05 Шілде, 2015

«Қазақстан барысы» жүлдегерлерін анықтады

786 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
04-07-02 Кеше Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен дәстүр­лі «Қазақстан барысы» респуб­ликалық турнирінің финалдық бәсекесі мәреге жетті. Онда еліміздің барлық аймақтарында, Астана және Алматы қалаларында үш кезең бойынша өткен іріктеу сынақтарында озып шыққан атлеттер күш сынасты. Сөйтіп, әрбір өңірдің намысын қорғаған екі спортшы мен былтырғы жылғы жеңімпазды қосқанда, барлығы 33 балуан бес сағатқа созылған ақтық бәсекеде жүлделерді са­рапқа салды. Биыл бесінші рет жалауын желбіретіп отырған жарыстың көрер­мендері арасында Елба­сы­ның өзі де болды. Мемлекет басшы­сы сайыс соңында сөз сөйлеп, турнирге қатысушыларды құттық­тады. Ол өз сөзінде халқы­мызбен бірге жасасып келе жат­қан қазақ күресінің кешегісі, бүгін­гісі және ертеңгісі жайлы айта келіп, оның жастарымызды отан­сүйгіштік, жауынгерлік рухта тәр­биелеуге қосатын үлесі мол еке­ніне тоқталып өтті. – Қазақ күресі біздің республикамыз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері дамудың жаңа даңғыл жолына түсті. Ата-бабаларымыздың көзіндей болып бүгінгі күнге дейін жеткен бұл күрес – біздің ұлттық дәстүріміз. Ал оны қайта қолға алып, жаңаша өркендете бастауымыз біздің ата-баба дәстүріне беріктігімізді танытады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Ауылдағы балалар ежелден күреспен шұғылданып, ұдайы өз шеберліктерін жетілдіріп отырған. Әкелер өз балаларына оның айла-тәсілдерін үйреткен. Ұлттық күресті осылай айрықша қастерлеген халқымыз оның сайыстарында озып шыққан балуандарға тайтұяқ алтын сыйлаған. Бізде халқымыздың даңқын арттыра білген атақты күрес шеберлері де жеткілікті болды. Олардың қатарынан біз Қажымұқан, Балуан Шолақ секілді көптеген тұлғаларды көрер едік. – Қазіргі кезде қазақ күресінің даңқын арттырып, атағын айдай әлемге тарату жолында көптеген шаралар жасалып жатыр, –  деді Нұрсұлтан Әбішұлы бұдан әрі. – Ол Қазақстанның барлық ай­мақтарында кеңінен дамып келеді. Біздің күресіміз бүгінде еліміздің аумағынан шығып, әлемнің бірқатар елдерінде алуан түрлі жарыстар сипатында да көріне бастады. Мен бұл жарысты толық қолдаймын. Болашақта оның Олимпиада, Азия ойындары сияқты жаһандағы ең беделді жарыстар бағдарламаларынан орын алатынына сенемін. Ал «Қазақстан барысы» турнирі финалдық додасының Астана күнінің қарсаңында өткізілуі мерекенің бағын асырып, шырайын келтіре түседі. Астана тойы – бәріміздің ортақ тойымыз. Бұл – халық үшін үлкен мереке. Біздің жастарымыз саламатты өмір салтын ұстануға тырысып, денсаулығын жетілдіруге тиіс. Соның арқасында  мемлекетіміз бен қоғамымыздың негізі мықты болады. Мемлекет басшысы осыдан кейін «Қазақстан барысының» биылғы жеңімпазы белбеуіне қол жеткізіп, оның тарихында екі дүркін чемпион болған бірінші атлет атанған жамбылдық Бейбіт Ыстыбаевқа «Тайтұяқ» жүлдесін тапсырды. Ұйымдастырушылар тур­нирдің бас жүлдегеріне сонымен қатар, 150 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақ­шалай сыйлықтың сертификатын табыс етті. Ал оның жаттықтырушысы Елдос Далабай 20 мың доллардың сыйын алды. Жарыстың екінші жүл­дегері атанып, күміс кемер таққан қы­зыл­ордалық Руслан Әбдіразақов 30 мың доллардың сияпатына қол жеткізсе, бапкері Болатбек Кенеевке 10 мың доллар мөлшерінде қаржы құжаты берілді. Сол сияқты қола жүлдеге қол созған астаналық Ғани Сейділдаев – 10 мың, оның ұстазы Ерлан Естек 5 мың доллардың тартуларын еншіледі. Бұлардан бөлек, ұйымдастырушылар арнайы белгілеген «Жеңіске деген жігері үшін» жүлдесі – жеңіл автокөліктің кілті қызылордалық 20 жасар күрес шебері Нұрым Сәлімгереевтің қанжығасына байланды. Бұл жүлделердің бәрі турнирдің бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорынан бөлінді. Жарысқа сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы, Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы серіктес ұйымдастырушы болды. Ал «Kaspi Bank» акционерлік қоғамы мен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компа­ния­сы» акционерлік қоғамы ресми де­меуші, «Қазтелеком» акционерлік қоға­мы демеуші ретінде қызмет етті. Мұның сыртында көптеген бұқаралық ақпарат құралдары ақпараттық қолдау көрсетті. Біз жоғарыда биылғы жылы «Қа­зақстан барысы» турнирінің бесінші мәрте өтіп мәреге жеткенін атап кеттік. Ол өзінің бастауын 2011 жылдан алады. Сол жылы күзде Астана қаласындағы «Дәулет» спорт кешенінде керуен керген бірінші бәсірелі бәсекеге еліміздің барлық облыстарынан, Алматы және Астана қалаларынан 4 балуаннан, барлығы 64 атлет жиналып, ұлттық күресіміздің алғашқы салтанатты көшін бастап берді. Осы қанатқақты турнирде Қызылорда облысының өкілі Ұлан Рысқұл барлық қарсыласын жеңіп, оның бірінші жеңімпазы атанды. Ал 2012 жылы жер-жердегі күрес шеберлері бұл аламанға жету үшін үш сатылы сынақтан өтіп келуге тиісті болды. Сөйтіп, бірінші рет күрестің бәсекесі ауыл-аймақтардан бастау алды. Одан озып шыққандар аудан орталығында боз кілемнің үстінде бақ сынасты. Бұдан әрі үшінші кезеңдегі белдесуге кезек келіп, ол облыс орталығында сайыс қыздырды. Міне, осы соңғы сатыда оза шапқан екі спортшы республикалық финалға жолдама алды. Тап осы екінші турнирден бастап мұның алдындағы жылғы жеңімпазды келесі финалға електік сынақтарсыз жіберу дәстүрі қалыптасты. Ақтық бәсеке елордадағы 10 мың орындық «Сарыарқа» велотрегінде қанат жазды. Қапталында ине шаншарлық орын болмаған спорт аренасындағы жан алып, жан беріскен бұл тартыста жамбылдық Бейбіт Ыстыбаевтың бағы жанды. 04-07-04 «Қазақстан барысы» турнирі жылдан-жылға ауқымын ұлғайтып, әлем жұртына кең таныла бастады. Бұған 2013 жылғы финалдық турнирдің ТМД аймағына тарайтын «Боец» және Грузияның кабелді GMG арналары арқылы тікелей эфирден көрсетілгенін айтсақ та жеткілікті. Осының негізінде қазақ күресінің бас­ты жарысын бір мезгілде Ресейде 1,5 млн., ТМД мемлекеттерінде 1,5 млн. көрермен тамашалай алды. Бұдан бөлек, «Қазақстан» ұлттық арнасы мен КТК телеарнасы бойынша тағы 6 млн. адам финалдық бәсекені жіті қадағалап отырды. Ал «Сарыарқа» велотрегіне 10 мыңға жуық жанкүйер жиналды. Бұл жылы жеңімпаз тұғырына Шығыс Қазақстан облысының үкілі үміті Айбек Нұғымаров аяқ басты. Айта кететін жайт, келесі, 2014 жылғы жеңімпаз да осы Алтай таулары аясындағы аймақтан шықты. Мұны бұған дейін қола жүлдегер болып үлгерген Мұхит Тұрсынов мүмкін етті. Міне, соңғы кездері ұлтымыздың мақтанышына айнала бастаған «Қа­зақстан барысы» турнирінің өмірге келгеніне биыл бес жыл толып отыр. Осы аз ғана уақыттың аясында бұл жарыс қазақ күресінің жаңа белеске көтерілуіне айтарлықтай салмақты үлес қоса білді. Осының негізінде «Еуразия барысы» деп аталатын келесі турнир де өзінің іргесін қалады. Бұған қоса, қазақ күресінен әлем және құрлық чемпионаттары өте бастады. Олар және әлемнің әртүрлі елдерінде ұйымдастырылып келеді. Елімізде қазақ күресімен түпкілікті айналысушылар саны да жыл озған сайын арта түсуде. Айталық, 2010 жылы бізде оның шеберлері саны 30 мыңға жуық болса, қазіргі таңда 102 мың атлетті құрайды. Күрестің бұл түрінің бұлайша ерекше қарқынмен дамуына Елбасы Н.Назарбаевтың 2020 жылға дейін ел халқының 30 пайызы бұқаралық спорт түрлерімен шұғылдануына қол жеткізу туралы тапсырмасы да ерекше серпін берді. «Қазақстан барысы» жобасы «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру жолындағы барша міндеттерге де қалтқысыз қызмет етеді. Ол өз кезегінде болашаққа дені сау ұрпақтың баруы талабын орындаудың бір тетігі бола алады. Мұндай ойларды турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев және Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев біршама айтып өтті. Осыдан кейін жарыстың да тиегі ағытылып жүре берді. Ол боз кілем шеберлерінің жеребе тартуларынан бас­талды. Мұның нәтижесінде бірінші болып павлодарлық Арман Махамбетов пен ақтөбелік Бақтыбай Қисықов беттесті. Белдесудің басында бұған дейін аталмыш турнирге екі рет қатысып үлгерген, сондай-ақ, әлемнің және құрлықтың екі дүркіннен чемпионы болып қайтқан ақтөбелік балуанның десі басым болып келе жатты. Ақыр соңында соның жеңімпаз болып шығатынына да ешкім көп күмәндана қоймаған. Кенет павлодарлық саңлақ шалт қимыл көрсетті де, тәжірибелі қарсыласын алып ұрып, жауырынымен жер сипатты. Таза жеңіс! Осылайша, турнирге тұңғыш рет қатысып отырған жас атлет мықтылық танытып кетті. Жалпы, бұл жолы финалға бұрын бұл жарысқа қатыспаған 17 жас балуан келген екен. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Мұның өзі республикада қазақ күресінің қауырт дамып келе жатқанын көрсетсе керек. Айта кету керек, жеребеге сәйкес, Арманға осы бірінші айналымда бұдан кейін тағы бір рет кілемге шығуға тура келді. Ертіс бойынан келген ер жігіт онда да еңсесін бастырмай кетті. Ол екінші айқасында Батыс Қазақстан облысының тарланы Ерлан Мұсағалиевтен басым түсті. Жалпы, бірінші айналымда, яғни жарыстың 1/16 финалында 17 белдесу болды. Осы бірінші кезеңнің өзінде-ақ Ақмола, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының өкілдері түгелдей ат жалынан сыпырылып түсіп қалды. Мұның есесіне, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда және Қостанай облыстарының балуандары келесі кезеңге мұрттары бұзылмаған қалыптарында өтті. Ал турнирге үш бірдей өкілі атсалысқан Шығыс Қазақстан облысының осы саптан табылуына «соқыр» жеребенің бірден-бір кері әсері болды. Соның арқасында кезеңнің ең соңғы белдесуінде осы өңірдің екі спортшысы, аталмыш турнирдің ұдайы қатысушылары, екі бірдей бұрынғы жеңімпаз Мұхит Тұрсынов пен Айбек Нұғымаров бір-біріне қарсылас болып шыға келді. Бір-бірлерінің сырларын өте жақсы білетін сыралғы бәсекелестер арасындағы айқас аса тартысты өтті. Тек оның соңында ғана сәл әбжілдік көрсете білген Мұхит жеңістің жалауын тартып әкеткен. Есесіне, ол бұдан кейінгі 1/8 финалда Бейбіт Ыстыбаевқа тап келіп, тағы да кескілескен шайқас үстінде жеңіс тізгінін беріп қоюға мәжбүр болған. Бір айта кететін жайт, балуандар әрбір жеңісі сайын қарсыласының қасқыр терілерімен қоса, ұйымдастырушылар тарапынан бөлінген 100 мың теңге сыйақыны алып тұрды. Мұндай сыйды көбірек алғандар қатарында қызыл­ордалық Нұрым Сәлімгереев те болды. Ол 1/4 финалда турнирдің болашақ жеңім­пазына негізгі уақыттан кейінгі қоян-қолтық белдесу кезінде ғана есе жіберіп алды. Турнирдегі ең жасы үлкен спортшы болып табылатын Ғани Сейділдаев та сондай сынақтардың біразынан абыроймен өтіп, үшінші орын үшін Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Жұманазар Ерсұлтановпен белдесуде соңғы сәтінде ат оздырып кетті. Бір сөзбен айтқанда, турнир өте тартысты өтті. Ондағы барлық жекпе-жектерді талдап шығу біздің міндетіміз болған жоқ. Әйткенмен, жарыс желкілдеп жетіліп келе жатқан жас буынның өте көп екенін анық аңғартты. Бұл біздің ұлттық күресіміздің де келешегі кемел бола түсетінін білдірсе керек. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.