Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешені алаңында жыл сайынғы дәстүр бойынша Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты. Рәсім аясында Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы елдің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен тапсырды. Қазақстан Президентінің қолынан 12 түлек – Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері әскери институтын, Ішкі істер министрлігі Ұлттық гвардиясының әскери институтын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери институтын үздік бітірушілер погон алды.
Ең алдымен, Мемлекет күзет қызметі үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Мемлекеттік ту әкелініп, ел Әнұраны шырқалды. Бұдан кейін шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан Президенті Мемлекеттік ту көтеріліп, Әнұран орындалған сайын әрбір қазақстандықтың айрықша сезімге бөленетінін айтты. «Бұл – бәріміздің ортақ табысымызға, тәуелсіз елдің батыл қадамына деген мақтаныш. Бүгінде бүкіл әлем үшін бұл байрақ – табысты мемлекеттің және біздің ұлттық бірлігіміздің символы. Қазақстанның туында алтын күн бейнеленген, сол күн мен мәңгілік аспан астында ұлан-байтақ даламыз көсіліп жатыр. Таяуда осы байрақ дүниежүзілік «ЭКСПО-2017» көрмесінің ажарын ашатын болады. Ту көтеру арқылы алдағы Олимпия ойындары мен өзге де спорт жарыстарында еліміздің әлі талай жеңістері әспеттелетініне сенімдімін. Байрақ мемлекеттілігімізді сақтау, оны нығайту керектігін күн сайын есімізге салып тұрады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жоғары әскери оқу орындарының түлектері офицерлік атақ алған соң мәртебелі және жауапты жаңа жолға түсетінін айтты. «Офицер – бұл, ең алдымен, борыш, содан кейін – мамандық. Офицерлік борышты мінсіз атқару ерлікті, биік моральдық қасиеттерді, тәртіп пен табандылықты қажет етеді. Жас жауынгерлерді, өздеріңнен жасы кіші бауырларыңды тәрбиелеу, оларға қамқорлық көрсету – сіздердің үнемі қаперде ұстайтын міндеттеріңіз. Бұл үшін бойларыңыздан биік адамгершілік қасиеттер табылуы тиіс. Қазақ жерінің тарихы батыр ұлдардың ерлігіне толы. Таяуда ғана біз ардагерлерге Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты құрмет көрсеттік», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын өтетін Мемлекеттік ту көтеру дәстүрлі рәсімі Астана күніне арналған мерекелік шаралардың бастауы екеніне назар аударды. «Астана – еліміздің барша азаматтарының ортақ және шабытты еңбегінің жемісі. Олар Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем мақтан тұтатын туған елордасын салу үшін республиканың түкпір-түкпірінен келді. Сондықтан Астана күні – әр отбасының, әрбір қазақстандықтың жүрегіне жақын мереке. Бұл қалада уақыттың қан тамыры екі есе жиі соғады, елорда көркі жыл сайын өзгеріп келеді. Бүгінде қала алдында елімізді жаңа биіктерге бастайтын бұдан да зор мақсаттар тұр. Осы тамаша мерекені атап өте отырып, біз халқымыздың еңбекқорлығы мен табандылығын, күш-қуатын дәріптейміз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы, сонымен қатар, еліміздің барлық жоғары әскери оқу орындарының түлектерін құттықтады. «Бұл – жас офицерлер үшін айрықша қуанышты күн. Сіздер көп жұмыс істеп, еңбектендіңіздер, осы мақсатқа жету үшін күресіп, жеңіске жеттіңіздер. Өз өмірлеріңізді әскери іске арнауға шешім қабылдадыңыздар. Отаныңа қызмет ету оңай міндет емес және оған әркімнің шамасы жете бермейді. Алған білімді еліңе қызмет ету, қоғамға және отбасыңа пайда әкелу, халықтың бірлігін сақтау үшін пайдалану қажет», – деді Қазақстан Президенті.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтап, әрбір шаңыраққа бақ-береке тіледі.
Бұл күнгі салтанатты шара барысында патриоттық композициялар мен әскери марш орындалды
.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ