28 Шілде, 2010

Вьетнамдағы әскери кеңесші

1775 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
БОЛҒАН ГЕНЕРАЛ  ЖАНСЕН КЕРЕЕВ ӨМІРІНЕН БІР ҮЗІК СЫР Кез келген халықтың тарихында елім деп еміренген, жерім деп тебіренген тұл­ға­­лардың болғандығы және бола бе­ретіндігі белгілі. Өз елімізден шыққан әй­гілі адамдар мен ата-бабаларымыз жай­ында оқып білмей, оларды құрметтемей алға жыл­жуы­мыз мүмкін емес. Ұрпағы ұлағат тұтып, құр­мет көрсетер азамат­тардың бірі, бүкіл са­­налы ғұмырын Отан қорғау ісіне арнап, атақ пен даңқ қумай, шындық пен әділдікті ту еткен генерал-лейтенант Жансен Кереев еді. Ол 1931 жылы 1 қаңтарда Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Бабатай ауылында дүниеге келген. Бұл жылдар аштық пен жалаңаштықтың белең алып, ондаған мың адамның өмірін жалмаған, талай боздақты “халық” жауы атандырып түрмеге қамаған ұжымдастыру және индустрияландыру кезеңі болатын. Соғыс басталған 1941 жылы жасөспірім Жансен хат тасушы болып жұмыс істеді. Ауылдастары оның майдандағы сар­баз­дардың сағынышты сәлемін арқалаған үшбұрышты хаттарын оқып, қуанысып жататын. Пошта хабарларында ерлікпен қаза тапқан, із-түзсіз кеткендер туралы қара қағаздар да аз емес еді. Ағасы Мұсаның қайтыс болғандығы туралы хабар соғыстың соңғы жылдарында оның да отбасын селк еткізді. Кейін Германияда қызмет еткен жылдары Жансен ағасы жерленген жерді көп іздеді, бірақ таппады. Соғыс жылдары ол үнемі отбасына көмектесті, соғыстан кейін білім алуға деген талпынысы артып, Ақтөбедегі № 6 қазақ мектеп-интернатының есігін ашты. Бала кезінен есте сақтау қабілетінің күштілігі, көркем жазуы мен сурет салуға деген құштарлығы, зеректілігі мектепті үздік бітіруіне және болашақ қызметіне өзіндік септігін тигізді. 1950 жылы оқу бітіргендігі туралы аттестат алысымен әскери комиссариатқа шақырылды. Мектеп қабырғасында қатар оқып, мәңгі бірге болуға сөз байласқан сүйген қызы Сарбиямен уақытша қош айтысып, азаматтық борышын қиянда, сонау Курильдегі Итуруп арал­дарында өтеуге аттанды. Әскер қатарында алғыр­лығымен көзге түскен ол осында жүріп, бөлім командирі болды. Басшылық оның осы саладағы икемінің барын байқап, әскери оқуға түсуіне бағыт берді. Благовещенск қаласындағы жаяу әскер командирлерін дайындайтын екі жылдық әскери училищесіне оқуға түсіп, оны 1953 жылы үздік бағамен бітірген жас офицерді Амур облысы, Чита қаласына жақын маңдағы Песчанка деген жерге взвод командирі етіп қызметке жіберді. Ақтөбеге кезекті демалысқа келген тұста сүйгені Сарбияға үйленіп, жеке шаңырақ көтерді. Үйлену тойынан кейін жас жұбайлар ата-аналарына Жансеннің қызмет ететін Песчанкадағы әскери бөліміне кететін­діктерін айтып, Қытай мен Моңғолия шекарасындағы ол жерге бірнеше күн поезбен жүріп жетті. 1956 жылы Еуропа елдеріндегі саяси оқиғағалардың шиеленісуіне байланысты Жансен Кереев қызмет ететін полк тара­тылып, жеке құрам социалистік мемле­кеттердегі кеңес әскерінің қарамағындағы әскери бөлімдерге жөнелтілді. Взвод ко­мандирі аға лейтенант Ж.Кереев отбасымен бірге Германиядағы танк дивизиясы мотоатқыштар ротасына аттанды. Осында кеңес әскерінің қарамағында 7 жылдай бөлім командирі қызметін атқарады. Жас офицер үшін мұншама уақыт ол кез үшін де, бүгінгі күн үшін де ұзақ мерзім болып саналады. 1962 жылы кезектен тыс капитан атағын алған Жансен Мәскеудегі М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияға сырттай оқуға түсуге шешім қабылдайды. Емтихандарды тек беске тапсырған оған Әскери академия басшылығы ақылдаса келе күндізгі оқуға қабылданғанын айтады. Алғашқы оқу жылында Кереевтер отбасының жиі-жиі пәтер ауыстыруларына тура келді. Себебі, мәскеуліктер үшін қазақтардың қонақжайлылығы мен туысқандарының көптігін түсіне қою қиын еді. Ал Кереевтердің отбасына қонаққа келушілердің саны ешқашан азайған емес. Өйткені, Жансен тек Бабатай ауылының ғана емес, бүкіл ақтөбеліктердің мақта­ны­шына айналған-тын. Және де ол алыстағы Германияда емес мына тұрған Мәскеуде. Демек, әркімнің барып қайтуына мүмкіндіктері бар болатын. Академияда оқу бұл тек қана дәріс алу ғана емес, сонымен бірге Қызыл алаңда өтетін әскери шерулер мен оқу-жатты­ғуларға қалмай қатысу болып табылады. Міне, осындай істе ізденісі мен талабының бар екендігін байқатқан адамның бірі Жансен болды. Оның бұл қасиеттері оқуда озат болып, білімге құштарлығы мен біртоғалығынан айқын көрініп тұрды. Осындай табандылығының арқасында Ж.Кереевке майор шені беріледі. М.В.Фрун­зе атыңдағы стипендияға қол жеткізеді. Академияны ойдағыдай аяқтаған соң оған үздік бітіргендігі туралы диплом беріліп, Алтын белгі табыс етіледі. Дәстүрге сай Алтын белгімен бітірген офицерлер Кремльдегі үкімет құрамына мүше болған. Осындай салтанатты рәсімде офицерлерге берілген диплом мен алтын белгілер Кеңес Одағы Қарулы күштері намысының жоғары деңгейде екенін байқататын. Дипломмен бірге жағымды мінездеме алған Ж.Кереев академия басшысы армия генералы Курочкиннің шешімімен Ле­нин­град қаласына көшіп келеді. Сондағы Сапер кентінде өз қызметін батальон командирлігінен бастап, штаб полкының жедел бөлімінің аға офицері болып қызмет атқарады. Міне, осы жерде “Днепр” және “Двина” атауымен өткен екі үлкен әскери оқу-жаттығуға араласады. Бұл күрделі операцияларда ол өзінің командирлік шеберлігін, ұйымдас­тырушылық қабілетін көрсете біледі. Уақыт өте келе, 1970 жылы подполков­ник Ж.Кереев қызметінің жоғарылауына орай, Мурманск облысы, Заполярье жеріндегі Печенга елді мекеніне дивизия командирінің орынбасары болып тағайын­далады. Бұл да өте жауапты қызмет бола­тын. Осындай лауазымға маңдай терімен қол жеткізген оны көре алмаушылар табан астынан табылып жатты. “Қалайша бұл қазақтың жолы болғыш”, деп өзеурегендер де аз болмады. Олар ақыры оны Африка құрлығындағы Мали қаласына кетуге мәжбүр етті. Бірақ бұл әрекеттер де Ж.Кереевтің әскери қызметіне тосқауыл бола алмады. “Алмас кездік қын түбінде жатпайды” дегендей Ж.Кереевтің қалтқысыз атқарған абыройлы еңбегін жоғары бағалағандар да бар еді. Солардың бірі генерал Соловьев болатын. Сөзіміз дәлелді болу үшін оның: “Кереевті ешкімге бермеймін. Ол өз ісіне адал, берік, отансүйгіш, жауапкершілігі мол азамат екеніне көзім жетті”, деген сө­зін мысалға келтірейік. Кейін ол Ж.Ке­реевті Кеңес Қарулы Күштері Бас шта­бының ака­демиясына түсуге кеңес береді. Осылайша, 1971 жылы Жансен атал­мыш жоғары оқу орнында дәріс алады. 1973 жылы Ж.Кереев полковник ше­ніне жоғарылатылып, Германиядағы Кеңес әскерлері тобының құрамына жіберіледі. Бұл сол алмағайып кезеңде Кеңес Одағы бойынша тұңғыш дивизия командирі болып танылған ер қазақтың бірі еді. ГДР-дағы қызметті өтеу үлкен жауапкершілікті талап етті. Тар жол, тайғақ кешу дәуірі болды. “Қырғи-қабақ соғыс” лебі жалғасын тауып жатты. Әскери бөлімдер кез келген жағдайда кез келген тауқыметке сақадай-сай болып дайын тұрды. Сайдың тасындай іріктелген Кеңес әскеріне Батыс көзін сұғып қарап отырды. Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жау­шыдан демей ме. Жансен дипломатиялық қарым-қатынасты жандандыруды қолға алды. Оны күн тәртібінен түсірмеді. Галле қаласындағы әскери штаб Ж.Кереевке үлкен ықыласпен қарады. Сондағы СЕПГ хатшысы Вернер Фельфе мырзамен жақсы қарым-қатынаста болды. Алайда, Галле жұртшылығы ол кезде Қазақстан деген мемлекетті, қазақ деген ұлтты аз білетін. 1975 жылы Лейпцигте өткен жәрмеңкеде Қазақ ССР-ның павильоны ашылды. Ж.Кереев Галле қаласынан әскери басшы­ларын қонаққа шақырып, киіз үй тігіп, қазақтың ұлттық тағамдарын алға тартты. Лейпциг қаласында қазақ ұлтының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті танысты­рыл­ды. Ж.Кереев Лейпцигке келген неміс­терді өз отандас­та­рымен қауыштырды. “Ме­нің елім – Қазақ­стан”, деп Қазақ елі­нің мәдениетін барлық әлемге мақта­ныш­пен айтты. Әйгілі “Дос-Мұқасан” тобын шақырып, құлақ құрышын қандырар ән салдырды. Сөйтіп, әскери гарнизон Қазақ елі павильонына айналды. 1974 жылы социалистік мемлекеттер­ден атсалысқан әскери бөлімдер оқу-жаттығуларынан соң, Варшава келісім-шартының “Щит” атты Кеңес Одағы бойынша жүргізген арнайы операциясы барысында өткен әскери тапсырманы үздік орындағаны үшін Кеңес Одағы Қорғаныс министрлігінің шешімімен полковник Ж.Кереевке алғыс жарияланды. Ол кісіге генерал-майор шені берілді. Ол кезде Жансен небәрі 44 жаста болатын. 1976 жылы Ж.Кереевке генерал-лейтенант шені берілді. Привольже әскери округы қолбасшысының бірінші орын­­ба­сары болып тағайындалды. Қай жерде жүрсе де Қазақ елінің намысын ту етті. Отанға деген сағынышы өз намысының бойтұмары қылды. 1982 жылы Д.А.Қо­на­евтың 70 жылдық мерейтойына орай қа­былдауда болғанда оған Димекең: “Жан­сен, сен өз еліңнен жырақ жердесің, алайда болашақта Қазақстанға келіп қызмет етуің керек. Сол жағын бірлесіп ойласайық”, – дейді. Өкінішке қарай ол уақыт келмеді. Үш айдан кейін Вьетнамға баруға нұсқау алады. Бұл хабарды Димекең ести сала: “Саған Алматыдан үй керек. Есіңде болсын, шет елден қай уақытта келсең де Алматыда өз үйің, өлең төсегің бар екенін ұмытпа”, деп арнайы пәтер бергізгенін айтады. Осылайша 32 жылға жуық қалтықсыз қызмет еткен генерал-лейтенант Ж.Кереев өз өмірінде алғаш рет жеке үйге ие болады. Берілген пәтер үш бөлмелі, жайлы да ыңғайлы еді. “Қазақстан” қонақүйінің маңында болады. Жансен Вьетнамға әскери кеңесші болуға бекер тағайындалмады. Себебі, ол жерде 70-80 жылдары әлі де болса жағдай қиын-тын. Бұл мемлекетке көмек ауадай қажет болды. Вьетнам Қарулы күші бас­шы­лығы өз әскерін дәл Кеңес әскері се­кіл­ді көргісі келді. Көмекке зәру болды. КСРО Қор­­ғаныс министрлігінің басшы­лығы мұндай жағдайды ойдағыдай алып шығатын тек қана генерал Ж.Кереевке назар аударды. Онда ол кезде генерал Жан­сен үшін бұл әскери мәселелерді шешу қағидасы халық­аралық парыз бен міндет боп саналды. Ханойда әскерлер аптап ыстық пен ылғалдың салдарынан күніне бірнеше рет киім-кешек ауыстырып, дымқыл болған гимнастеркаларды шамның жарығына кептіріп отыруға мәжбүр болды. Үлкен жауапкершілік жүктелген әскери кеңесшіге Вьетнамдағы әскери өмірді тұрақтандыру жолы оңайға түспеді. Ж.Кереев тек вьет­­намдықтарды ғана емес, өз қол астын­дағыларға қиын-қыстауда морт сынбауды талап етті. Еңбекқор және төзімді болуға үндеді. Ол кезеңде де кеңес генералдары мен офицерлерінің арасында өз ісіне деген немқұрайдылығының салдарынан түрлі қиындықтарға тап болып, шырмауға оратылып шыға алмай қалған сәттер көзге көрініп жатты. Осындай келеңсіздікті қырағылықпен байқаған Ж.Кереев қоластындағыларға әскери өмірдің бүге-шігесіне дейін нақты түсіндірді. Бас әскери кеңесші генерал Кривда, бірде Ж.Кереевтің тура жүзіне қарап: “Сенің тұла бойыңда қазақтың ыстық қаны ағып тұр. Қанына тартпағанның қары сынсын демей ме. Біздің ортамыз толған украиндықтар болса, көп адамға татитын жалғыз қазақ сен екенсің”, – деген екен. Ел әңгімеші болса, жер әңгімеші. Ханойда Ж.Кереев өз отбасымен жоғары оқу орнының орыс тілінің мұғалімі және Ханой институтының шет тілдер профессоры Шөкеевтің отбасымен ойламаған жерден жолығады. Жат жерде жүздескен қос қазақтың бір-біріне деген бауырмалдығы осылайша арта түседі. Олар достық деген қастерлі ұғыммен өмір сүрді. Уақыт өте келе генерал Ж.Кереевтің демалысқа шығуы керек болды. Ханой әуежайына Шөкеевтің де отбасы келді. Олар генерал Ж.Кереевтің демалысқа өз еліне кетіп бара жатқанын біліп, қуанышпен шығарып салды. Бұл уақыт 1983 жылдың 25 сәуір айы болатын. Кенеттен аяқ астынан ұшаққа отырған генерал Ж.Кереев сырқатқа шалынып қалды. Мәскеуге келісімен оны жедел түрде әскери госпитальге апарып жатқызды. Оның өмірі үшін дәрігерлер ажалмен сағаттар бойы арпалысты. Алайда, ауыр дертке шалдыққан генералдың өмірін олар ажалдан құтқара алмады. Осылайша Отан үшін бар ғұмырын арнаған алып жүрек өз соғысын тоқтатты. Сүйегі Алматыдағы Кеңсай зиратына қойылды. Генерал-лейтенант Ж.Кереев 53 жыл ғұмырының 33 жылын әскери қызметке арнап, туған Қазақстанынан жырақта өткізді. Алайда, нар тұлғалы азамат ел намысы ер намысы – екенін ұмытпады. Жүрегінде – Отан деген қастерлі ұғым жатты. Найля КЕРЕЕВА.