Достастыққа мүше елдер басшыларының бір күнде өткен екі маңызды отырысы табысты аяқталды
Ынтымақтастық арта береді
Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен отырысына қатысты. Қазақстан басшысы өз сөзінде шағын құрамда өткен Кеңес отырысында ТМД ахуалы мен даму келешегінің мәселелері егжей-тегжейлі талқыланғанын айтты.
Бүгінде әлемде ауқымды өзгерістер болып жатқаны ешкімге құпия емес. Әңгіме ең алдымен экономика және қауіпсіздік жөнінде болып отыр. Болып жатқан жайттар біздің ұйымның да жаңа жағдайларға бейімделуін талап етеді. ТМД да өсіп, жаңа жағдайларға ыңғайлануы, жаңа қауіп-қатерлерге қарсы барынша тиімді әрекет ете алуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті талқылаудан өткен тақырыптың бірі халықаралық қауіпсіздік саласындағы ахуал болғанына назар аударды.
Террорлық топтардың қимылы жанданғанын, олардың әрекеті орныққан әлемдік қалыпты бұзып жатқанын айту керек. Бұл жерде халықаралық терроризм көптеген елдер мен өңірлердегі жағдайға бүлдіргіштік тұрғыдан ықпал ететінін атап өткен жөн. Зорлық-зомбылықтың ушығуы бейбіт тұрғындардың, әсіресе, әйелдер мен балалардың арасындағы құрбандар санын ұлғайтты. Нәтижесінде, бұл жағдай Солтүстік Африка және Таяу Шығыстан Еуропаға ағылған қарапайым халықтың Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ауқымды мәжбүрлі миграциясын тудырды. Бұл мәселені шешу үшін орасан экономикалық ресурстар қажет болады. Оған қоса, тұрақсыздық ошақтарын қалыптастыруды діттеген терроршылар босқын атымен жасырынып жүруі мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев ТМД мемлекеттері басшылары террорлық қауіпті жоюдың уақтылы әрі тиімді шараларын қабылдауға ортақ ниет танытып отырғанын айтты.
Менің БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен айтқанымдай, Ұйымның келісімімен террорлық ұйымдармен күрестің дүниежүзілік желісін құру қажет. Бізге осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, ТМД Терроризмге қарсы күрес орталығының әлеуетін барынша пайдалану керек. Сондықтан ТМД мемлекеттері басшыларының Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдығына және халықаралық терроризмге қарсы күреске қатысты мәлімдеме қабылдауын дер кезінде жасалған әрі қажетті шара деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМД-ға төрағалығы экономикалық тұрғыдан күрделі кезеңге тап келгенін, бірақ барлық қажетті талаптар орындалғанын айтты.
Достастық аясында жоспарланған шараның бәрі өтті. Бұдан бөлек, таяуда Астанада ТМД елдерінің шығармашыл және ғылыми зиялы қауымының Х мерейтойлық форумы өтеді. Ал Душанбеде ТМД-ға мүше елдер Үкімет басшылары кеңесінің отырысы болады. Осы шаралармен Қазақстанның Достастықтағы төрағалығы аяқталады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Шара барысында А.Лукашенко Қазақстан Президентіне Беларусьтің мемлекеттік наградасы – «Халықтар достығы» орденін тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бай жұмыс тәжірибесін пайдалана отырып ТМД-ның қалыптасуы мен дамуы үшін өте көп жұмыс атқарды, еуразиялық ықпалдастық идеясы да оған тиесілі. Осының бәрі халықтар арасындағы достықты нығайтып қана қоймай, елдеріміздегі адамдар тұрмысын жақсарта түседі, – деді Беларусь Президенті.
«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына Қазақстанның төрағалығы аяқталады. Шын мәнінде, біздерге экономикалық тұрғыда өте қиын кезең тура келді. Бірақ, біз өз миссиямызды лайықты дәрежеде орындауға тырыстық. Достастық аясында жоспарланған барлық шара өткізілді», – деді Елбасы.
Елбасы атап өткендей, таяу күндері елордада ТМД мемлекеттерінің шығармашылық және ғылыми зиялыларының 10-шы мерейтойлық форумы, сонымен қатар, Душанбеде ТМД-ға мүше мемлекеттер Үкімет басшылары кеңесінің отырысы өткізілмек. «Бұл шаралармен біз өз төрағалығымызды түйіндейміз. Осы сәтті пайдаланып, Достастықтағы барлық серіктестерімізге түсіністіктері үшін, ТМД-дағы біздің төрағалығымызға қолдау білдіргені үшін алғысымды айтқым келеді», – деді Н.Назарбаев.
Кеңесте Беларусь Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Владимир Ващенко осыдан 30 жыл бұрын орын алған Чернобыль апаты жөнінде айтып өтті. Сондай-ақ, жиын кезінде ТМД терроризмге қарсы күрес орталығының басшысы, полиция генерал-полковнигі Андрей Новиковтың өз қызметін одан әрі жалғастыра беретіні белгілі болды. Нақтылай айтқанда, ТМД-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің бекітуімен А.Новиковтың өкілеттілігі 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Оның аталған орталыққа 2006 жылдан бері басшылық жасап келе жатқанын айтып өтуіміз керек.
ТМД-ға мүше Мемлекеттері басшылары кеңесінің отырыс қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:
– ТМД Мемлекеттері басшыларының Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдығына байланысты мәлімдемесі;
– ТМД Мемлекеттері басшыларының халықаралық терроризмге қарсы күрес туралы мәлімдемесі;
– ТМД Мемлекеттері басшыларының Чернобыль АЭС-індегі апаттың 30 жылдығына байланысты үндеуі;
– ТМД-ға мүше мемлекеттердің төтенше жағдайларды ескерту және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімі;
– ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2020 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық тұжырымдамасы;
– ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2016-2020 жылдарға арналған сыртқы шекаралардағы қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы.
Жұмыс тиімділігі – нәтижесінен
Осы күннің екінші жартысында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысы басталды. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев және Армения Президенті Серж Саргсян қатысты.
Жиында сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына келген әріптестеріне өзінің құттықтау сөзін арнады. Сонымен бірге, Қазақстан Президенті. «Бұл алқалы жиын біздің ықпалдастық бірлестігіміздің одан әрі дамуына өз үлесін қосатынына сенімдімін. Бүгінгі отырыста Еуразиялық экономикалық одақтың толыққанды мүшесі ретінде Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қатысып отыр. Сізді отырысқа қатысуыңызбен құттықтаймын», – деді. Келіссөздердің жемісті болғанын, сондай-ақ, қол қойылған құжаттардың маңыздылығын атап өтті.
Жиынды жүргізіп отырған Александр Лукашенко Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бұл жиынын ұйымдастыруда Қазақстан тарапының тыңғылықты дайындалғанын, бұл орайда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды еңбек еткенін айрықша атап көрсетті.
Кеңес барысында Беларусь Президенті Александр Лукашенко жиын қорытындысы бойынша 15 құжатқа қол қойылғанын, оның барлығы да кеңінен талқыланып, сүзгіден өткенін жеткізді.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгін өте қарбаласқа толы күн болды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері басшыларының және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің көптеген мәселелерді жан-жақты талқыға салған маңызды құжаттарға, бағдарламаларға қол қойылған айтулы жиыны өтті. Ең бастысы, көптеген мәселелер өз шешімін тапты. Біз Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің осы отырысында барлығы 15 мәселе қарастырдық. Оның ішінде биылғы жылы мүшелікке өткен Қырғыз Республикасы да бар. Қырғызстан халқы Алмазбек Атамбаевты бұл тұрғыдан қолдады. Олардың ортақ нарыққа мүше болудан ұтатын тұстары көп. Сондықтан, бұл шешімдеріне өкінбейтін болады деп ойлаймын.
Басқосу нәтижесінде төмендегідей шешім қабылданды. Келесі жылдың 1 ақпанынан бастап, Еуразиялық экономикалық одақтың комиссиясына Армения Республикасы төраға болады. Комиссияны Арменияның бұрынғы премьер-министрі Тигран Саргсян басқарады. Ол бір кездері Ресей Федерациясының Президентімен бірге жұмыс істеген. Өте тәжірибелі маман. Сондықтан, 2016 жылдың 1 ақпанынан бастап, оған комиссияны басқаруды сеніп тапсырып отырмыз, – деді Беларусь Президенті.
Сонымен қатар, А.Лукашенко Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы алдағы желтоқсан айында Мәскеуде өтетінін мәлім етті.
Түйіп айтқанда, тараптар ЕАЭО жұмысының қорытындысын шығарып, дамудың жаңа перспективаларын белгіледі. Одақ қызметінің мәселелері талқыланды, соның ішінде Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы құрамының саны бекітіліп, оның жұмыс кестесіне өзгеріс енгізілді.
Сонымен бірге, ЕЭК-тің келесі жылғы басшысының кандидатурасы келісілді. Жаңа мүшелер қабылдау және ЕАЭО-дағы мүшелікті доғару тәртібі қабылданды.
Отырысқа қатысушылар ЕАЭО мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жұмысын үйлестіру жөніндегі іс-қимылдарға арнайы тоқталды.
Мемлекеттер басшылары Одақтың үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл тәртібін талқылады. Мәселен, Израильмен еркін сауда аймағы туралы келісім жасауға қатысты келіссөздерді бастау туралы шешім қабылданды.
Еліміздің ДСҰ-ға кіруіне байланысты негізгі жайттар Қазақстан тарапының бастамасымен қарастырылды.
Сонымен қатар, қызмет көрсету секторларының тізбесі бекітілді, осыған орай ЕАЭО аясында қызмет көрсетудің бірыңғай нарығын қалыптастыру ырықтандыру жоспарына сәйкес жүргізілетін болады.
Кеңес отырысы аяқталған соң Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко арнайы мәлімдеме жасады.
«Бүгінгі кеңес жұмысы өте қарқынды өтті және күн тәртібінде ЕАЭО жұмысының келешегіне қатысты көптеген мәселелер қаралды. Комиссия жұмысын 2016 жылдың 1 ақпанынан бастап жаңарту бойынша шешімдер қабылданды. Соның нәтижесінде комиссияның 10 алқа мүшесі министрлерден тұратын болады. Осылайша, алқада мемлекеттердің өкілдігі екі адамнан құралады. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына байланысты мемлекеттер басшылары мәліметтерді Одақ нормаларында жүзеге асыруды қамтамасыз ететін құжаттар пакетін қабылдады. Бұл бір жағынан Қазақстанның ДСҰ-ға кіруімен қабылданған міндеттемелерін нарықта қолдануына мүмкіндік береді, екінші жағынан, Одақ бойынша серіктес мемлекеттерге ешқандай шығын келтірмейтіндей, тариф айырмашылығына алып келмейтіндей етіп басқару жүйесін құруға жол ашады», – деді.
Виктор Христенконың сөзіне қарағанда, осы күні Мемлекеттер басшылары Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне байланысты өнімдердің қысқаруы туралы халықаралық келісімшартқа қол қойды. Сондай-ақ, мыңнан астам тауарлық жайғасымның тарифтері бойынша нормаларды Одақ нормалары аясында жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Оның айтуынша, бұл үдеріс ұлттық парламенттерде 15 желтоқсанға дейін аяқталуы керек.
Сонымен қатар, В.Христенко: «Еуразиялық экономикалық одақтың 2015-2016 жылдарға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары мен орташа мерзімді келешекте ЕАЭО-ның негізгі серіктестерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға арналған әдістер мәселесі күн тәртібінде көп назарға алынды. Өздеріңіз білетіндей, қазір Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық келісім құру бойынша Қытай Халық Республикасымен жұмыстар жүргізу туралы шешім қабылдады. Дәл сол сияқты Үндістан, Иран, Мысыр және басқа да бірқатар елдермен өзара іс-әрекеттің тәртібін құруға қатысты мәселелердің үлгісі анықталды», – деді.
Соңында шараға қатысушылар күн тәртібі мазмұнды, атқарылған жұмыс тиімді болғанын атап өтті.
Сонымен, бір күнде өткен қос маңызды отырыс аяқталды. Ондағы қаралған мәселелердің барлығы да өзекті. Сондықтан да, осы күні қабылданған әрбір шешім, бекітілген әрбір құжат еліміз үшін аса қажет әрі мәні зор екені анық.
Бақберген АМАЛБЕК,
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан» –
Бурабайдан.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.