Алып мұхит әлдилеген Америкадан құс қанатымен жүрекжарды хабар жетті. Сүйінші, алаш жұрты! Қазақтың шоқпар жұдырық, қайыңның безіндей құрыш білек баласы Калифорния штатында WBA-ның алтын белбеуін халқына сыйға тартты.
Қазақ жылнамасына тіркелетін жаңа дерек бұл. Олай дейтініміз, Бейбіт Шүменов ІBA-жүйесінің алтын белбеуіне тоғыз кездесуден кейін жетті. Бұған дейін WВO Asіa Pacіfіc, WBC Asіan Boxіng Councіl және PABA-ның алтын белбеулерін Шүменовтер шаңырағының төріне іліп қойған қазақтың батыр баласы он кездесуден кейін дәрежесі ең мықты саналатын WBA-ның да алтын белбеуін қарымта кездесуде қорғап қалды.
Екі жүйе бойынша әлем чемпионы Бейбіт Шүменов кәсіпқой бокста осындай тамаша табысқа қол жеткізген тұңғыш қазақ. Тарихта WBA-ның алтын белбеуіне 10 кездесуден соң қол жеткізген тұңғыш боксшы да – Шүменов. Бұлай болу себебі, Бейбіт кездесулерін атақтарына қарамай кіл мықтылармен өткізді. Оның ішінде бұрынғы әлем чемпиондары да бар.
Балқаштық барыс Василий Жировтың ІBA жүйесі бойынша алған белбеуін өзінде қалдыра алмағанын ескерсек, қазақтың сом алтындай баласының айтулы жеңістері байтақ Қазақстанның кәсіпқой бокстағы тұңғыш жүлделері. Сондықтан, бұл қуаныштың алаш баласы үшін жөні де, жосығы да бөлек.
Бейбіттің әкесі Әмірхан көкеміз айтады. Бокс десе ішкен асын жерге қоятын, қазақ ұландарының шаршы алаңдағы жеңістеріне жүрегі жарылардай қуанатын, спорттың осы түрінің бүге-шігесіне дейін талдайтын Мүсілім Дайырбеков ағамыз қоңырау шалыпты.
“Әй, Әмірхан, сенің қандай күйде болғаныңды қайдам, мен Бейбіт рингке шығатын күні кірпік айқастыра алмадым. Біздің бала баяғының батырларындай қайрат көрсетті. Кәсіпқой бокста бұрын-соңды қазақ ұлтының қолы жетпеген жеңісті сыйлады. Халқымызға құт болғай!”
Жеңістің бағасын білетін адам осылай дейді. Расында, қазақтың жампоз жігіттерінің әуесқой бокста әлем чемпионаты, Олимпиада ойындарынан саудыратып алтын, күміс медальдарды әкеліп жүргеніне көзіміз үйреніп, етіміз өліп кетті ме, Бейбіт Шүменовтің кәсіпқой бокстағы тамаша табыстарын бағалай алмай жатқан секілдіміз. Біле білсек, екеуінің жөні басқа. Әуесқой бокс жеңістің тағдырын төрт раундта шешіп берсе, он екі раундқа дейін созылатын кәсіпқой бокс ғаламат майдан, нағыз хас батырлардың сыналатын кезеңі. Мұнда әуесқой бокстағыдай төреші үш рет нокдаун ашса жарысты тоқтатпайды. Кеудеңнен жаның шығып кетпесе, қос қолыңда ұрысқа тұратындай қуат қалса майдан даласында сүркіл саласың. Қылышпен қидаласып, гүрзімен опырып ұратындай жекпе-жектің он екі раундына жігіттің сырттаны ғана өз жолымен шыға алады.
Бейбіттің WBA жүйесі бойынша қарсыласы әлем чемпионы Вячеслав Узелков көшеде жүрген бозымбайлардың бірі емес еді. Кәсіпқой бокста 22 кездесу өткізіп, бірде-бір рет жеңілістің дәмін сезінбеген Узелков сол жеңістерінің 14-інде қарсыласын нокаутта жыққан. Ал, бұған дейін 9 кездесу өткізіп, біреуінде қарсыласына есе жіберіп, 6-ында талдырып түсірген Бейбіт Шүменовті фаворит санамағандар мол болған.
Бұл – біздің жігітті білмейтіндердің есебі. Узелков буына пісіп келіпті. Ағайынды Кличколардың қол астында жаттығатын жігіт ешқандай сұрақ туындамас үшін Шүменовті ұрып жығатындығын интернет арқылы жаһанға жария етіп үлгеріпті. “Әлем чемпионатының белбеуін Шүменов аз-кем қызықтай тұрсын, сосын өз еркімен маған береді. Ол қазаққа шаршы алаңда көресіні көрсетемін”,– дегенді және қосыпты.
“K2 Promotіons Ukraіn” компаниясының бас директоры Александр Краснюк та осындай ойда екен. “Менің болжауым лауазымды қызмет тұрғысынан емес, кәнігі маман тұрғысынан-ақ болсын. Узелков жекпе-жекте Шүменовті нокаутқа жібереді. Меніңше, тоғызыншы раундқа дейін”.
WBA-ның белбеуін Габриэль Кампильодан алып, сол атағын қорғау үшін қайта майданға түскен біздің Бейбіт ондай ұсақтыққа, арзандыққа бармапты. Тегінде батыр туған, айтулы бапкер Нұрғали Сафиулиннің тәлімінде тер төккен жігіт сөзін: “Бәріне шаршы алаң – төреші”,– деп шорт тыйған.
Нұрғали бапкер Бейбіттің Олимпиада ойындарының жеңімпазы болатындай мүмкіндігі бар еді дегенді жиі айтатын.
Бейбіттің жекпе-жектерін бірінші рет көріп жүрген жоқпыз. Атақ-даңқ дегенді мойындамайтын, жүрегінің түгі бар бауырымыз гонг соғысымен қарсыласын найзағайдай жарқылдаған соққыларымен тықсыра жөнелетін. Бұл жолы да солай болды. Узелков алғашқы раундта қардай бораған соққының астында қалды. Бірінші раундтың ортасында айқастың қызығына түскен Бейбіт сол жақ қапталдағы талмау тұстан ұрған қысқа соққыны өткізіп алды. Нокдаун. Тез бойын жинап алған Бейбіт ештеңе болмағандай Узелковты бұрыштан бұрышқа қуды дейсіз. Қорғаныста жүрген, анда-санда бір ұрып, ұрыс даласынан сытылып шығуға дайын жүрген Узелковтың да өз есебі болғанға ұқсайды. Бейбіттің барлық жекпе-жектерін зерттеп, оның ашық айқасты қолай көретінін білетін Вячеслав қарсыласы шаршаған соң сүркіл салмақ болған. Алайда, ол есебі дұрыс шықпады.
Үшінші раундтың соңында украин жігіті бір құлап тұрды. Шүменовтің шабуылын тойтарған Узелков сол қолын көтеріп үлгермеді. Қазақ жігітінің гүрзімен ұрғандай жойқын соққысы басын жұлып кете жаздады. Осы ғаламат соққы украиндықтың қуатын алып кеткендей болды. Төртінші, бесінші, алтыншы раундтар. Майдан даласында қасқайып тұратын ер түркінің баласы украин жігітінің төбесінде жасын ойнатуда. Шүменовті ұрып жығам деген батырың қос қолын қалқан етіп жамылып, шаршы алаңнан шыға қашатын тесік таппай жүр. Ашық айқаста жүрген біздің жігітіміз ашық қалған сәттерде ұрып қалуға тырысқан Узелков қорғанынан шықпады. Кәрін тігіп, бетпе-бет келсе қазақ батырының таптап кетерін білгендей. Ал, қорғаныста жүрген, талмау тұстары жабық боксшыны ұру қиын. Оны жұрт әуесқой бокста екі дүркін әлем чемпионы, төрт раунд емес, сегіз раунд бойы қос қолымен талмай ұра алатын Серік Сәпиевтің жекпе-жектерінен көріп жүр. Қос қолын қалқан етіп, анда-санда ашық айқаста жүрген Серікті бір ұрып, талайлар Сәпиевтің бәйгесін алып кеткен. Ал бұл жекпе-жекте Бейбіт Вячеславтың бір соққысына бес соққымен жауап бергенін айтсақ, басымдылық қай жақта болғандығы белгілі.
Әлем чемпионатында қас қақпай, әрбір мықты соққыларды есепке алып отырған қазылар есебін шығарды. 118:108, 118:108, 117:109.
Үш төреші де бірауыздан жеңісті қазақ жігітінің пайдасына жазды.
Біз сәл қалғып жүретін халықпыз ғой. Африкада доп додасы өткенде Қазақстанға еш қатысы жоқ болса да барлық матчтарды көрсетуге демеушілер табылды. Ал, “қазақтың батыр халық екенін дәлелдеймін” деп әкесі Әмірхан өтінсе де, анасы Сәуле жалынса да шаршы алаңнан кетпей жүрген батырымыздың жекпе-жегін қазақстандықтарға тікелей көрсетуді ұйымдастыра алмадық.
Ал, украиндар қайтті? Сонау Киевтен саймандарын, керек-жарағын сүйретіп, “Интер” телеканалы келді. Мемлекеттік тапсырмамен. WBA-ның алтын белбеуін жеңіп алатын алтын баласын украин жұртына көрсетіп, сүйінші сұрау үшін.
Біреудің қаңсығын таңсық қылатын, өз қуанышымыздан кешігіп жүретін жайбасарлығымыз-ай десеңші...
Матч басталардан екі-үш күн бұрын Қазақ байрағын көтергенінше алып кеткен, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының бас хатшысы Алтынбек Нұрдәулетов ең алғаш сүйінші сұраған адам болды. Бейбіттің туған інісі, промоутері Шыңғыс Шүменов бұл кезде бүкіл Америка көз тіккен бауырын шаршы алаңда иығына көтеріп жүрген еді.
– Әбеке, ағатай-ай! Жер түбіне келіп, не болады деп уайым жеп едім. Бейбіт тас-талқанын шығарды ғой. Әбеке-ау! Сәуле жеңешем екеуіңіз батыр тәрбиелепсіздер. Сол үшін халқымыздың атынан мың алғыс! – депті Алтынбек Американың төрінен сымсыз телефон арқылы аптығып.
Осы айтулы жекпе-жектен үш күн бұрын Әмірхан жездеміздің офисіне бас сұққанбыз.
Қабырғаларға Бейбіттің кездесулерінен керемет фотолар ілініпті.
Кампильомен жекпе-жек. Иығына қан дағы жұққан Бейбіт жауар бұлттай түнеріп оң қолымен опырып ұруға төніп келеді. Көзі от, қабағы мұз. Кампильо ауыр соққыдан құтыла алмасын біліп, басын бауырына тықпақ әрекетте. Бізді толқытқаны ол емес. Бейбіттің тамырлары, тіпті жіңішкелері де білеуленіп, терісін қазір жарып шығардай күйде екен. Дәл қазір жарылардай. Дүние жүзінің ең мықты суретшісі мұндағы ұрыс қаһарын дәл осы фотодағыдай бере алмас еді.
Солғындатып алар еді.
Тастүлек ұл: “Қабырғамды біртіндеп сөксең де жолымды, жеңісімді бере алмаймын” ,– дегенді қабағымен ұқтырады. “Апыр-ай”,– дей бердік іштей. “Өзінің әуесқой бокста ала алмай кеткен еншісін ердің сойы түсетін кәсіпқой бокстан тапқан, өз халқының намысы үшін маңдайын шойын жұдырықтарға тосып жүрген бауырым-ай! Аты бокс демесең, нағыз қан майданның өтінде жүр екенсің-ау”.
Әбекең түсінді. Жеңіл күрсінді.
– Саған не жетпейді? Денсаулығыңды құртасың, қоя ғой, – десем, көнбейді.
“– Әке, қазақтан кәсіпқой бокста әлем чемпионы болған ешкім жоқ. Халқымыздың қандай ұлт екенін дүние жүзі білсін. Әлем чемпионы болмай тоқтамаймын, батаңызды беріңіз”, – дейді.
Сол Бейбіт дегеніне жетті. Өзін дәлелдеу үшін аз-мұз ағылшыншасымен Американың төріне жалғыз аттанып кеткен. Клубтарға барып, қарсыластарын талдырып жығып, үлкен мамандардың көзіне іліккен. Бауыры екеуі халықаралық промоутер орталығын құрып, есік көзіне хатшы қыз ұстап отырған. “Менен кейінгі інілерім келгенде мен құсап қиналмасыншы”, – деп атышулы Лас-Вегастан 1 гектар жер алып, спорт қалашығын салып жатқан... Асыл бауырларымыздың ерлік баяны жайлы әңгіменің басы ғана бұл.
Бірде Әмірхан Шүменов сенатор Әділ Ахметовтің үйіне барыпты. Қабырғада ілулі тұрған ұлының суреті көзіне оттай басылған. “Біздің ұл ғой”,– депті ерлі-зайыпты Ахметовтер. Батыр жігіт Бейбіт – бар қазақтың баласы. Оның қуанышы әкесі туып өскен Қазығұрттың, өзі дүниеге келген Шымкенттің, тай үйретіп, аунап-қунап қайтатын нағашы жұрты Жамбыл облысындағы Калинин – Жайылма ауылының емес, бар қазақтың қуанышы.
Америкадан қоңырау шалғанда Бейбіт: “Шет жүрсем де туған елім ойымнан бір минут шықпайды. Қазақстанға Еуропа төрін ұсынды. Елбасымыздың атақ-абыройы әлемге тарап тұр. Қазақстан, Назарбаев десе америкалықтар елеңдейді. Мен де табысымды қоссам деп едім. Ниетіме жеттім. Амандық болса, елге жақында барам”, –депті.
Ұлтының садағасы болған арда ұл осылай дейді.
Бұл күнде Америка шоу бизнесі де, белді телеарналары да қазақ ұлын қос атпен қуып, құрақ ұшып жүр. “Матчыңды бізде өткіз, келісім-шарт жасасайық, долларды миллиондап санап аласың”, – дейді үздігіп.
Бейбіт Шүменов ондай пенделіктен биік. “Мықты қарсыласпен сыйақысыз-ақ шаршы алаңға шығуға дайынмын” дегенді жиі айтатын бауырымыз қазақ ұлтының биік қасиеттерін дүние жүзіне осылайша әйгілеуде.
Ал, кәсіпқой боксты пішен ақша көретіндер бұл қасиетіне түсінбейді. Түсінбей-ақ қойсын. Өйткені, ол “арым – жанымның садағасы” дейтін тамырлы ұлттың баласы ғой. Оған миллион доллардан өз ұлтының намысы артық. Ол намысты ақшаға сатпайды.
Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.