05 Шілде, 2015

Астана – ел тірегі, ұлт жүрегі

647 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астана куниКеше қала күні мерекесіне орай елордадағы Абай ескерткіші алдында «Астана – ел тірегі, ұлт жүрегі» атты кітап және поэзия мерекесі аталып өтті. Шара мақсаты – еліміздің мәдени салт-дәстүрлерін сақтау, дамыту және Қазақстанның ақын-жазушыларының шығармашылығын кеңінен насихаттай отырып, ұрпақты ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға ынталандыру, олардың шығармашылық әлеуетін оятып, шығармашылық қабілетін ұштау. Салтанатты шараны Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының төрағасы, ақын  Несіпбек Айтұлы ашты. Бұл поэзия мерекесі біздің қоғамымыздың жаңаруы мен дамуына, мәдени құндылықты насихаттауда шынайы құлшыныс бар Астана қаласының зиялы қауым өкілдері мен жас ақындар қатысатын шығармашылық алаң болмақ. Көкірегін шаттық пен қуаныш кернеген жас ақындар Астанаға арналған өлеңдерін оқып, мерекеге қатысушылардың рухын асқақтатты. Биылғы кітап және поэзия мерекесі Қазақ хандығының 550 жылдығы, ҰОС Жеңісінің 70 жылдығы, мен ҚХА – 20, Конституцияның – 20  жылдығы және Ұлы Абайдың 170 жылдығы аясында өтті. Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ ұйымдастырған 20 метрге созылған «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау, бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы» атты кітап көрмесі де поэзия мерекесінің мәнін арттыра түскендей болды. Кітап көрмесі Астананың тарихы, жемісі мен жеңісі, жеткен жетістіктері  мен жоғарыда аты аталған айтулы даталарға орай, бас-аяғы 650 кітап қойылды. Мерекелік бағдарлама аясында Қазақ хандығының 550 жылдығына арнаған М.Горький атындағы орыс драма театры әртістерінің орындауында «Сақ патшайымы – Тұмар» қойылымынан үзінді берілді. Әлемдегі ең атақты әйел патшалардың бірі Томирис ханшаның жеңілуді білмейтін асқан қаһармандығына көрермендер қанық болды. Сонымен қоса, ҰОС Жеңісінің 70 жылдығына арналған Тарихи фактілер калейдоскобына тоқталып өтсек. Бұл блокта 2015 жылдың 2 сәуір айында 10-16 жас аралығында мектеп оқушылары арасында «Мәңгілік Ел» тақырыбына өлең және «Мен атаммен мақтанамын!» шығарма жазу сайысы жарияланған болатын. Сол сайыстың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен жеңімпаздарға қала әкімдігінің арнайы сыйлықтары мен Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ, соғыс ардагерлеріне қошемет көрсетіліп, әскери хордың қатысуымен концерттік бағдарлама берілді. Шара шеңберінде Ұлы Абайдың 170 жылдығына арналған Абай оқулары «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» шығармаларын мәнерлеп оқу, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» әдеби марафонына Астана қаласының  барлық мәдени-ұлттық орталықтары қатысты. Олар өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін, мәдениеті мен әдет-ғұрпын көрсете отырып, өз тілдерінде ән шырқап, ұлттық билерімен қала тұрғындарын қуанышқа бөледі. Биылғы жылы да поэзия мерекесін ерекшелендіретін кітапханалар жүйесі 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі шара – «Оқы, Астана! Оқитын кез келді» атты акция. Аталмыш шара барысында кітапханаларда жыл бойына үзбей кітап оқыған оқырмандар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Және Астана кітапханалары туралы ақпараттық буклеттер мен ақын-жазушылардың кітаптары үлестіріліп, сала қызметкерлерінің қатысуымен флэшмоб орындалды. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20