Құртай бидің мерейтойына жалғасып, тартымдылығымен есте қалды
Қызылжар өңірінде 13 аудан болса, солардың 12-сі қазақша атауға ие. Биыл Сәбит Мұқановтың туғанына 110 жыл толуына орай облыстық мәслихат жазушының есімін Тимирязев ауданына беру жөнінде шешім қабылдады.
Көпшіліктің ұсыныс-тілектерін тиісті орындар аяқсыз қалдырмайды деген ойдамыз. Сәбеңнің туған жері – атақты Дос көлі мен Жаманшұбар осы аудан аумағында орналасқан. Ақжан ауылының маңайында Меңдеке батырдың, Дос көлінің жағасында Сегіз Серінің зираттары бар. Жаманшұбар қыстауында Сәбеңнің әке-шешесі жерленген. Былтыр ержүрек Сары мен Сүйір батырлар мәңгі дамылдап жатқан обаға ескерткіш белгі орнатылды. Ел, жер тарихын қастерлеу, бүгінгі ұрпаққа жеткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың ауданда одан әрі жандана түскені байқалады. Өңір жаугершілік заманда ерліктерімен көзге түскен ержүрек батырлармен ғана емес, от ауызды, орақ тілді шешендерімен де танымал. Құртай би – солардың бірегейі. “Ауыл күнін” атап өту дәстүрге айналса, көзі тірісінде әділ би атанған тұлғаның 200 жылдық мерейтойы осы мерекемен тұспа-тұс келді. Алыс-жақыннан жиналған мәртебелі меймандар ауылдықтардың қуанышына ортақтаcты. Ракитное селосының іргесіндегі қорымға аялдап, аруақтарға дұға бағыштады. Біраз уақыт бұрын Степное ауылдық округіне кемеңгер тұлғаның есімі берілуі осында тұрып жатқан сан алуан ұлт өкілдері тарапынан қолдау тапса, бұл жолғы “ауыл күні” мейрамында да достық лебіздегі ақжарма тілектер көңілдерге нұр болып құйылды. Округ орталығы – Степное ауылындағы мектептің кең ауласына ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, әуелеген ән, күмбірлеген күй ерекше естіліп жатты.
Өзіндік жарасымға толы ауыл тойында облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов сөз алып, аймақ басшысы Серік Біләловтің құттықтауын жеткізді. Ол облыстық мәслихаттың сессиясында депутаттардың “Ұрпақ қоры” бағдарламасын қолдап, жергілікті бюджеттен қаржы бөлгенін, бұдан былай 4 баласы бар отбасыларға үлкен жеңілдіктер жасалатынын айта келіп, Елбасының Жарлығымен марапатталған бір топ алтын құрсақты аналарға “Алтын алқа”, “Күміс алқа” белгілерін табыс етті. Облыс әкімінің арнайы сыйлықтарына 8 ұл-қыз, 23 немере тәрбиелеп өсірген Вера Ромашина, Қайыржамал Баймақанова, Астана күні дүниеге келген Нұрсұлтан, бәйгелерден жүлдесіз оралмайтын велошабандоз Михаил Овсянников, ҰБТ-де көп балл жинаған Әйгерім Мағамбетова ие болды. Ауылдың ең қарт тұрғындарының бірі Петр Кутявин сахнаға шақырылып, иығына шапан жабылды.
Жиында, одан кейін өткен ғылыми-практикалық конференцияда Парламент Мәжілісінің депутаттары Тоқтар Қадамбаев, Жарасбай Сүлейменов, Еуразия университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Ербол Абайдінов, философия ғылымдарының кандидаты Рәбиға Баймағамбетова, жергілікті өлкетанушы Қайролла Мұқанов, тағы басқалар сөйлеп, елді мекендерді өркендетудің жолдарын ұсынып жатты. Ақылман қарияның адамгершілік тұлғасын, кісілік келбетін аша түсті. Ол жайлы алғашқы деректерді жұртшылыққа жеткізушілердің бірі, белгілі ақын Зейнолла Әкімжановпен тілдескенімізде, ол былай деді: – 1984 жылы ел “Батау” деп атап кеткен Сандыбаев Мұхамеджан деген шежіре қарияны арнайы іздеп барып, Құртай би өміріне қатысты бірталай мәліметтер алған едім. Сегіз Серінің зиратын тауып, көрсеткен де осы ақсақал болатын. Оның әкесі Кәрібай қажыны ел ішінде “қызылдардың баскесері” атанған Дмитрий Ковалев атып өлтірген. Кейін оны қажының туыстары Мәскеуге дейін қуып барып, аталарының кегін қайтарған көрінеді. Көкірегі алтын көмбе мұндай қариялар қазір жоқтың қасы, – дейді Зекең налыған үнмен. Қайролла Мұқанов ағамыз да биге қатысты біраз дүниелерді тірнектеп жинағанға ұқсайды. 70 жасында дүниеден өткен Құртай Қартаңбайұлы бүтін бір руға есімі берілген Керей Көшебе батырдың тоғызыншы ұрпағы саналады. Жастайынан білім қуып, араб, орыс тілдерін меңгерген. Шешендігімен, мәмілегерлігімен, болашақты болжай білуімен танылған. Жарлы-жақыбайларға, жетім-жесірлерге көмектесіп, қамқоршы болған. Өле-өлгенше адалдығынан, әділдігінен, жомарттығынан, берген сертінен айнымаған. Бұл айтылғандарды Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатынан табылған материалдар айғақтайды. Оның ұлы Мұқыш та Қызылжар өңіріне танымал азаматтардың бірі болған. Ол жөнінде Сәбең “Өмір мектебі” кітабында жазған. 1918 жылы Әлти байдың ауылында өткен алашордашылардың үлкен жиынында Мыржақып Дулатовқа жауап сөз айтуды жамағат Мұқышқа сеніп тапсырған. Соған қарағанда, бес болыс қазақтардың ішінде шешендік өнерімен,бәтуәлі сөзімен кеңінен танылса керек. Қазақ тарихын, халықтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын терең білген. “Алашорда” партиясына мүше болып, кейін ауыр зардабын әбден тартқан. Оның отбасы, туған-туыстары тәркілеуге ұшырап, басы ауған жағына қаңғып кеткен. Бұл жөнінде Түменнің Ишим ауданынан арнайы келген Тайпақов Темірболат айтып берді. Темекеңнің әңгімесін тебіренбей тыңдамау мүмкін емес.
– 30-шы жылдары Құртай атамыздың немересі Қасым Астрахан жаққа жер аударылып, әйелі Мағрипа 14 баламен Жарқын ауылы жанындағы лагерьге қамалады. Солардан аман қалғаны – Ахметжан мен Күлман ғана. Қалғандары аштықтан, түрлі аурудан көз жұмған. Ахметжаннан – белгілі саясаткер, Президенттің Парламенттегі өкілінің орынбасары Сабыр, Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Ақылтай секілді ел азаматтары. Күлманнан – мен. Содан әжеміз лагерьден қашып шығып, Ресейдің Түмен облысын сағалайды. Кейін Қасым ағамыз отбасымен табысып, үйелмелі-сүйелмелі үш баланың әкесі атанады.Осы әулеттен тірісі – Түкірік қана. Мен Мағрипа әжеміздің бауырында өскендіктен, жүректі сыздатар әңгімелерін талай естігенмін. Оларға топырақ туған жерден бұйырмады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ата-бабамыздың рухымен табысып жатырмыз. Оған да шүкіршілік! – дейді ол ерекше толқыныспен. Құртай бидің ұрпақтары бір кісідей жұмылып бабаларының зиратына мәрмәр тастан белгі қойып, қызыл кірпіштен кесене орнатыпты. Ракитное селосы әу баста Құртай деп аталған. Байырғы атауын Әбішев деген туысы қайтаруға талаптанғанымен, ол әрекетінен ештеңе шықпаған. Әділдіктің салтанат құруын ниет еткен оның өзін қудалап, біраз әуре-сарсаңға салса керек. Енді, міне, баба есімі ардақталып, қайта қауышты.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерлерін тарту етсе, спорттың бірнеше түрін қамтыған сайыс та тартысты өтті. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Құртай бидің ұрпақтары арнайы сыйлықтар тағайындап, ұсынды. Әсіресе, аудандық мәслихаттың хатшысы, тіл жанашыры Ғазез Шаяхметов үлкен белсенділік танытты.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы, Тимирязев ауданы.