«Президент» жинағын зиялы қауым осылай бағалады
Астана күні мерекесіне тартылған айтулы сыйлықтардың қатарына «Президент» атты 783 беттік көлемді жинақты да қосуға болады. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сан қырлы қызметі туралы 2010-2015 жылдар аралығында «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген алуан түрлі мақалалар, талдамалық толғаныстар, репортаждар, публицистикалық пайымдар, естеліктер мен арнау өлеңдердің жинағы. Оны «Егемен Қазақстан» газеті» республикалық газеті» акционерлік қоғамы газет тігінділерінің сарғайған парақтарында қалдырмай теріп алып, осындай жинақ етіп шығарып отыр. Кітап «Егемен Қазақстан» газетінің бұған дейінгі жылдары шығарған «Елбасы», «Тәуелсіздік», «Салтанат», «Астана» және «Дінтұтқа» жинақтарымен бір серияны құрайды. Мазмұн жағынан ол Президент туралы 1990-2010 жылдар аралығындағы газет жарияланымдарын қамтыған «Елбасы» кітабының заңды жалғасы іспеттес.
Алдыңғы күні қазақ баспасөзінің қара шаңырағында осы жинақтың тұсаукесер рәсімі болды. Оған бір топ мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, ақын-жазушылар, жинаққа енген мақалалардың авторлары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Тұсаукесерді акционерлік қоғам президенті Сауытбек Абдрахманов ашып, жүргізіп отырды. Алдымен ол 2-3 күннен кейін Астана күні мерекесі атап өтілетінін айтып, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады. Елбасының ел үшін жасаған ерен еңбектері көп. Солардың ішіндегі ерекше айтатынымыз ерке Есілдің бойына ел қондырып, қазақтың туын Арқа төсіне әкеліп тіккендігі. Соңғы жылдарда кейбір мемлекеттерде болып жатқан түрлі-түрлі оқиғаларды ойға алған кезде астананы Алатаудың бауырынан Арқаның төсіне ауыстыру батыл, терең, орынды шешім ғана емес, шын мәнінде ұлы шешім екендігіне көзіміз жете түсті.
Астана күні мерекесінің қарсаңында біз ел үшін, мемлекет үшін, халық үшін, ұлт үшін бөлекше еңбек еткен Елбасымыз – Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы тағы да бір қомақты кітапты оқырман қауымға ұсынып отырмыз, деді ол. Одан әрі С.Абдрахманов «Президент» жинағы мұның алдында шыққан «Елбасы» кітабының тікелей жалғасы екенін атап өтті. Осының арқасында біз белгілі дәрежеде Елбасытануға қомақты үлес болып қосылатын кітапты жарыққа шығарып отырмыз. Елбасытану – елтанудың бөлінбейтін бөлшегі. Біз Елбасын тереңірек таныған сайын, оны жақынырақ білген сайын елімізді аша түсіп, оның кешегісі мен бүгінгісін танып, ертеңгісін болжайтын боламыз, деген. С.Абдрахманов Елбасы туралы тым көп жазылады деген кейбір шаншу сөздердің шығып қалатынын да айтты.
Астана күні мерекесінің қарсаңында біз ел үшін, мемлекет үшін, халық үшін, ұлт үшін бөлекше еңбек еткен Елбасымыз – Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы тағы да бір қомақты кітапты оқырман қауымға ұсынып отырмыз, деді ол. Одан әрі С.Абдрахманов «Президент» жинағы мұның алдында шыққан «Елбасы» кітабының тікелей жалғасы екенін атап өтті. Осының арқасында біз белгілі дәрежеде елбасытануға қомақты үлес болып қосылатын кітапты жарыққа шығарып отырмыз. Елбасытану – елтанудың бөлінбейтін бөлшегі. Біз Елбасын тереңірек таныған сайын, оны жақынырақ білген сайын елімізді аша түсіп, оның кешегісі мен бүгінгісін танып, ертеңгісін болжайтын боламыз, деген С.Абдрахманов Елбасы туралы тым көп жазылады деген кейбір шаншу сөздердің шығып қалатынын да айтты. Кейбір елдердің басшылары, мысалы, АҚШ президенті Ф.Рузвельт туралы 1300 монография жазылып, 800 диссертация қорғалған екен. Ал кейбіреулердің бізде шыққан айналасы 40-50 кітапты көпсініп, күңкілдеп жүретіні тіптен орынсыз, деді ол. Шын мәнінде Елбасы туралы көбірек білген сайын халық өз елінің қадір-қасиетін тереңірек біледі. Мына жарық көріп отырған кітабымыз да осы мақсатқа қызмет етер деген үміттеміз, дей келіп, тұсаукесер рәсіміне қатысып отырған тұлғаларға, БАҚ өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Одан әрі Сауытбек Абдрахманов кітаптың жарық көруіне демеушілік жасаған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына және оның төрағасы Өмірзақ Естайұлы Шөкеевке алғысын айта келіп, жиынға қатысып отырған осы ұйымның атқарушы директоры Дархан Қалетаевқа сөз берді.
– Мен өздеріңізбен қазақ журналистикасының қара шаңырағында кездесіп отырғаныма қуаныштымын, – деп бастады Дархан Аманұлы өзінің сөзін жиналғандарға арнап. – Ал жинақ туралы айтқанда оны Елбасының өміріне қатысты ғана дүние емес, барша еліміздің тәуелсіздік тарихының шежіресі деп ойлаймын. Осындай кітапқа демеуші болғанымызды өзімізге бақыт санаймыз. Меніңше, елбасытану ұғымы қоғамымызда тереңдей беруі керек, ал біз өз тарапымыздан ондай дүниелерге қаржылық қолдау білдіруге дайынбыз, деді ол.
Осы жерде жиынды жүргізіп отырған С.Абдрахманов Д.Қалетаевтың өзінің де елбасытануға лайықты үлес қосып жүрген азамат екенін айтып өтіп, оның бұл тақырыпқа арналған «Ұлт лидері» атты кітабы шыққанын еске салды.
Кезек өзіне тигенде ақсақал ақын Нұрғожа Ораз сөзін бүгінгі кітаптың тұсаукесері Астана күні мерекесінің тойбастар жиыны болып отырғанынан бастады. Алтынды қанша жасырсаң да жарқырауын жоя алмайсың дегендей, Елбасымыздың өзі де ерекше көсілетін жасқа келіп отырған шағында мынадай «Президент» атты жинақтың жарыққа келуі және оның «Егеменнің» қара шаңырағында туғаны – үлкен символикалық мәнге ие, туысқандар. Бұған біздің халқымыздың риза болатынына мен кәмілмін, деді қаламгер. Одан әрі Президенттің өрелі істерін еске алды. Елбасымыз көпэтносты, көпконфессиялы халықты бір үйдің баласындай етіп, басын біріктіріп, алға әкетіп бара жатыр. Әрине, пенде жақсылыққа тоймайды, сондықтан Президентіміз бізді әлі де талай биіктерге бастайды деп сенеміз. Мына жинақтағы мақалаларда Президенттің ел үшін еткен ерен еңбегі айшықты ашылған. Бұл кітаптан оның көшбасшылық тұлғасын тереңірек тануға болады. Халқымыз Елбасын өте жақсы көреді, қай жерге барсаң да халық оның сөздерін ауызға алып жатқанын естисің. Оны күні кеше өткен сайлау келісті көрсетіп берді. Мына жинақтан да соған көз жеткізуге болады, дей келіп, ақын өз өмірі туралы да біршама деректер берді. Мен осы қаланың 63 жылдан бергі тұрғынымын. Тың игеру деген науқанның тұсында қаншама қиындық, озбырлық, кемсітулерді бастан кештік. Ал қазір иығымыз өзгелерден асып тұр, ол ең алдымен Елбасының арқасы деп біз батыл айта аламыз. Адам кейде пендешілікпен басына қонған бақытты сезбейді, тек ол ұшып кеткенде ғана біліп, қап, сол кездерде шын бақытты екенмін ғой деп ойлайды. Қазір бақыт біздің басымызда тұр, тек соны бағалай білейік, деді қарт қаламгер.
Кітап туралы пікір айту кезегі өзіне келгенде экс-сенатор, белгілі ғалым Әділ Ахметов осында мақалалары топтастырылған азаматтардың бәрін де білемін, бәрі де ой-өресі биік, қаламдары жүйрік, елге қызмет жасап жүрген зерделі, ұлтжанды азаматтар, деді. Олардың бәрі де тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің қадамдарын, Елбасының атқарған игілікті ісін өздерінің мақалаларына сарабдалдықпен сыйғызыпты. Бәрі де еліміздің экономикалық, саяси бағыт-бағдарын тереңнен айырып, озық пікірлер айтқан. Мен мұны бұрынғы «Елбасы» жинағының жалғасы дегенге бек келісемін, бұл алдағы уақыттарда жалғаса беруі керек. Әрине, халық арасында Елбасы туралы көп жазылып кетті деген сияқты күңкіл-сүңкілдер болмай қоймайды. Оған көңіл аударудың қажеті жоқ, дей келіп, осы жерде Сингапур Республикасының тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Ю туралы бір мысал айтты. Егер осы көшбасшы Америкаға барса, лауазымды тұлғалардан бастап, барлық танымал саясаткерлер, бизнесмендер онымен кездесуге кезекке тұрады екен. Демек, оны жоғары бағалаған. Ал сол Ли Куан Юдың өзі болса: маған Американың жоғары технологиясы, ғылымы мен білімі керек, ал бірақ олардың адами құндылықтарының бізге көк тиынға керегі жоқ дегенді ашық айтып отырған. Өйткені, Батыстың құндылықтары мен Шығыстың құндылықтары ешқашан кіріге алмайды, бір қанаттың астында өмір сүре алмайды. Олар мені кейде диктатор деп те атайды, айтса айта берсін. Маған олардың берген бағасының керегі жоқ, маған керегі қолыма билік берген өз халқымның бағасы деген екен. Сол сияқты біз де әркімнің бұра тартқан пікірлерін емес, халыққа қажетті дүниелерді ескеруіміз керек. Мына кітаптағы мақалалардың барлығы тек қана Президент болмыс-бітімінің қырлары емес, бұл – біздің егемендігіміздің эпопеясы. Ол бәріміз үшін, әсіресе, жастар үшін маңызды, деді ғалым сөзінің соңында.
Келесі болып сөз кезегін алған белгілі қоғам қайраткері, жазушы, Парламент Сенатының депутаты, газеттің белсенді авторларының бірі Жабал Ерғалиев те «Президент» жинағының халық үшін маңызы зор екенін тілге тиек етті.
– Мен бұл жинақты мұқият қарап шықтым. Ондағы авторлардың бәрі де білікті адамдар ғой, солардың әрбірінен адам өзіне бір ұлағатты ой түйе алады. Мысалы, маған марқұм Әзілхан Нұршайықов ағамыздың «Біз тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты жүрегімізде сақтауымыз керек» деген сөзі қатты әсер етті. Сол, жүректе сақтаудың бір амалы осындай жинақтар екенін атап айтуымыз керек, – деді Ж.Ерғалиев.
Одан әрі сенатор өзінің бұрынғы бір сөзінде «Егемен Қазақстан» газеті бүкіл Қазақстандағы қазақ баспасөзінің абыройын сақтап қалды деп айтқан сөзін еске алды. Бұрын, аймақта жүргенде қазақ баспасөзінің бәрінің тиражы бір «Караван» газетінен аса алмайды дегенді кейбіреулер бетімізге салық қылғандай жиі айтып, сағымызды сындыратын. Сол кезде «Егемен Қазақстан» газеті тиражы жағынан барлық газеттердің алдына шығып, бәріміздің рухымызды көтеріп тастаған еді. Оның үстіне «Егемен Қазақстан» газеті Тәуелсіздігіміздің барлық тарихын теріп, шежіресін қаттап-шоттауда тарихи институттардың атқаратын істерін жалғыз өзі атқарып отыр. Соның бір дәлелі бүгінгі «Президент» жинағы дей келіп, оның алдағы уақытта оқырманға шегер сапарына сәттілік тіледі.
Одан кейін сөз Мәжіліс депутаты, жазушы Алдан Смайылға берілді. «Президент» жинағы – біздің тарихи шежіреміз, деген шешен Елбасының бастаған істеріне, қолға алған реформаларына пікір жазған авторлардың бәрі де сол кездің шындығын тарих үшін белгілеп кеткен, деді.
Одан әрі Алдан Смайыл Ақмоланың ежелгі тұрғындарының бірі ретінде өзі Елбасының осынау шағын қаланы бүгінгі күні аты айдай әлемге белгілі болған Астана деңгейіне көтеру жолындағы істерінің бәріне куә екендігін атап өтті. Сол оқиғаның өзі біздің еліміздің тағдырын айқындап берген іс болды. Кезінде біз осында «Қазақ тілі» қоғамын құрып, қаланың «Целиноград» деген атын өзгертіп, тарихи «Ақмола» атын қайтарайық дегенге 12 мыңдай қол жинап, оны Жоғарғы Кеңеске тапсырған едік. Оған қарсы шыққан жергілікті шовинистер де аз болған жоқ. Алайда, Президент оған қарамай, «Ақмола» атын қайтару туралы өзінің Жарлығына қол қойды. Сол кезде осы өлкедегі қазақтың рухы қатты көтеріліп қалды. Ал қарсыластардың үндері шықпады, оған себеп болған Президенттің жеке басының беделі екені анық еді. Артынан Ақмола астанамызға айналды. Меніңше, сол кезден бастап Президенттің де саясаты тәуелсіз елдің белін бекемдеуге толығымен бұрылды деп ойлаймын. Астананың осында көшіп келуі – бүкіл халықты дүр сілкіндіріп, тәуелсіздіктің баянды болатындығына, тіккен туымыздың жығылмайтындығына бір-жолата сендірді. Халық, тіпті, сол кездегі қиындықтарды да ұмытып, Президенттің оның уақытша екендігі туралы айтқан сөзіне ұйыды. Меніңше, біз Астананың Арқаға көшуінің маңызын әлі күнге халыққа толық жеткізіп болған жоқпыз. Мен өзім осы бағытта 4-5 мақала жаздым, бірақ бұл шешімнің ар жағындағы терең себептері әлі ашылған жоқ деп ойлаймын. Президенттің өзінің: Сарыарқа саяси саудаға түсіп жатқан кезде біз Жетісуда жайбарақат жата алмадық, біз Алатаудың баурайына сыймай кеткен жоқпыз, қайта жер жәннаты Жетісуды қимай-қимай кеттік, тарихтың қатал талабы солай болды, деген сөзінің маңызы өте терең. Қаламгер қауым соның тереңіне бойлай түсуі керек, деді Алдан Смайыл. Сонымен бірге, ол еліміздің дүниеден өткен абыз ақсақалдары мен ақын-жазушыларының Президент туралы ағынан жарылған тілектерін жинастырып, халыққа ортақ бір кітап етіп ұсынса да артық болмас еді деген пікір айтты. Солардың ішінде өзі ақын-жазушылар Әбу Сәрсенбаевтың, Әзілхан Нұршайықовтың, Фариза Оңғарсынованың, Тұманбай Молдағалиевтің және басқалардың пікірлерін жоғары бағалайтынын жеткізді. Осы тұлғалардың бәрінің де Президентке деген ықыласы орасан, дей келіп, сөзінің соңында осындай жинақ құрастырған «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығына ризашылығын білдірді.
Оның сөзін жиынды жүргізіп отырған Сауытбек Абдрахманов та қолдап, әсіресе, Әбу Сәрсенбаевтың Президентке «данышпан ұлым» деп берген бағасына байланысты өз пікірін айтып өтті. Баға деген салыстырмалы категория ғой, ол кімнің беруіне байланысты маңызы белгіленеді. Біреудің «керемет» деген бағасынан екінші біреудің «жаман емес» дегені әлдеқайда артық болуы да мүмкін. Ал Әбу Сәрсенбаев ағамыз аузы дуалы, сөзі уәлі, жан дүниесі тап-таза, ерекше қасиетті абыз ағамыз еді. Қадыр ақынның ол туралы айтқан: «Әбеке, орның бөлек қой, Бөлек қой орның әманда. Құдайдай адам керек қой Құдайсыз мына заманда», деген сөздері де осы ойымызды тірілте түседі. Сол ағамыздың Президентке «данышпан ұлым» деп берген бағасының маңызы зор, деді С.Абдрахманов.
Осыдан кейін сөз кезегі Жазушылар одағының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалинге берілді. Ел газеті «Егемен» елдің мақсатын, елдің мұратын, міндетін алдыңғы сапта айтып және оны елге өтімді етіп жеткізіп келе жатыр. Бұл – «Егеменнің» айшықты, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы, баспасөздегі ежелден алып келе жатқан жолы. Баяғыдан солай болатын, қазір де сол стиль тиянақталып, толық салмақтана түскенін байқаймыз. Мына соңғы шығып жатқан кітаптар соның айқын айғағы. Газеттің бетіне шыққан дүниелер тігінділерде сарғайып қалады. Қазір архив ақтарып, сарылып зерттеу жүргізетін адамдар азайып кетті. Ал кітапқа тиянақталып, жүйеленіп енгізілген дүниелердің серия болып шығып жатқаны «Егемен Қазақстан» газеті басшысының үлкен еңбегі деп санауымыз керек. Сөйтіп, жинақталған дүниелерден жастар да, әсіресе, зиялы қауым өкілдері де қай кезде қандай сөздер айтылып еді, қай тақырып қалай бағытталып еді деген сауалдарына жауап табады. Заман ілгері жылжыған сайын сұрақ та көбейеді, олардың жауаптары да қиындай түседі. Бүгінгі әлемдегі түрлі сын-қатерге байланысты тиянақты ой, басалқы сөздермен айтылған жауаптардың бәрі «Егеменде» шығып отырады. Қазақ тілді басылымдардың ішіндегі талдау, танымдық сипаты бар үлкен мақалалардың көбі «Егеменде» жарық көріп келеді. Сондай мақалалардың дені Елбасының саясатымен ұштасып, газет бетінде жиі жарияланып тұрды. Міне, осылардың бәрін халыққа жеткізуде мына «Президент» жинағының маңызы зор екендігі даусыз, деді сенатор.
Одан әрі Н.Оразалин өзінің «Егеменге» 4 жылдай басшылық еткен сәттерін еске алып өтті. Ол экономикалық тұрғыдан қиын-қыстау кездер еді. Қағаздың тапшылығынан газетіміз аптасына екі-ақ реттен шығып қалып жатты, елдің тұрмыс-тіршілігі де төмен, айлық та аз болған жұтаң заман еді. Бірақ сол кезде де қызметкерлеріміз қажымай-талмай еңбек етіп еді. Өкінішке орай, олардың кейбірі қазір арамызда жоқ, дей келіп, сол азаматтардың біразын еске алып өтті.
Н.Оразалин келесі кезекте өмірдегі тұлғаның рөліне қатысты өз пікірлерін ортаға салып өтті. Заманның тұлғаға байланыстылығы бұрын да күшті еді, қазір тіпті арта түсті. Тұлға мықты болса, кішкентай елдің де бағы жанады, ал тұлғасы тұрпатсыз болса ұлы елдердің өзі де ұлардай шулап қалатынын көзіміз көріп отыр, дей келіп, соның мысалына 50 миллионнан артық халқы бар Украинаның қазіргі мүшкіл жағдайын келтірді. Осы орайда осындай қиын-қыстау кезеңде қазақтың пешенесіне Нұрсұлтан Назарбаевтай басшының жазылғанына мың мәрте шүкіршілік айтуымыз керек, деді Нұрлан Оразалин. Сонымен қатар, Елбасының Украинаға қатысты бітімгершілік істері туралы да өзінің пікірін білдіріп, оның жалпы Қазақстан үшін үлкен жетістік болғанын атап өтті.
«Президент» жинағына мақаласы енген сенатор Әли Бектаев та тұсаукесер рәсімінде өзінің пікірін білдірді. Елбасы туралы соңғы кездері шығып жатқан кітаптар мен мақалалардың бәрі адамды ерекше тебірентетінін байқадым, деп бастады ол өзінің сөзін. Меніңше, оларда бұрын-соңды жазылмаған, саясаттың талабымен тасада қалып қойған дүниелер шынайылықпен жазылып жатыр. Сондықтан да жүректен шыққан сөздер адамның жүрегіне жетіп, тебірентеді. Мына кітапқа 100-ге тарта мақала енгізілген екен. Соның әрқайсысын оқырман ретінде шолып шыққанда ерекше сезімге бөлендім.
Одан әрі шешен өзінің аймақтан жуырда ғана келген адам ретінде елдегі жағдай туралы шағын ақпарат берді. Мен өзім қызмет істеген Оңтүстік Қазақстан облысында 900 елді мекен бар. Соның бәрінде де тәуелсіздік жылдары жаңа құрылыстар салынып, жаңа ғимараттар бой көтерді. Мектеп, аурухана тұрғызылып, газ келтіріліп, таза ауыз су жеткізіліп, қайнап жатқан елді мекендерді көресіз. Осының бәрі – ешқандай баға жетпес Елбасымыздың еңбегі. Оны халық жақсы біледі, сондықтан да ақсақалдарымыз бен абыздарымыз ризашылығын білдіріп, ақ тілекті батасын беріп жатады. Елбасының еңбегін, қадірін халыққа көрсете түсетін еңбектер шыққан сайын қуануымыз керек, деді ол.
Сенатор Мұрат Бақтиярұлы өзінің сөзін ел газеті «Егеменнің» Парламенттегі салмағын жеткізуден бастады. Сенат депутаттарының бәрі, Төрағамыздан бастап, соның ішінде, тіпті, орыстілдестеріміз де бар, өздерінің жұмыс күнін «Егеменді» шолып шығудан бастайды, деді ол. Сондықтан Елбасы туралы бұрын «Егеменге» шыққандықтан астын сызып оқыған мақалалардың енді жеке кітап болып шыққаны бізді қуантып отыр. Бұлардың бәрі де ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймақтарының жазған дүниелері. Кітаптың көтеріп тұрған жүгінің, терең мазмұнының өлшемі жоқ. Осы кітап барлық кітапханаларда, соның ішінде шалғай елді мекендердің кітапханаларына жетсе нұр үстіне нұр болар еді, деді сенатор.
Тұсаукесер рәсімінде соңғы сөз белгілі меценат, қоғам қайраткері, заңгер Бекет Тұрғараевқа берілді. Отырысты жүргізіп отырған С.Абдрахманов оған сөз берерде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткендегі іс-әрекеттері мен Астана Саммитін өткізуге байланысты мақалалар топтастырылған «Салтанат» жинағы осы сериямен шыққанда демеушілік жасаған азамат екенін ескертіп өтті. Бекет ағамыз өзінің сөзінде осында айтылған әңгімелердің бәрінің төркіні Елбасының көреген, дүниеде бұрын белгісіз болып келген елімізді әлемге танытқан, мойындатқан тұлға адам екендігін жеткізуге сайды, деді. Басшымыздың өмір өткелдерін, ұлағатты іс-әрекетін халыққа жеткізе беруден беліміз ешқашан талмауы керек. Мына кітап та сол қызметті лайықты атқарып тұр. Енді оны мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында ұжымдық оқуларды ұйымдастырса нұр үстіне нұр болар еді, дей келіп, өзінің халықтың қайнаған ортасында жүргенде кейде Президенттің өрелі істерін біле қоймайтын, ұға алмайтын адамдарды да кездестіріп қалатынын айтып өтті. Сонымен қатар, ол аз данамен шыққандықтан, осындай кітаптардың кейбір мектептерге бір данадан да жетпейтінін тілге тиек етті. Алайда, халыққа жеткізу үшін, қазақша айтқанда, илеуін келтіру үшін тым болмаса осындай кітаптар туралы оқу орындарында бір жиындар өткізіліп тұрғаны дұрыс болар еді, деді.
«Президент» атты жинақта қамтылған әр жылдың материалдары жеке тарауға біріктірілген. Оның басы Президенттің балалық және жастық шағы туралы сөз етілетін мақала-сұхбаттан басталады. Бұдан әрі болашақ Мемлекет басшысының ұшқан ұясынан алған тәрбиесі мен өсу жолдары, үлкен өмірге қарай басқан алғашқы қадамдары, осының желісінде Днепродзержинскідегі оқыған жылдары, Елбасының туған жерге деген көзқарасы мен ол жөніндегі тебіренісі сөз етіледі. Келесі мақалаларда Елбасының қазақ тілінің мәртебесін көтерудегі рөлі, Есілдің бойына ел қондырған үлкен еңбегі, Қазақстанның даму жолын таңдаудағы кемеңгерлігі, сыртқы әлеммен қарым-қатынастағы сындарлы саясаты, осының негізінде жаһан жұрты санасатын тегеурінді тұлғаға айналуы жайлы толымды толғамдар айтылып, салиқалы сырлар шертіледі. Кітапта көптеген авторлардың Президенттің ел басқару ісіндегі кредосына, бағыты мен бағдарына ғылыми, философиялық және әлеуметтік тұрғыдан баға беруге құрылған талдамалы материалдарын да оқуға болады. Сондай-ақ, мұнда Нұрсұлтан Әбішұлының туған бауырларымен, бірге өскен достарымен жүргізілген сұхбаттар да қамтылған. Осында сөз болатын жайттарды Елбасы туралы түсірілген фильмдер бойынша жазылған шолу-рецензия тиянақтап береді.
Кітаптың жарыққа шығуына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры демеушілік жасағанын жоғарыда айттық. Ал құрастырушы белгілі журналист Серік Пірназар, оған көмектесіп газет тігінділерінен мақалаларды сұрыптаған Раушан Тәуірханқызы екенін айта кетуді парыз санадық. Сөйтіп, ел назарына Елбасы жайлы тағы бір ерекше еңбек жол тартты. Оны зиялы қауым өкілдерінің «Елбасытану эпопеясы» деп бағалауы әбден орынды. Осы еңбекті «Егемен Қазақстан» газеті Елбасының туған күніне тарту етіп ұсынады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.