17 Қазан, 2015

Асыл туған нәсілдің үлгі тұтар ісі бар

1410 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
001-9«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ бастамасымен дәстүрлі «Ұлылыққа тағзым» акция­сын Жетісу жерінде жалғастыруға қолдау көрсету туралы ресми хат Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа түскен еді. Бас басылым ұйытқы болған бұл акцияның оныншы сапары Алматыдан 75 шақырым жердегі жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлының кесенесі тұрған Қарақыстақ ауылына дейін жаяу жүріп жету болды. Жалпы, қазақтың санасына сіңісті бір ғадет – әулие-әмбиелердің, ұлылардың мәйіті жатқан жерге бір қадам болса да жаяу барып зиярат ету бар . Бұл ата-баба аруағына бас иіп, сиынып тәу ету деген сөз. Халқымыз алыс сапарларға шығар кездерінде де, әрқандай игілікті істерді бастар сәттерінде де ата-баба аруағына Құран бағыштап, тілеу тілеген. Биыл оныншы рет өткізіліп отырған «Ұлылыққа тағзым» акциясы Алматы қаласының қақ ортасында орнатылған дауылпаз ақын Сүйінбай Аронұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алып, Жамбыл атындағы филармониядан шыққаннан кейін қазақтың даңқты батыры Райымбек ата күмбезіне атбасын бұрып, мұсылмандық дәстүрмен қасиетті баба рухына Құран оқытып, зиярат еткен еді. Райымбек батырдың ұлылығы сол, фәни дүниеден өтерінде еліне айтқан аманаты бо­йынша сүйегін қос өркешті түйесіне артып, бұйдасын түріп еркіне жіберген екен. Сонда ойсыл қара Хантәңірінің етегінен қозғалып бүгінгі Алматының қақ ортасына келіп шөгіпті. 1785 жылы жерленген Райымбек баба мәйітін кеңестік дәуірде жол салу үшін күреп тастамақ болған әрекеттен ешнәрсе шықпаған. Бұл Райымбек батырдың қасиетті екені дәлелденген. Сонымен, Сүйінбай Аронұлының ұлы­лығына тағзым етуші шағын топ Ұлы Жібек жолына түсіп батысты бетке алып аяңдады. Негізі қасиетті бабалар аруағына бас ию, мүрделері жатқан жерге қандай да бір көлікпен емес жаяу бару, яғни «Ұлылыққа тағзым» акция­сы «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер журналисі Мамадияр Жақыптың идеясы екенін айта кету керек. Акцияның бірінші сапарын, яғни ұлы Абайдың 150 жылдығына орай, өткенін баса айтуымыз керек. Алматыдан жаяулатқан алты адам – аталған акция жетекшісі Мамадияр Жақып, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері, журналист-жазушы Орысбай Әбділдәұлы, Қазақстанның құрметті журналисі Дәулет Сейсенұлы, ақын Өмірбай Өмірзақұлы, Мәдениет қайраткері, журналист-баспагер Манарбек Ізбасаров, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер инсти­тутының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Жолдасбек Мәмбетов және осы жолдардың авторы сол күні, яғни 7 қазан, сәрсенбіде күн ұясына батпай Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласына жеттік. Қонақүйге орналасып, кешкі ас ішіп, көңіл хошын көтергеннен кейін Сүйінбай туралы жайлап қозғалған әңгіме қыза-қыза домбыраға қол созғызды. Жайшылықта екінің бірі ескере бермейтін қарапайымдылығынан танбай ара-тұра мірдің оғындай бір сөзімен елді тәнті ететін ақын Өмірбай Өмірзақұлы Сүйінбай туындыларынан 30 шумақты жарты сағаттан астам уақыт тоқтаусыз төгілтті дейсің. Міне, ақындар мен батырлар елінің перзенті. Өмірбайдың әкесі Өмірзақты жыр алыбы Жамбыл өзіне бекер шәкірт жасамағаны осы өлең жолдары арқылы алқа-қотан отырған ұғынған тәрізді. «Ұлылыққа тағзым» акциясының қаты­сушылары Қарасай батыр атындағы мектепке келгенде кездесудің бет пердесін 7«а»-сынып оқушысы Әсем Аябаева ашып: «Шапағатты аямай киелі елден Батыр баба есімін иеленген», деп басталатын өлең жолдарын жатқа оқығанда ұлттық рух өрлей түскендей сезілтті. Мектеп ішіндегі тазалық, әсіресе, оқушылардың үлкендерге ілтипат танытуы, мұғалімдердің ізеттілігі, тосын қойылған сұраққа мүдіріссіз жауап беруі ерекшеліктерін танытады екен. Бұл ретте мектеп директоры Динара Әлімжанованың еңбегін атай кеткен жөн. Білім ордасының ішіндегі 1997 жылы құрылып, мектеп бағдарламасына сай жабдықталған «Шапағат» тарихи-өлкетану мұражайы жөнінде ерекше айтып өткен дұрыс. Онда Алатаудың баурайындағы өскелең өлкенің тарихымен бүгінгі белесін бейнелеген құнды дүниелер жетіп-артылады. Бірінші залдағы қабырғаларға ілінген картиналар, тарихи фотосуреттер Қарасай өңірінің көне археологиялық бастауын көз алдыңызға елестетеді. Онда тас, темір, қола, орта ғасыр тарихынан белгі беретін дүниелер рет ретімен тізілген. Екінші залда Қарасай, Наурызбай, Әйтей батырлардың ерліктерін көрсететін дүниелер көз тартады. Үшінші залда бүгінгі Қарасай ауданының құрылу, қалыптасу кезеңдері, түрлі экспонаттар, кітаптар, фотосуреттер орын алған. Төртінші зал Елбасына арналған. Онда Нұрсұлтан Әбішұлының ата-анасы, бауырлары әр жылдары түскен фотосуреттері мен олардың өмірдеректері жазылған. Бесінші зал Нұрсұлтан Әбішұлының мектеп қабырғасында жүрген кездегі фото­суреттерімен әспеттелген. Алтыншы залда Елбасының есейіп еңбекке араласқан кезеңі, мемлекет қайраткері дәрежесіне көтеріліп 1984 жылы Дінмұхамед Қонаевпен бірге түскен фотосуретін көруге болады. Жетінші залда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ТМД және алыс-жақын шетел басшыларымен бірге түскен фотосуреттері ілінген. Сегізінші залда Елбасының Қарасай ауданына келген кездерінде, ауданнан шыққан мықты спортшылармен бірге түскен суреттері де орын алыпты. Тағы бір айта кетер құндылық кезінде «Егемен Қазақстанда» қызмет істеген ақын Құрманғали Ұябаевтың да фотосуреті осынау мұражайдан орын алуы «егемендіктерді» бір марқайтып тас­тады. Мұражай экспонаттары қатарында ағарту, ғылым және мәдениет қайраткерлері де бар. Сол секілді Біріккен Ұлттар Ұйымы «Қазақтың киіз үйі мен дәстүрлі күйі ЮНЕСКО-ның шеші­мімен адамзат қазынасына қосылады...» деген сөз әдемі әріптермен жазылып, көрнекі жерге ілініпті. Мұны бағалай білген ләзім. «Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойын 11 ауылдық округтен тұратын 220 мыңнан астам халқы бар Қарасай ауданы үлкен дайындықпен өткізуге әзірлену үстінде. Сүйінбай шоқтығы биік ақиық ақын екені ақиқат. Негізі ақындық адам бойына ата-анасынан, арғы тегінен қонатын қасиеттің бірі деп санаймын. Әрине, ақындық әркімнің өскен ортасындағы игі жақсылардан жұғысты да болатын шығар. Бір күндік емес мың күндік асыл сөз айта алатын ақындарды нағыз тарлан талант деп бағалаймын. Ол өлең шумақтарының мағыналылығымен, тереңдігімен, тұнық­тылығымен, өміршеңдігімен өлшенеді. Біздің өңірден шыққан талантты ақындар Сүйінбай өлеңдерін жатқа оқыса, өскелең ұрпақтың санасына жақсылықты сіңіргеніміз және жет­­кін­шектер сөз мәйегін жете ұғынғаны деп ба­ғалаймын. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Балапан» бағ­дарламасына ерекше мән беретіндігі бекер емес. Өйткені, жас өскіннің санасына ұлттық рухты сіңіру, Сүйінбайдай дарабоз ақынның өлеңдері арқылы жете түсіндіру де бір міндет. Сол міндетімізді қарасайлықтар толық орындап отырмыз. Олай дейтінім балабақшадағы немерем Даниял бір күні былдырлап құлаққа жағымды бір әуенді айта бастағанда алғашында абдырап қалғанмын. Мән беріп тыңдасам – Әнұран. Ой елегінен өткізгенімде Әнұран арқылы жүрек лүпілін сезінту екенін ұғындым. Ұлттық рухты көтеру үшін баса айтар бір ұсынысым – әр баспадан шығатын кітаптың сапасы, тартымдылығы, тіпті бояуларының өзі ерекше болып тұруы тиіс. Сондықтан біздің жүрегіміз Сүйінбай деп соғады», деді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Ғалия Аманова. Аядай әрі тазалығымен тәнті ететін Қаскелең қаласынан 8 қазан күні түс әлетінде «Ұлылыққа тағзым» акциясына қатысушылар күре жолға түсті. Жаяулатқан алты адамның ішінде топ жетекшісі 78 жастағы Мамадияр аға Жақып өзгелерден бір шақырым озып көш бастап жүрді. Ширақ. Оның осы жүрісін өзгелерге, жалпы әр адамға үлгі тұтуға әбден лайық. Екі ғасыр ел есінде сақталған Сүйінбай Аронұлының ұлылығына бас иген «Ұлылыққа тағзым» акциясы мүшелерін Жандарбек Далабаев басқаратын Жамбыл ауданының зия­лы қауымы 8 қазан күні аудан шекарасынан қарсы алды. Мұғалімдер мен оқушылардың ілтипатынан бұл өңір халқының қонақ күте, сыйлай білетіндігі, қазақы дәстүрге қалып­тасқандығы анық байқалып тұрды. «Менің пірім – Сүйінбай. Сөз сөйлемен сыйынбай...» деген жыр алыбының өлеңімен бастаған Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Гүлнәр Ермекбаева сөз тізгінін оқушыларға бергенде бүлдіршіндер жарыса Сүйінбай жырын жатқа оқып елді бір серпілтті. Үшінші күні ертелете жолға дайындалған топ әуелгі кезекте Ұзынағаш ауылының ортасына орнатылған Қарасай батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жаяулатқан топ созыла жүріп Сарыбай би атындағы ауыл тұсынан да өтті. Кезінде Ақ патшадан полковник шенін алған Сарыбай би бастаған қазақтар ақ патшаның әскерімен бірігіп қоқандықтарды Алатаудың баурайынан түре қуып Сайрамнан асырғаны тарихнамадан мәлім. Сарыбай би өте дәулетті, әрі ақындығы да болған. Бүгінгі тілмен айтқанда қоғам қайраткері және Жетісу дуанының төбе биі болғандығын да халық растайды. Сарыбай би Сүйінбай мен Жамбылға демеуші болып та халыққа жаққан екен. Қобызшы, тәуіп Түктібай әулиенің де аруағына тәу еттік. Түктібай атаның әулиелігі сол өзі бақилық болған соң ұрпақтары ескерткіш белгі ретінде күмбез орнатқанда сол күмбездің басынан бұлақ суы атқақтап шыққан дейді. Артында қалған қобызын арулап ақ матаға орап, балаша бесікке бөлеп осы ауданда жаңадан ашылған мұражайға апарып экспонат ретінде қояды ғой. Біраз уақыт өткеннен кейін Түктібай атаның қобызы зарлы үн шығара бастайды. Ол үнді ел ұқпайды. Түрлі қайғылы оқиға да болады. Абдыраған халық қасиетті қобызды екі жылдан кейін бастапқы орны Түктібай әулиенің мәйіті жатқан күмбезге апарып қойғанда ғана тыныштық орнайды. Бұл факт. «Асыл туған нәсілдің үлгі тұтар ісі бар» деген де сөзді қалдырған Сүйінбайдың шәкірті жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың кесенесіне келдік. Жамбыл ақын атындағы мұражайдың бас қор сақтаушысы және жыр алыбының немересі Салтанат Жамбылова атасы туралы әңгімені әдемілеп айта біледі екен. Шыбық кезінде Жамбыл ақын өз қолымен отырғызған ағаштың жуандығы түйенің беліндей болып зеңгір көкке шаншыла өсіпті. Кезінде бұл тал-теректерге қазақтың ғаламат жазушылары Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің қолдары тиген екен. Түбіне сая­сын түсіре әлі де жайқала өсіп тұрған қос терекке біз де қолымызды тигіздік. Жамбыл сыйға алған автокөлігі де сақтаулы тұр. Биыл мотор майын, суын, жанар-жағармайын тексеріп оталдырып та көріпті. Бәз қалпы сақталған. Ақын күмбезінің оң жағында Нұрғиса Тілендиевтің мәрмәр тас мүсіні мен домбырасы, аққу бейнеленген мәрмәртас қойылыпты. Осы ауылдың тумасы ұлы композитор Нұрғиса аға фәни дүниеден өтерінің алдында Жамбыл бабасының сүйегі жатқан жерге тізерлеп отырып, зиярат етіп « Ата-ау, қасыңнан бір жапырақ жер берші, бақида да өзіңді күзетіп жатайын», деп тілеу тілепті деседі білетіндер. Жер жәннаты аталған Жетісудың артық­шылығы сол аттап басқан жерде мөлдіреп бұлағы ағып жатады. Бұлақ суы аққан арнасын жағалай жасыл желегі жайқала өсіп ащы күнде көлеңке болатыны тағы бар. «Ұлылыққа тағзым» акциясы мүшелері аяқ суытамыз деп бір алаңқайға аялдады. Бұл Сүйінбай ақын туралы тағы бір әңгіме қозғалатынын білдірсе керек. Ұйыса өскен көк шалғынға малдас құра алқа-қотан отырғанымызда сөз тізгінін ақын Орысбай Әбділдәұлы алды. «Майтөбенің баурайында отырған Сүйінбай ақынға Жамбыл жәкеміз 15 жасында арнайы барып бата алыпты. Дүйім жұрттың алдында жыр сүлейі ақ батасын беріп отырып жыр алыбына домбырасын сыйлап, өз қолымен ет асатыпты. Сүйінбай мен Қатаған айтысқанда ә дегенде қарадауыл ақын Қатаған қырғызшалап ырлап бергенде Сүйінбай кібіртіктеп қалады. Сонда Сарыбай би «Сүйінбай саған не болды?!»деп қамшысымен ақынның арқасынан тартып жібереді. Қатаған ақын қырғыз манаптарының байлығын айтудан аспағанда: «Сүйінбай сонда шүйілді, Көмейден былай құйылды: «Өз сөзінен қағынып, Қатаған сөзден жаңылды. Қызып тұрған темірге Өзі келіп қарылды. Алмас құрыш қылышпын, Алтыннан соққан сабымды!» деген өлең жолдарын төгіп жіберген ақын одан әрі сөзін былай сабақтады. Сүйінбай қазақ сахарасының ұлан-ғайырлығын Сарыарқадан бастап Түркістанға тоқтап, Алатауды айналдыра бір қайырады. Төкпе ақын қазақтың 93 руының атын атап, сипаттама да беріп тамсандырады. Осының барлығын түйіндей келе бір басы бір академия іспетті Сүйінбайды шежіреші, тарихшы, геолог, географ, төкпе ақын демеске әбдіңіз қалмайды. Сүйінбайдың суретін Шоқан салып қалдырған да шығар. Өйткені, олардың Жетісу жерінде кездескендігі туралы сол кездесуге кедергі келтірмек болған Тезек төрені Шоқанның іркіп тастағаны да айтылған «Суыт жүріс» атты поэма бар ғой. Хамит Ерғалиевтің сол құнды туындысы алғаш «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланғанда қолдан қолға өтіп оқылған еді», деді ол. Қарақыстақ ауылының кіреберісіндегі қасқа жолдың қос қапталына тізілген ұзын саны 150-ге тарта оқушылар «Ұлылыққа тағзым» деген сөзді хормен айтқанда Мамадияр Жақып бастаған топ шаршағандарын бір сәт болса да ұмытып, серпілді. Әрі Алматыдан жаяулатып бекер келмеген екенбіз дегендей қуанып, қауқылдасып қалды. Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйінің директоры Балерке Өтепова мен мұғалімдер сапқа тұрғызған Жансая Ақылан, Жансая Әмен, Аяжан Тұрған, Кәмилә Қалыбек, Айым Асылбек, Гүлнәр Хамза деген оқушылар Сүйінбай өлеңдерін жарыса жатқа айтқанда риза болмаған ел кемде-кем. Сүйінбай ақын ауылы Қарақыстақпен ірге­лес жатқан Бұрған атты елді мекен ортасын өзен бөліп жатыр. Бұрғаннан шыққан қазақ зиялыларының бірі журналист Сәдуақас Бигелдиевтің бір арманы екі ауылдың арасын жалғайтын көпір салу болыпты. Өйткені, көктемде тау өзені тасып арнасынан аса аққанда Қарақыстақтағы орта мектепке Бұрған ауылы балаларының өтуі өте қиын болыпты. Ересек балалар кішкенелерін арқаларына көтеріп өткізеді екен. Әке арманын баласы Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Махабат Бигелдиев орындап, халықтың алғысын алғанын білетін едік. Бүгінде Сүйінбай ақын ауылына апаратын автокөлік жолына асфалт төселіп тақтайдай тегіс болып жатыр. Көпір де ғаламат.Изображение 224 Сүйінбай ақын кесенесінде: «Арғы атам аруақты ер Қарасай Теңселген дүбіріне тау менен сай Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай», деген Жамбылдың өлең жолы қызыл мәрмәр тасқа ойыла жазылыпты. Сүйінбай ақын аруағына бағыштап шырақшы ұрпағы Үсен Дайырбаев елді ұйыта Құран оқыды. Ақынға бұл елдің тайлы-тұяғына дейін құрмет көрсете алатындығының бір дәлелі Қарақыстақ ауы­лынан алты шақырым жердегі Сүйінбай ақын кесенесіне 11-17 жас аралығындағы балалар желе жүгіріп келіпті. Сол балаларға топ жетекшісі алғысын ағытты. Күрделі жөндеуден өткен кесене де, жаңаланған жол да үлкен тойға деген дайындықты анық аңғартып тұр. Облыстық әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға Сүйінбай ақынның ұрпақтары атынан Үсен мен Мирас шексіз алғыстарын білдірді . «Ұлылыққа тағзым» акциясының жетекшісі Мамадияр Жақып дүйім жұрттың алдында облыстық, аудандық әкімдік қызметкерлеріне, мұғалімдер мен оқушыларға рахметін айтып жол сапарды түйіндеді. Қорыта айтқанда, жыр сүлейі Сүйінбайды жыр алыбы Жамбыл жалғады, Жамбылды ақиық ақын Мұқағали жалғады. Ұлылар үндестігі деген осы болар. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Талдықорған – Алматы – Қарасай – Жамбыл.