17 Қазан, 2015

Жүрегі жоқ жүргізуші

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Теміртаулық автобус жүргі­зушілерінің түстерінің суықтығы сондай, олар қабақтарын түйсе болды, қаланың төбесіндегі қою түтін ыдырап, домна пешіндегі балқыған шойын қайтадан қатып қалады. Иә, олардың қабақтары қатулы-ақ. Бір қолы рульде бол­са, екінші қолы жұдырық болып түйілген. Жолақысын төле­месеңіз – төбеңізден түйіп жібе­ру олар үшін түкке де тұрмайтын шығар. Түйіп қана қойса жақсы-ау, желкеңізден алып автобустан лақтырып жіберуі де бек мүмкін... Таяуда ғана болған мына оқиға­дан соң осылай демеске лажың жоқ. Қаладағы маршруттардың біріне қатынайтын автобусқа мінген мектеп оқушысының – жап-жас баланың жолақы төлер кезде 10 теңгесі жетпей қалыпты. Ойын баласы ғой, жүгіріп жүргенінде жоғалтып алды ма екен? Содан, аялдамасына жеткенде бала жыламсырап, жүргізушіден бір жолға рахым етіп түсіруін сұрайды ғой. Алайда, теміртаулық жүргізушінің қабағы тастай түйіліп, автобустың есігін тарс жауып алған. Әбүйір болғанда, жолаушылар арасынан қайырымды бір жан табылып, баланың жетпей қалған жолақысын төлепті. Сонда ғана көңілі көктемір жүргізуші екі аялдамадан өтіп барып, баланы автобустан түсірген... Әлгі баланың анасы Виктория Вельмакинаның айтарға сөзі жоқ. «Баланың жылағанына жүргізуші түкіріп қойған ғой. Жетпей қалған тиынын төлеп берген қызға басымызды иіп, алғыс айтамыз. Мен осы жүргізушілерді түсіне алмаймын, хайуанға айналып бара ма? Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары бар. Енді келіп солардың бәрін күннің суығына қарамай автобустан лақтыра беру керек пе? Біз қайда бара жатырмыз, өзі?!», деп жазыпты әлеуметтік желіде ашынған ана. Бір қызығы, Теміртаудағы автобус паркіндегілер бұл оқиғадан хабардар екен. Қазіргі уақытта мәселенің ақ-қарасы анықталып жатқанға ұқсайды... Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы.