ПЕТРОПАВЛ. 22 мамыр. Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні салтанатты жағдайда мерекеленді. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде өңірде 3 театр, 237 клуб, 312 кітапхана, 12 мұражай құрамында 2 мыңға жуық мәдениет және өнер қызметкерлері жұмыс істеп, рухани салаға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ерік Хамзаұлы оларды кәсіптік мерекемен құттықтап, шығармашылық шабыт, еңбекте табыс тіледі.
Бір топ өнер иелері түрлі марапаттауларға ие болды. Атап айтқанда, жеті адамға мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, 23 адамға Құрмет грамотасы, 10 адамға аймақ басшысының алғыс хаттары мен мадақ қағаздары табыс етілді.
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін жұртшылық жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалады. Осы мерекеге арнайы келген халықаралық конкурстардың лауреаттары Олег Ромашин мен Владимир Родионовтың тамылжыта слған әндері құлақ құрышын қандырды.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.