27 Шілде, 2010

Пайдалы сусынға сұраныс неліктен төмен?

800 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Атам қазақтың “ағарған жанға – шипа, дертке – дауа” деген сөзі Құландының қымыранынан құ­марлана ішкенде еріксіз ойға ора­лады. Айтса айтқандай, ағарған­ның адам денсаулығына тигізер сеп­тігі орасан зор. Осыған бай­ла­нысты заманында толқыған теңіз қойнауында қоныс тепкен Құлан­ды ЖШС төрт түлік малды түле­тіп өсіріп, Сыр аймағын ғана емес, көршілес Ақтөбе, Орал об­лыстарын да ет-сүтпен, Құланды­ның қымыранымен қамтамасыз етуге барынша ұмтылыс жасауда. Өткен жылы “Құланды” ЖШС-інің демеушілігімен Сек­сеуіл кентінде “Қалует” атты ша­ғын шұбат өндіру зауыты іске қосылған болатын. Мұнда 30 млн. теңгеге сонау Израильден  жаңа технологиялық қондырғылар әкелініп, қондырылды. Бүгінде 1,0-1,5 литрлік құтыларға құйыл­ған шұбат өнімдері шығарылып, тұтынушылардың сұранысына сай жөнелтілуде. Бір ерекшілігі, құты­дағы бұл шұбаттардың сақталу мерзімі 6 ай екен. Осы аралықта шұ­бат өнімі сапасын жоғалт­пай­тын көрінеді. Айта кету керек, шұбат зауы­тына қажетті түйе сүті өнімдері жеке тұлғалардан жинақталады. – Алдағы уақытта, – дейді “Қалует” селолық  тұтыну коопе­ра­циясының директоры Нұрбек Тілеуов, – өзіміз де түйе  малын көп­теп ұстауды межелеп отырмыз. Әрине, ол үшін түйеші, сауыншы қажет. Бір өкініштісі, бүгінде жастарымыз мал бағу мен сауудан қашқақтайды. Атамыз қазақтың кәнігі кәсіптерінен бойымызды аулақ салып бара жатқанымызға түсінбеймін. Шұбат зауыты бір ауысымда 500 литрге дейін өнім өндіреді екен. Ал, егер сұраныс болып жатса мұнан да көп шұбат өндіруге толық мүмкіндік бар көрінеді. Егер ашығын айтар болсақ, Құ­лан­ды  қымыранының дәмі өзге өңірлерде өндірілген шұбаттан тіпті бөлек. Бұл дегеніңіз – нау­қас­тарға шипа болар таптырмайтын сусын. Бірақ. Иә, бірақ... Тағы да сөз кезегін шұбат зауытының директоры Н.Тілеуовке берелік. – Шынымды айтсам, шұбат өнімдерін таратуда қолбайлау бо­лып тұр. Біздің өнімдерге көр­ші­лес Ақтөбе, Орал облыстары тұр­ғын­дарынан сұраныс көп, ал өзі­міздің Сыр аймағынан аз, тіпті жоқ деуге де болады. Бұған не айтуға болады? – деген Нұрбек бізге сұраулы жүзбен қараған. Шынында, дертке – дауа, жанға – шипа қымыранды неге ауру­ханаларға, әсіресе, өкпе ауру­ларына қарсы күрес диспан­сер­леріне жеткізіп, науқастардың денсаулықтарын қорғауға септігін тигізбеске. Сондай-ақ, мектепке дейінгі мекемелер мен интер­нат­тар­ға, демалыс орындарына жет­кізсек, адамдардың денсаулық­та­рын нығайтуға да қамқор қол­да­рымызды созған болар едік. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, шалғайдағы малшы ауылдың көкейкесті мәселелері жергілікті билік басындағылардан тұщымды жауап алар деген бай­ламға күдікпен емес, үмітпен қараймыз. Еркін ӘБІЛ. Арал ауданы, Құланды ауылы.