28 Шілде, 2010

Қазақ менің өз жұртым

1672 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
“Ер жігіттің үш жұрты болады” деген екен атам қазақ. Біріншісі – өз жұртым, ата жұртым. Екіншісі – ана жұрты, нағашы жұртым. Үшіншісі – әйелімнің жұрты, қайын жұртым. Менің анам – қазақ қызы. “Сүйемін туған тілім – анам тілін, Бесікте жатқанымда берген білім”, деп сол анам өзі ұстаз болғандықтан, бастауыш сыныптан бастап қазақ тілінде оқытып еді. Сондықтан әкем Жұмамұрат қарақалпақ болғанымен, оның ұлы – мен қазақ мектебін бітіріп, Ташкенттің институтына түсіп, сонда Алматының жігітімен бес жыл дос болып, бірге жүріп, қазақ қызына үйленген болатынмын. Қазіргі уақытта тағдырдың жазуымен, заманның озуымен әрі нағашы жұртым, әрі қайын жұртым, әрі түбі бірге туысым саналатын қазақ еліне келіп, оралман ретінде қоныстанған жайым бар. Анамның да бір кездегі арманына орай, көңілінде жүрген қызына үйленіп, енді бірте-бірте өзім де нағыз қазаққа айналып бара жатқан секілдімін. Түрім де, тілім де, ділім де қазақ. Иә, қазақ пен қарақалпақ бір бәйте­ректің бұтағындай халықпыз. Қуанышымыз да, қайғымыз да ортақ болған. Кәдімгі Шоқан Уәлиханов “Сахара бұлбұлы” деп атаған қарақалпақпыз. Абайды жатқа білетін осы халықты Алматының төңі­регінде әншейін “қалпақ” дей салады екен. Әйткен­­мен, оған ренжіп жатқан мен жоқ. Себебі, өзім жай ғана “қалпақ” болсам, “менде қандай салмақ болсын, тұрақтай алмай тегістікке, келдім ғой, міне, егістікке”. Енді қона­рымды сай біліп, ұшарымды жел біліп “қалпақ” болып жүрмін. Мен жеңілдім нағашылардан! Анам қазақ болған соң, одан соң әйелім қазақ болған соң, менің де қазақ­ты­ғым басым болып шығып жатыр. Сөйтіп, қазақтың ұпайы түгенделіп тұр. Осы күні: “Желке неге ас болмайды – жалы болса, жиен неге ел болмайды – малы болса”, деген мақалды жиі айтатын болдым. Малым жоқ болса да, Құдайға шүкір деймін, енді менің Қазақ елім бар, Жетісу жерім бар. Осында тік көтеріле көшіп келгеннен бергі жылдарда қиындық та көрмедік деп айта алмаймыз. Май шаммен отырған, түңіліп торыққан, ашқұрсақ жүрген күндер де болмай қалған жоқ. Кейбір шенеуніктер де машақатты молайтып, анда-мұнда сүйреп біраз сандалтты. Бірақ, үмітіміз үзілмеді. Жағдайымыз жақсарып келеді. Таяуда заңды түрде квотамызды алдық, соған желкеміз күдірейіп шыға келді. Амандық болса, алдағы уақытта ісіміз оңғарылар деймін. Қазақстанның азаматы атанған соң екі бірдей мамандығым бар маған тұрақты жұмыс та табылар деген сенімім күшейе түсті. Елбасының Жолдауын да ежіктеп оқыдым. Жолдау да сенімімді одан әрі бекітті. Ата-жұртым – Қазақ елінің мен де бір тілекшісі, тілекшісі ғана емес, тірегі де болмақпын. Анам мені қазақ қылса, мен енді сол анамның аманатын орындағандай, ұлым мен қызымды қазақ қылып, қазақша оқытып жатырмын. Қуаныш қалқып ұшқан қауырсындай, Қайғы-мұң қаптаған ну самырсындай. Қайғы да, қуаныш та бір өзіңнен, Сен өзің қандай болсаң өмір сондай, – дегендей, жаңадан тапқан өз жұртымда, Қазақ елімде өзімнің, жарымның, балаларымның, отбасы әулетімнің бақытын, ырыс-берекесін өз қолыммен сомдамақпын. Қуаныш САПАРНИЯЗОВ, оралман. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Тұрар ауылы.