22 Мамыр, 2015

Бірлікке үндейтін «Бірліктің бесігі»

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жиырма жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының рухани зияткерлік құрылымы нығайып, қоғамды үйлестіруші әлеуеті толысты, халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.

 egemen (18)

Елордадағы Тұңғыш Прези­дент музейінде Солтүстік Қазақ­стан облысының мұражай бірлес­тігінің қорынан «Бірліктің бесігі» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. «Ұлттық игілік» – музей­аралық серіктестік жобасы аясында ұйымдастырылған бұл көрме Қазақстан халқы Ассамблеясының айтулы 20 жылдық мерекесіне арналды. Экспозиция көрермендерді өлкенің полиэтностық қоғамының қалыптасу тарихымен таныстырды. Сондай-ақ, аталған шара барысында Солтүстік Қазақстан облы­сының Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыстарының қол жеткізген жетістіктері жайлы тың мағлұматтар берілді.

egemen (19) Атап айтар болсақ, 1995 жылдың 1 ақпанында Солтүстік Қазақстан облысында кіші Ассам­блея құрылып, оның құра­мына 7 ұлттық-мәдени бірлес­тіктердің өкілдері енді. Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облы­сындағы Қазақстан халқы Ассам­блеясының құрамында 23 этномәдени бірлестіктермен қатар, «Бірлік» жастар бірлестігі де бар. Мұражайлар бірлестігінің коллекциясында Қазақстанның біртұтас халқын құрайтын көпте­ген этностардың тарихы мен дәстүрлі мәдениеті туралы баяндайтын бірегей этнографиялық материалдар сақталған. Аталған облыс аумағы «Ащы сызық» және Столыпиндік аграрлық реформалар жүргізу кезіндегі әскери казактардың құра­мындағы орыс, украин жә­не белорус шаруалары үшін туған үйіндей болды. Петропавл қаласының салынуы және жергілікті сауданың дамуы Солтүстік Қазақстанға татар көпестері мен шаруаларының қоныс аударуына ықпал етті. ХХ ғасырдың бірінші жар­тысындағы көптеген жер ауда­ру саясатының басты себебі, ұжым­­дастырумен және депортация­лау­мен байланысты еді. Депор­тациялау кезеңі Батыс Украи­на жерінен поляктарды жер аударудан басталды. Осындай қайғы-қасіретті тізімге неміс, корей, қырым татарлары, грек, чешен, ингуш, балқар және басқа да этностардың өкілдері енген болатын. Олардың бүгінгі ұрпақтары өл­кенің көпұлтты халқын құрап отыр. Қазіргі таңда Солтүстік Қа­зақстан облысында жүзден астам ұлттардың өкілдері өмір сүруде. «Бірлік бесігі» көрмесінің үлкен сахналық көріністері – киіз үй­лер, ағаш үйлер мен рекон­с­трук­цияланған шаруашылық аулалар қазақ, орыс, казак, татар, неміс және поляк ұлттарының дәстүрлі мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы баяндайды. Экспозицияның ерекше бөлігі көрмеге келушілерді Солтүстік Қазақстан облысының мұражайлар бірлестігінің жинақтарында сақ­талған бірегей этнографиялық материалдардың негізінде қазақ­­стандық көпконфессиялы қоғам­ның қалыптасу тарихымен таныс­тырады.

Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.

АСТАНА.