Бокс. Таяуда Атырауда Қазақстан бокс федерациясы кубогы үшін жарыстың “Батыс” дивизионындағы Атырау-Орал командалары арасында матчтық жекпе-жек өтіп, ол 15:15 есебімен тең аяқталды. Бірақ аса ауыр салмақта атыраулықтар жеңіске жеткендіктен келесі кезеңге солар жолдама алды. Ал кубок жолындағы алғашқы кездесу 17 шілдеде Ақтау қаласында осы дивизиондағы Ақтау-Ақтөбе командалары арасында өтіп, алдыңғылары 7:3 есебімен басым түскен еді. Енді 18 қыркүйекте Ақтау және Атырау құрамалары өзара 14 финалдық ойын өткізеді. Кездесудің қай қалада өтетінін 6 тамыз күні болатын жеребе анықтайды. Соған дейін “Шығыс” дивизионындағы Астана-Павлодар (31 шілде) және Өскемен-Талдықорған (7 тамыз) командалары кездеседі.
Күрес. Венгрияның астанасы Будапешт қаласында өткен грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем біріншілігінде 50 килоға дейінгі салмақта күрескен қазақстандық Айсұлтан Байзақов күміс медальдің иегері атанды. Ол шешуші белдесуде әзірбайжандық құрдасы Елданиз Әзизлиге 0:3, 0:1 есебімен есе жіберіп алды.
Әзірбайжан астанасы Баку қаласында күрестің үш түрі бойынша халықаралық Күрес федерациясы қамқорлығындағы жарыс өтті. Ресми түрде “Golden Grand Prіx FІLA” деп аталатын бұл беделді турнирде грек-рим күресінің шеберлері аренаға ең соңынан шықты. Осы текетіресте қазақстандықтар сапынан Асхат Құдайбергенов (55 кг, Ақтөбе облысы) пен Дархан Баяхметов (66 кг, Алматы облысы) қола медальдың иегерлері атанды. Бұл көрсеткіш қазақстандықтар арасында бұған дейін күресіп, бірде-бір марапат ала алмаған еркін күрес шеберлері деңгейінен жоғары болғанымен, сол күні қоржындарына екі алтын, екі күміс медаль салған әйелдер күресі өкілдерінен әлдеқайда төмен.
Футбол. Өткен сенбі-жексенбі күндері еліміз Премьер-лигасы 20 турының ойындары ойналды. Олар мынадай нәтижелер әкелді: 24 шілде. “Ертіс” (Павлодар) – “Ақтөбе” 2:1. 25 шілде. “Тараз” – “Шахтер” (Қарағанды) 1:1, “Оқжетпес” (Көкшетау) – “Тобыл” (Қостанай) 1:3, “Қайрат” (Алматы) – “Ақжайық” (Орал) 0:0, “Жетісу” (Талдықорған) – “Атырау” 1:2. Бүгін “Локомотив” (Астана) – “Ордабасы” (Шымкент) командалары арасындағы кездесумен тур ойындары аяқталады. Турнир кестесінде әзірге 20 ойыннан 40 ұпайы бар “Ертіс” бірінші тұр. Екінші орында – 19 ойыннан 38 ұпай жинаған “Тобыл” командасы. Ал мергендер көшін 10 доп соққан тобылдық Нұрбол Жұмасқалиев бастап келеді.
“Егемен-ақпарат”.