17 Қазан, 2015

Алғашқы отандық рельс шығарылды

346 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_0834Биылғы жылы 16 қазанда Ақтөбе рельс арқалығы зауыты (АРАЗ) алғашқы отандық рельс өнімдері прокатын шығарды. Бұл бірегей кәсіпорын – Мемлекет басшысының жеке тапсырмасы бойынша салынған ТМД аума­ғында теңдесі жоқ зауыт. Өткен жылдың желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен болған жалпы ұлттық телекөпір аясында Ақтөбе рельс арқалығы зауытының бірінші кезегі іске қосылған болатын. Зауыт құрылысы мен оның өндірістік желісі қысқа мерзімде салынды. Бүгінгі таңда кәсіпорын дайын өнімдерді шығаруды бастады. Салтанатты іс-шараға «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті А.Мамин, «Siemens S.p.a» компаниясының бас директоры Джузеппе Фер­рарио, Инвестициялар және да­му министрі Әсет Исекешев, Ақтө­бе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қырғызстан Көлік және коммуникация министрі Арғынбек Малабаев, «Әзербайжан темір жолдары» ЖШС төрағасы Джавид Гур­банов қатысып, сөз сөйледі. Ша­ра­ға қатысушылар қатарында Пар­ламент депутаттары, ТМД және Балтық жағалауы елдері темір­жол әкімшіліктері мен те­мір­­жол өнімдерін шығаратын кәсіп­орындардың өкілдері болды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті А.Маминнің айтуынша, Мемлекет басшысының индустриялық бағдарламаға сай тапсырмасымен Қазақстанда қысқа мерзімде теміржол кө­лігін жасаудың жаңа саласы қа­лыптасты. Әлемдік жетекші компаниялар General Electric, Alstom,Talgo, Siemens қатысуымен жүк және жолаушылар тепловоздары, электровоздар, вагондар, ірі вагон құймалары, ин­фра­құрылымдық техникалық қ­ұралдар шығарылуда. Ол сондай-ақ, ал­ғашқы отандық рельс өнімінің Қазақстанның индустриялық тарихында маңызды оқиға екендігіне тоқталды. АРАЗ-дың жобалық қуаты жылына 430 мың тонна металл өнімдерін жасауға қауқарлы. Оның шығаратын негізгі өнімі – термоқысымға шыдамды Р-65 маркалы ұзындығы 120 метрге жететін жоғары жылдамдықты магистральға арналған рельс­тер. Оған қоса, жылына 230 мың тонна рельс арқаулары, бұ­рыш­тамалар, швеллерлер жаса­лады. Бұл теміржол өнімдері Қа­зақстанды ғана емес, көршілес мемлекеттердің де сұранысын қанағаттандырады. Сондай-ақ, бұл күні Қазақ­стандағы теміржол көлігі машинасын жасау саласындағы серіктестік пен болашағына арналған дөңгелек үстел отырысы да өткізілді. Он­дағы талқылау барысында қа­зақстандық «Тұлпар-Тальго», «Электровоз құрастыру зауыты» (ЭҚЗ), «Локомотив құрастыру зауыты (ЛҚЗ) зауыттарындағы теміржол көлігі өнімдерінің тұсаукесер рәсімі өткізіліп, оны «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-тың қолдауымен экспортқа шы­ғаруды жүзеге асырудың мәселесі сарапталды. Дөңгелек үстелге қатысушылардың айтуынша, Еуразиялық аймақтағы теміржол көлігі машиналары өнімдерін шығаратын зауыттар мен қаржылық институттардың арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Қазақстандық экспортты қолдау жүйесі туралы «Қазақстан Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасы Б.Жәмішев баяндап, банк АРАЗ құрылысын қаржыландырып қана қоймай, ендігі жерде оның шетелдік тұтынушыларға өткізу іс-шарасын да өз міндеттеріне алып отырғандығын мәлімдеді. Ал «Жинақ банкі» АҚ бас­қарма төрағасы А.Камалов банк­­­тің «ҚТЖ» ҰК» АҚ жо­ба­­ла­рын белсенді қолдап ке­леді. Бұл өз кезегінде тауар ай­­на­лы­мының жақсаруы мен ел эко­номикасының серпінді да­муы­на ықпал ете­ді», деді. Со­нымен қатар, банк басшысы ірі кө­лемдегі инфра­құрылымдық жо­балардың ішін­де АРАЗ мем­лекет пен жеке бизнес се­рік­тес­тігінің ерекше үлгісі екен­ді­гі­не тоқ­талды. Дөңгелек үстел отырысында Әзербайжанға, Белоруссияға, Грузияға, Өзбекстанға, Тәжік­станға және Қырғызстанға АРАЗ дайын өнімдерін жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойылды. «Егемен-ақпарат».