05 Шілде, 2015

Жаңа аялдамалар

564 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
аялдама Ірі мегаполистің әлеуметтік-экономикалық тіршілігінің тиімді де іркіліссіз жұмыс істеуі үшін жетілген жол-көлік инфрақұрылымының болуы қажет. Озық технологияға негізделген жол-көлік инфрақұрылымы бар мегаполис­те өмір деңгейі де барынша сапалы әрі қолайлы болмақ. Мемлекет басшысының елорданы одан әрі өркендету мәселесінде қаланың базалық инфрақұрылымын, оның ішінде қоғамдық көлік қатынасын дамытуға үнемі басымдық беріп келе жатқандығы да сондықтан. Көлік стратегиясының тиім­ділігі тек жол-көлік инфра­құ­рылымын дамытумен ғана шектелмесе керек. Бұл орайда қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қатынасының және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасының да айрықша мәні бар. Осыған орай, елордадағы қоғамдық көлік қатынасын жақсарту және жолаушыларға барынша тиімді де сапалы қызмет көрсету жайы барған сайын жүйелі түрде жетілдіріліп келеді. Қаламызда жүрдек автобустар тасымалы жүйесін салу жұмысы да қолға алынды. Бүгінде Астананың көлік инфра­­құрылымын жаңғырту кешенді жұмыстармен жалғасуда. Қала әкімдігінің тапсырмасы бо­йынша жыл аяғына дейін елордада жабық пішіндегі 55 аялдама тұрғызылмақ. Алдағы уақытта қаламызда осындай пішіндегі барлығы 82 жаңа аялдама тұр­ғызылады деп жоспарлануда. Бұл аялдамалардың барлығы әлеуметтік маңызы бар нысандарға жақын орналастырылмақ. Сонымен бірге, қала көшелері инфрақұрылымын жаңғырту жобасына байланысты аялдамаларда ақпараттық жүйелер қондырғысын орнату қолға алынады. Аялдамаларда орнатылатын арнаулы табло арқылы астаналықтар мен қала қонақтары қажетті бағыттағы автобустарының жүру кестесімен танысатын болады. Елордадағы қоғамдық көліктерде жолақысын төлеу электрондық жүйеге көшіріледі. Бұл жоба биылғы жылдың қазан-қараша айларында толық іс жүзіне асырылмақ. – Біз жолаушылар тасымалы диспетчерлерін жаңа стандарттар бойынша жұмыс істеу пішініне көшіруді бастадық. Көлік қатынасының кестесі арнаулы бағдарлама бойынша құрылады. Бүгінде бүкіл әлем осы тәжірибемен жұмыс істеуде. Шілде айында біз бүгінгі заман талабына сай жабдықталған  call-орталық ашамыз. Бұл қала тұрғындарына қоғамдық көлік қатынасында орын алған келеңсіздіктердің шұғыл алдын алуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жақын арада біз қалалық қо­ғамдық көліктердің қатынасын бақы­лаудың жаңа жүйесін енгіземіз. Бұдан былай қоғамдық көлікте тегін жүруге тырысатын жолаушылар жауапқа тартылады, – дейді «Астана LRT» басқарма төрағасы Талғат Ардан. Жарас СӘДУАҚАСОВ.