет Венгрия, ұзақ үзілістен кейін – Үндістан және жыл сайынғы қатысушылар Германия, Қытай және Ресей өз стендтерін ұсынды. Отандық ден­саулық сақтау саласының экспозициясы Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының Ал­маты қаласындағы Орталық клиникалық ауруханасы, Алматы қаласы Репродукциялық медицина институты, сондай-ақ, құрамына кіретін барлық ғылыми орталықтардың медициналық қызметтері көрсетілетін «Ұлттық медициналық госпиталь» АҚ-ты және тағы басқаларды қамтыды. Көрме шеңберінде «Емдеу-сауықтыру және медициналық туризм» тақырыбы екінші жыл қатарынан бөлек экспозиция болып ұсынылды. Көрменің тағы бір қызықты бөлімі – «Эстетикалық медицина» секция­сы. Ол сұлулық индустриясы, эстетикалық медицина және пластикалық хирургия саласының жетекші өндірушілері мен өкілдерін ұсынды. Жобаға Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Ме­дициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ, Қазақстандағы халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығы және Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық медицина қауымдастығы ресми түрде қолдау көрсетті.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар