17 Қазан, 2015

Заң үстемдігі қамтамасыз етілсін десек...

493 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
639019-үлкеніМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Халыққа есеп беретін қазіргі заманғы мемлекет» деп аталатын, 100 қадамнан тұратын Ұлт жоспары бүкіл қазақстандықтардан бірауыздан қолдау тапқаны мәлім. Аталған жоспардың бір тарауы елімізде заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған 19 қадамнан тұрады. Бұл орайда атқарушы органдарға және қоғамдастыққа есеп беретін Жергілікті полиция қызметін құру көзделген. Ішкі істер министрлігінің құрамына елеулі өзгеріс енгізетін бұл заң жобасы бүгінде Парламенттің екі палатасында да қаралып жатыр. Елімізде қоғамдық тәртіпті нығайтуда, қылмысқа қарсы тұруда, ұсақ құқық бұзушылықты жоюда жергілікті полиция қызметі негізгі рөл атқарады. Ал менің айтпағым, осы мәселенің екінші жағы, яғни полиция қызметкерлерінің өздерін заңмен қорғау мәселесі. Бұл мәселедегі жеке өз қөзқарасымды жеткізер болсам, соңғы жылдары заңның үстемдігіне қызмет етіп, жер-жерде орын алып жатқан тәртіпсіздікті тыюға іс-әрекеттер қолданып жүрген, қоғамның тыныштығын күні-түні күзетіп, қажет болса, сол үшін өз денсаулығын, тіпті, өмірін де қиып жүрген төменгі дәрежедегі полиция қызметкерлерін жалпы жұртшылыққа жағымсыз етіп көрсетуге бағытталған әрекеттер елімізде кеңінен орын алып бара жатыр. Мұндай жағдай өз қызметтерін адал атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне қарсы қолданатын небір заңсыз әрекеттердің көбеюіне әкеліп соғуда. Екі күннің бірінде ондай сорақы көріністерді естіп-біліп жүрміз. Сөзіме негіз ретінде мынадай статистикалық деректерді келтірейін: – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге байланыс­ты полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтардың саны соңғы бес жылда 10 еседен астам артқан (2011 жылы – 78 адам; 2015 жылдың 1 жарты жылының өзінде – 804 адам); – өз қызметтік өкілін атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне қорлау көрсеткендігі үшін қылмыстық жауапқа тартылған азаматтардың саны соңғы бес жылда төрт еседен асқан (2011 жыл – 118 адам; 2015 жылдың 1 жартысы – 414). Әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тар­тылғандардың өздерінің қатаң жаза көргендері шамалы. Ал бұл статистикалық деректер қолданыстағы заңның тиімділігі төмен екендігін көрсетеді. Егер еліміздегі полиция қызметкерлерінің басым бөлігі Жергілікті полицейлік қызмет жүйесіне еніп, тұрғындармен олардың ара қатынасы барынша жақындатылатын болса, онда олардың заңды өкілеттілігі де күшейтілуі керек. Өйтпесе, көшеде көрінген әйелдің тепкісінде қалып, погоны жұлынып, жағасы жыртылып жатқан полиция қызметкерлері заңның үстемдігіне қалай қорған болмақ? Ата Заңымызда аталған құқықтық мемлекеттің мызғымас негізі ең алдымен қатаң тәртіптен бастау алады. Олай болса, осы қатаң тәртіпті қорғаушы полиция қызметкерлеріне қарсы жасалып жатқан заңсыз әрекеттердің барлығы бойынша кінәлі адамдар тиісті жауапкершілікке тартылып, олар қоғамның сынына ұшырауы керек. Осы орайда, Үкімет алдында мына мәселелердің шешілуі кезегін күтіп тұр деп есептеймін: Біріншіден, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбауға жауапкершілікті көздейтін Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 443-бабы санкциясын күшейту мәселесін тереңірек зерделеп, Парламентке жаңа редакциясын ұсыну қажет. Екіншіден, Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодек­сінің осы аталған бабындағы және Қазақстан Респуб­ликасы Қылмыстық кодексінің 378, 379, 380-бап­тарындағы билік өкілін қорлау, оған бағын­бау жә­не оған қатысты күш қолданғаны үшін жауап­кер­ші­лікті көздейтін нормаларын зерделеп, полиция қыз­­меткерлеріне көрсетілетін қарсылық үшін жауап­кер­шілікті өзге билік өкілдері санатынан бө­лек бекіту қажет. Заңның мұндай нақты нормасында өз қызмет талаптарын орындайтын полиция қызметкерлерінің міндеті мен жауапкершілігі өзге билік өкілдерінен мүлде басқа екендігі белгіленетін болса, мұндай нормалар полиция қызметкерлерінің заң бұзушылықты тыюға ешқандай жалтақсыз, еркін әрі батыл килігуіне мүмкіндік береді. Үшіншіден, айдың, күннің аманында талай полицейлерді ажал құштырып, тағы да талай адам­ның өміріне қауіп төндірген қаскөй террористі оның беліне байлаған жарылғыш қаруларымен бірге өз денесімен басып, қыршын өмірін қиған тараздық полиция кызметкері Ғазиз Байтасовтың ерлігі Елбасы тарапынан қандай үлкен баға алғанын бәріміз білеміз. Үлкенді-кішілі ерен істерімен, небір ерліктерімен өзгелерге үлгі болар мұндай полиция қызметкерлері елімізде аз емес. Ал енді осындай жандарды өзгелерге үлгі ететін, ерлігін дәріптейтін, ерлік пен өрлік рухқа басқаларды баулып, тәртіпке тәрбиелейтін идео­логиялық жұмыстар елімізде жоқтың қасы. Полиция туралы экраннан күнде көретініміз көрші Ресей, Америка мен Еуропа елдерінің фильмдері, оқитынымыз да өзге елдердің шығармалары. Сонда өз еліміз Қазақстанда осы типтес фильмдер мен өзге де әдеби шығармалар қашан дүниеге келмек? Заң сақшыларының қиын да қатерлі, жауапты да абыройлы қызметін дәріптеу ардақты жазушы ағамыз Кемел Тоқаевтың кезеңімен аяқталған сияқты. Сондықтан, Үкімет полиция қызметкерлерінің елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етудегі үл­гілі істерін дәріптейтін, сөйтіп, азаматтарды заң­ды құрметтеуге бағыттайтын идеологиялық жұмыс­тардың жоспарын жасақтап, оны орындауға кірісуі қажет. Бұл аталған мәселелердің жүйелі түрде шешілуі елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етуге зор ықпал етеді деп есептеймін. Бектас БЕКНАЗАРОВ, Сенат депутаты.