Кеше Отанымыз бойынша 1200 адам «Нұр Отан» қатарына қабылданды
Астанадағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінде Елорда күніне орай азаматтарды «Нұр Отан» партиясының қатарына қабылдаудың дәстүрлі рәсімі өтті. Жиында партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Нұр Отанның» 12 жаңа мүшесіне партиялық билеттерді табыс етті.
Салтанатты басқосуда Бауыржан Байбек қазіргі таңда «Нұр Отанның» 860 мың мүшесі бар екенін, Астана күнінің құрметіне орай партия қатарына тағы да еліміздің барлық өңірлерінен 1 258 адам қосылғалы тұрғанын, олардың жаңа үлгідегі партиялық билеттерге ие болатынын атап өтті. Оның айтуынша, «Нұр Отанға» мүшелікке өткендердің барлығы да партияның идеялары мен қағидаттарын қолдайтын, өз еңбектерімен еліміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқан лайықты азаматтар.
– Жыл сайын біздің қатарымызға қосылғысы келетіндер санының артып келе жатқаны қуантады. Мұндай ниеттегілерді партияның негізін қалаушы әрі саяси идеалы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында алға басқан еліміздің дамуына атсалысқысы келетін азаматтар деп білемін. Мемлекет басшысы атап өткендей, «реформалар әрбір азаматтың қатысуын талап етеді». Елбасы реформалары елімізді түбегейлі өзгертеді, азаматтардың әл-ауқатын арттырады, әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға мүмкіндік береді. Негізінен, біздің партияның міндеті – еліміздің бірлігі мен ынтымағын қамтамасыз ету. Бірліксіз, татулықсыз елдің дамуына қол жеткізілмейді, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Бұдан кейін Бауыржан Байбек партия билетін алғалы тұрған 12 отандасымызға қарап:
– Біз сіздердің «Нұр Отан» партиясының қатарына өтуге қатысты қабылдаған шешімдеріңізді құрметтейміз. Барлықтарыңыз өз аймақтарыңызда, республикамызда өте танымал тұлғаларсыздар, еңбектеріңіз бен табыстарыңыз арқылы ел болашағы үшін тер төге алатындарыңызды көрсете білдіңіздер. Партия сіздерге еліміздің өркендеуіне үлес қосуға жаңа мүмкіндіктер беретініне сенеміз», – деді Б.Байбек.
Бұдан кейін партияның жаңа мүшелеріне салтанатты жағдайда билет тапсыру рәсімі өтті.
Сонымен, бұл күні Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Зинаида Федотова, «Жамбыл электр желілері» ЖШС бас директоры Әлихан Жарболов, Kazakhstan Computer Graphics ЖШС бас директоры Ернар Құрмашев, «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағы республикалық штабының жетекшісі Рахат Хамидуллин, «Қазақстан» РТРК АҚ ақпараттық-сараптамалық дирекциясының директоры Құрманбек Қазанбасов, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры Ақан Әбдуәлиев, Қостанай облысының «ТОРО» компаниясының директоры Майль Тороян, Ақтөбе облысының «Өсербай» шаруа қожалығының басшысы Лариса Ю, Батыс Қазақстан облысындағы «Зенит» зауытының инженер-құрастырушысы Дәурен Охасов, режиссер және актер Максим Акбаров, эстрадалық әншілер Қайрат Нұртас пен Жанар Дұғалова партия қатарына өтті.
Зинаида Федотова партиялық билетті қабылдап алу сәтінде: «2015 жылдың маусымында Қоғамдық саясат институты сарапшылар қауымдастығы жүргізген сауалдама нәтижесі ел азаматтарының 83,3 пайызы «Нұр Отан» партиясына сенетінін көрсетіп берді. Мен де өз партияма сенемін және қоғам өміріне белсене атсалысамын, партиямыздың Көшбасшысы ұсынып отырған барлық бастамаларды қолдаймын. Бұдан әрі қарай да осы бағытта өз үлесімді қоса беретініме сенімдімін», – деді.
Өз кезегінде Мемлекет басшысының өміріне арналған «Менің балалық шағымның аспаны», «Елбасы жолы» фильмдерінің компьютерлік графикасын және «Қазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары» бейнеантологиясын дайындауға қатысқан Ернар Құрмашев: «Нұр Отан» партиясының бизнесті, кәсіпкерлікті қолдап келе жатқанын көріп жүрмін. Негізінде, бизнесмендер еліміздің өсіп-өркендеуінің қозғаушы күші болып табылады. Сондықтан, кәсіпкерлердің, олардың арасында жас бизнесмендердің бойына патриотизм мен ел алдындағы жауапкершілік сезімін сіңіре білуіміз керек», – деген пікірін жеткізді.
Эстрада әншісі, «Елбасымен бірге – жаңа жеңістерге!» жастар форумының қатысушысы Қайрат Нұртас партияның қоғамымыздағы орны, беделі жөнінде айта келіп: «Нұр Отан» – Елбасымыздың партиясы. Партияның барлық бастамалары қазақстандықтардың жасампаздығы мен олардың ынтымағын нығайтуға бағытталған. Мұны баршамыз білеміз. Сондықтан мен өз елімнің келешегі үшін аянбай еңбек ету мақсатында нұротандықтардың қатарында болуды құп көрдім», – деді.
Сондай-ақ, партияға мүшелікке қабылдау рәсімі сәтінде эстрада әншісі, «Turkvizyon-2014» байқауының жеңімпазы Жанар Дұғалова Елбасы партиясының мүшесі болу зор құрмет қана емес, сондай-ақ, үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізе отырып: «Жас Отанның» съезінде Президенттің алдында сөз сөйлеп, сайлауда Республикалық штаб құрамында тұрғындармен кездесіп, олардың Елбасын қалай қолдайтындарын көріп, еліміздің өсіп-өркендеуі үшін үлес қоса алатынымды түсіндім. Сондықтан да мен «Нұр Отан» партиясының қатарына өтуді ұйғардым. Мен «Нұр Отанның» қоғамға, қарапайым азаматтарға, әсіресе, жастарға деген көзқарасы мен ұстанымдарын толық қолдаймын», – деді.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Нұр Отанның» 5 700 бастауыш ұйымы жұмыс істеуде. Партия мүшелерінің 32 пайызы ғылым мен білім, мәдениет саласының, 8 пайызы денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. Партия мүшелерінің 60 пайызы – әйелдер.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».