Әдетте, біз жазушының, ғалымның, қоғам қайраткерінің мерейтойын атап өтуді дәстүрге айналдырғанбыз. Ал Мемлекет басшысының мерейтойын ел болып атап өтуге дағдыланбағанбыз. Неге? Атақ-даңқы жер жарған, Ұлы тұлға болғасын именіп, әбестік санаймыз ба? Бұлай ойлауымыз дұрыс деп айта алмаймын. Өйткені, Президент те біз сияқты ет пен сүйектен жаралған адам. Оның үстіне Нұрсұлтан Назарбаевтың Елбасы ретінде елімізге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оны түгелдей жазып көрсетуге газет көлемі көтермейді. Содан да Елбасының мемлекетіміз бен халқымызға сіңірген орасан зор еңбегіне шолу ғана жасаумен шектелеміз.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деп, халқымыз атам заманнан бері айтып келе жатқанын ескерсек, Нұрсұлтан Назарбаевтың туған халқының қамын ойлап, күндіз-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, жанкештілікпен еңбек етіп келе жатқанын айту – баршамыз үшін зор мақтаныш. Алла тағаланың бізге берген үлкен сыйы Назарбаев екенін әлемге жар сала, бар дауыспен қаншама рет айтсақ та артық етпейді.
Мемлекет басқару жеңіл жұмыс емес. Біле білгенге, о шеті мен бұ шетіне осы заманғы ұшақпен жетудің өзі қиын, аумағы алпауыт мемлекетті, он жеті миллион халқы бар елді басқару түгілі, санаулы ғана жаны бар бір отбасының шырқын бұзбай, түтінін түзу шығаруды қамтамасыз етудің өзі қиынның қиыны. Халқымыздың бағына бола туған Ұлы тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында тәуелсіз атанған жиырма төрт жылда адам айтса нанғысыз керемет жетістіктерге жеткенімізді дүниежүзі мойындап, біздің озық істерімізге шын ықыласпен қол соғып отыр. Еліміз Тәуелсіздіктің жиырма төрт жылында ғасырда ғана жүзеге асырылатын қыруар жұмысты тындырып, экономикасы шикізат қорымен шектеліп мешеу қалған елден дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы елу елдің құрамына енді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген әлемнің ең озық 30 мемлекетінің қатарына кіру міндетін ойдағыдай жүзеге асыруды басты мақсат етіп алға қойып отыр.
Айта берсек, бұл таусылмайтын, халқымызды табыстан-табысқа жігерлендіре, ынталандыра түсетін ұлы өзгерістер. Елбасымыздың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасындағы «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру міндеті де әрбір қазақстандыққа жоғары жауапкершілік, зор міндеттер жүктейді. Осының бәрі Елбасының толғанысынан, елімізге болсын деген ізгі ниетінен туған міндеттер.
Біз Сарыарқаның ортасында бой түзеген, бүгінде әлемнің көрікті де әсем қаласының біріне айналған Астананың бас архитекторы және авторы деп Нұрсұлтан Назарбаевты орынды мақтан етеміз. Шынтуайтына келгенде, Нұрсұлтан Әбішұлы Астананың ғана емес, Қазақстан Республикасы атанған алып мемлекеттің авторы, бас архитекторы, біздің жетістіктеріміздің ұйымдастырушысы, дем берушісі, кемеңгер көсемі. Мұны Елбасымыздың мерейтойында айтпағанда, қашан айтамыз?!
Нұрсұлтан Әбішұлының «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет: 100 қадам – Ұлт жоспары» атты еңбегінде мемлекетімізді жаңғыртудың міндеттері белгіленіп, бүкіл әлем алдында Қазақстанның өсу-өрлеу, жаңғыру міндеттері кеңінен жария етілді. «Нақты 100 қадамның» әр қадамы ұлы өзгерістерге толы. Бұл мемлекеттік қызметшілерге ғана емес біз сияқты қатардағы адамдарға да күрделі де жауапты міндеттер жүктейді. Осынау ауқымды жоспарға лайықты үлес қосу – үлкеніміз бар, кішіміз бар, баршамыздың парызымыз.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері қаламымды қару етіп, Елбасының ұстанған саясатын бұқара арасында насихаттап келе жатқан қаламгер ретінде Аллаға шүкіршілік ететінім: біздің алға қарай жылжыған Ұлы көшіміздің басында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болғаны. Қиын-қыстау күндерде бізді адастырмай, дұрыс жолға салғаны. Құдай оның бетін аулақ қылсын, ел тізгінін бөтен біреу ұстаса, біз қазіргідей ұлы жетістіктерге жете алар ма едік?..
Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында елімізді мекендеген 130-дан астам этностың арасында болаттай берік ауызбіршілік пен ұлтаралық татулық орнады. Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жеттік. Саяси тұрақтылықтың, ауызбіршіліктің, татулықтың арқасында еліміз дамып, эконо-
микамыз қарыштап өрге басуда. Қазақстан бұл күнде әлем халықтарына үлгі-өнеге болып отыр. Бұл да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұтымды басшылығының арқасында мүмкін болғанын тағы да атап өткім келеді.
Биылғы жылдың халқымызға сыйлаған қуанышы – Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымының құрамына қабылданады, 19 жыл бойы осы Ұйымға мүше болуды көздеген еліміз жан-жақты зерттеуден, ауыр сынақтан абыройлы өтті. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше 161 мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болған Қазақстан осы Ұйымның 162-мүшесі болды. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында еліміз аталған Ұйымның толыққанды мүшесі ретінде соны серпінмен, тың күшпен іске кіріседі. Ұйымға мүше болғандықтан, елімізге әлемде жоғары бағаланатын сапасы жоғары, бағасы төмен тауарлар келе бастайды. ДСҰ-ның халқымызға әкелер жақсылығы мол екенін әлем сарапшылары жарыса насихаттауда. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Үндеуінде атап өтті.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жан-жақты басшылығының арқасында Қазақстан қарышты қадаммен алға басуда. Әлем жұртшылығы Назарбаев десе, Қазақстан дегені, Қазақстан десе, Назарбаев дегені. Тағы да айтамын: біздің өміріміздің бар саласында Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған рөлі зор. Назарбаев бар жерде бейбітшілік те, бақыт та, көл-көсір жетістіктер де бар екенін дүниежүзі көріп-біліп отыр.
Жасай бер, бізді Нұрлы Жолмен алға қарай бастай бер, Елбасы!
Әлмәмбет ӘЛІШЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның мәдениет қайраткері.
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы.