Өткенде педагогика колледжінің қала сыртындағы, ерке Ертіс жағасындағы жазғы демалыс лагері № 8 жетім балалар үйіне берілгелі жатқанын естіп едік. Ақыры сол сөз рас болып шықты. Жетім көрсең жебей жүр демекші, бұл оңды шаруа болды. Соның нәтижесінде, мұндағы жеткіншектердің арқасы бір кеңіп қалды.
Бүгінде аталған балалар үйінде жүзден астам жеткіншек мемлекет қамқорлығына бөленген. Оларға мұнда барлық жағдай жасалған десе де болады. Сол себептен де балалар үйінде тәрбиеленушілер еш алаңсыз білім нәрімен сусындауда. Оның сыртында олардың өнермен, спортпен шұғылдануына да мүмкіндік мол. Осындай қамқорлық нәтижесінде балалар үйінің түлектері түрлі өнер сайыстары мен спорт жарыстарында, қалалық және облыстық олимпиадаларда жарып шығып, жеңімпаз атанып келеді десек, биылғы түлектердің баршасы жоғары білім алуға талпынып отырған көрінеді. Оның ішінде әскери оқу орындарына түсуге тілек білдіріп отырғандар да жоқ емес.
– Қала сыртындағы демалыс лагерінде сексен оқушымыз алаңсыз демалуда, – дейді балалар үйінің директоры Сержан Оқасов, – олар мұнда бақандай екі ай дем алмақ. Ал бұл аз уақыт емес. Сондықтан оқушылардың жазғы демалысын көңілді өткізулері үшін барлық жағдайды жасауға тырысып бағудамыз. Мұның сыртында 20 оқушымыз көрікті Катонқарағай өңіріне саяхат шегіп қайтты. Қысқасы, біздегі әр оқушы жазғы қамқорлықтан тыс қалмақ емес.
Балалар үйінің директоры солай дей келіп, өздеріне қашанда қолұшын беріп келе жатқан демеушілер есімін атай кетуді де ұмытпаған. Осы орайда, ол бірінші кезекте педагогика колледжінің басшылығына алғыс білдірген. Ал одан кейінгі жерде Ғ.Ибраев, Р.Шілдебаев, Т.Мансұров сынды және басқа кәсіпкерлердің есімдері құрметпен аталған. Бізді басқасы басқа, директор мырзаның өз түлектерінің алдағы тағдырына да алаңдайтыны сүйсіндірген. Несиемен оқу бітірген түлектеріміз баспанамен бірден қамтамасыз етілуі тиіс. Мен сол үшін күресудемін дейді ол.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.