05 Шілде, 2015

Жан жадыратқан жеті сағаттық жүздесу

282 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
image description Қазіргі Әйтеке би, бұрынғы Комсомол ауданында жиырма жылдай басшылық қызмет атқардым. 1992 жылы Президент Ақтөбе облысына сапармен келіп, сол кездегі Комсомол ауданында болды. Соның алдында ғана мені осы ауданға әкім етіп жіберген. Облыс басшылығынан «Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Ақтөбеге жұмыс сапарымен келуі мүмкін. Сіздің ауданды көрсетуді дұрыс көріп отырмыз», деген хабар түсті. Шынын айтайын, қатты толқыдым. Қашық аудан, ауа райы да ыстық. Әуелі ойланып-толғанып, маңызды тапсырманы санамнан саралап өткіздім. 20 тамызда күні бойы Пре­зидент сапарынан толық хабардар болып отырдым. Кешке қарай Президент туралы жазылған материалдарды қараған боламын, бірақ ол кезде жарытып ештеңе жазыла қоймаған кез. Ақтөбе ауданының картоп өсірумен шұғылданатын «Қа­зақстанның 40 жылдығы» кең­шарында болған кездесуде же­кешелендіру туралы пікіріне елең ете қалғанбыз. Сол күні Президент Хромтау ауданында, Шилісай өндірістік бірлестігінде болғанын телерадио хабарларынан естідік. 21 тамызда «Ярославский» кеңшары, № 6 бригаданың дала­лық қосында сағат 11-ге таяу екі тікұшақ қонатыны хабарланды. Айнала толған адам. Олардың арасында Ресей Федерациясы Орынбор облысының шекаралас аудандарынан келген қонақтар да бар еді. Бәрі де Қазақстан Президентін көргісі, мүмкін болса, қолын алып амандасқысы, алғысын жеткізгісі келеді. Хат­тамалық тәртіп бойынша авто­көліктер тікұшақ қонатын жерден екі-үш шақырым қашық тұрақтауы керек. Қарсы алушылар көліктерін қаңтарып қойып, үш шақырымды елемей жаяу келді. Президент тікұшағы қонды. Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге сол кездегі Премьер-Министр Сергей Терещенко, оның бірінші орынбасары Олег Сосковец, облыс басшылары, басқа да ресми адамдар түсті. Комсомолдықтар ғана емес, көрші Орынбор облысынан келген қонақтар да аса бір зор ықыласпен, ризашылық сезіммен қарсы алды. Халықтың өз Президентіне деген ынта-ықыласы ерекше екені байқалды. №6 трактор-егіс бригадасы. Ақшаңқан киіз үйлер бой түзеген. Екеуін жапсарлас етіп құрдық та, үшіншісін сәл алшақтау бөлек орналастырдық. Кеңшар директоры В. Добровольский мен бригадир А.Гетманчук те ерекше толқу үстінде. Менің көңіл күйім күтіп алғанға дейінгіден басқаша, енді әр сәтті бақылауда ұстауым керектігін, ауданның бірінші басшысы ретінде барлық шаруаға ­жауапты екенімді сезіндім. Сол жы­лы егіс ерекше бітік еді. Жай­қа­лып тұрған алқапқа бар­­лығы да қызыға әрі қанағат сезіммен қарады. Дала қосындағы тігілген ағаш үйлерде түскі тамақ ұсындық. Комиссия Президентке шай құюды дәрігер Дәметкен Зей­­­нол­лақызына тапсырды. Ол да ерек­ше абыржуын жасыра алмай, толқумен жүрді. Тағы бір айта кететін жайт, Президенттің қос ба­сындағы диқандар ішетін ыдыстан су ішкені болды. Бұл Мемлекет басшысы тарапынан күтпеген қадам әрі хаттама бо­йынша олай жасауға болмайды. Дегенмен, Президент халықтың ықыласын көріп, оларға ілтипат көрсетті. Президент егістікті аралаған кезде астық шығымына, күтіміне риза болды. Нұрсұлтан Назарбаев және жоғары мәртебелі басшылар Комсомол ауданының орталығына бет алды. Жолдың екі жағына жіті көз салып қояды. Өте аңғарымпаз, тез ойлап, жылдам түйін жасайды екен. Ел тілегі егіс үстінде екенін байқап келе жатқан Нұрағаң «мына алқаптар биыл өте жақсы астық береді» деп көңілдене түсті. Аудан орталығына келе жат­қанда жағалай күтіп тұрған адамдарды көріп, оларға күлімдей, қол бұлғады. Аудан халқы алаңға түгел жиналды десем болады. Қиындық туғызғаны да сол. Әр адам Тұңғыш Президентін көргісі, жақын барғысы, қолын ұстап амандасқысы келеді. Бұған әлемдік тәжірибе бойынша да рұқсат етілмейді. Қалың халықты қатар орналастырып, олармен сөйлесіп, кішіні де, үлкенді де ренжітпей көңілін тапқан аудан азаматтары – сол кездегі аудандық соттың төрағасы Іскендір Мұратқанов пен аудандық милиция бөлімінің бастығы Ғалым Дәулеталин біліктілік көрсетті. Аудан орталығының бас ала­ңы. Кеңестер үйі мен Мәдениет үйінің ортасы. Президент ізет білдіре амандасып, халыққа бет алды. Аман-саулық сұрасқан соң жиналғандарға кезек берді. Сол жылдарғы халықтың жағдайын бүгінгі күнмен салыстыруға мүлде болмайды. Елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тым күрделі болатын. Соған қарамай, халқы ешқандай артық әңгіме айтқан жоқ. Қайта Президентке сара саясаты үшін алғыс сезімдерін білдіріп жатты. Ал аудан халқы атынан Президентке алғашқы сапары болғандықтан, арғымақ ат мінгізіліп, шапан жабылды. Халықтың көтеріңкі көңіл күйі, өзіне деген ықыласымен қа­наттанған Президент қоштасуға емеурін білдіргенде, шайдай ашық аспаннан күтпеген жерден жаңбыр құйды. «Нұр, нұр жауды, еліміз нұрлы болады, Нұрсұлтан Әбішұлының жолы болады», деп шуласты жұртшылық. Мұны мен де жақсы ырымға жорып, көңіл күйінің ерекше екенін сезіп, ырым жасағым келетінін Президентке тікелей жеткіздім. – Нұрсұлтан Әбішұлы, ғафу етіңіз, аудан халқы Сізге сәт сапар тілейді, осы топтың арасында менің кішкентай ұлым Ақылбек кешеден бері Сізді көремін деп жүгіріп жүр. Сол баланы шақыруға, Сізді жақын көруіне рұқсат етесіз бе? – деп сұрадым. Президент «Қане», – деп келісті. Жүгіріп келген Ақыл­бекке ақ батасын беріп, кекілінен сипады. Нұр үстіне нұр деген осы шығар деп шаттана түс­тік. Бесін мезгілінде Президент және оның қасындағылар ұш­ып кетті. Президенттің аудан ­ахуа­лымен танысқан, адамдармен пікір­лескен жеті сағатқа жуық жүздесуін қазір де қанағат сезіммен еске аламын. ...Арада жиырма екі жыл өткенде, үстіміздегі жылдың 23 маусымында Елбасының Ақтөбеге келу сапарында мен тағы да оған ақ тілегімді айту мүмкіндігіне ие болдым. Сол кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбеге алғашқы сапары ойға оралып еді. Есімхан ЕСЕНБАЕВ, «Ғасыр Нұры» қайырымдылық қорының директоры. Ақтөбе облысы. Сурет сол кездегі ҚазТАГ-тің фототілшісі Мұрат МӘМБЕТОВТІҢ архивінен алынды.