Осыдан біраз жылдар бұрын Алматыға қарасты “Шаңырақтың” төңірегіндегі алаяқтардың арбауына алданған, жалған құжаттармен рәсімделген жер телімдерінен туындаған шатақтар көп уақытқа дейін осы төңіректен жер алғысы келген жұртшылықтың бәрін сан соқтырғаны белгілі. “Шын жыласа, соқыр көзден жас шығар” дегендей, алданғанымызды білгеннен кейін көпшілік қауым оттың ұшқынындай ғана үмітімізді ешуақытта да үзген емеспіз. Елім, жерім деп өз бауырларымыздың көшіне қосылып, қазағымыздың даңқын асқақтату жолында барлық қиыншылықтарға төземіз деп келгенде, қасиетті қазақ жері, қара шаңырақ бізді далаға қалдырмайтынына кәміл сендік. Елбасының тікелей қадағалауымен, биліктің белсене араласуымен көп ұзамай мәселенің түйткілі оң нәтижелермен шешіліп жатты. Атажұртын аңсап, тарихи Отанына оралған, өзге елде сұлтан болғаннан гөрі өз елінің ұлтаны болуға бейіл бауырлас отандастар мен еліміздің басқа да аймақтарынан көшіп келген отбасыларға заңды жер телімдерінің құжаттары үлестірілді. “Басы қатты болса, соңы тәтті болады”, демекші алғашында дауға толы мекен дәулеті тасыған құтты жерге айналды.
Бұл өңір қаладағы Алатау ауданына қарайды. Осы ауданда екі жыл ішінде үш мыңнан астам отбасы “Жер туралы мемлекеттік актіні” қолдарына алып, үрейлі сезімдерін үміт пен қуаныш арқылы үкіледі десек қателеспейміз.
Билік тарапынан жасалынып жатқан игі істермен, жоспарланып жатқан жұмыстармен күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көріп, естіп, оқып жүрміз. Салмақты істердің жауапкершіліктерін өз еліміздің перзенті ретінде түсіністікпен қарап, қуанышқа бөленудеміз. Алатау ауданының орталығы “Шаңырақ-2” шағын ауданы бүгінгі таңда көз алдымызда гүлденіп келеді. Бой көтерген №164 балабақша қазіргі заман талаптарына сай, өте әсем ғимарат. Алла амандығын берсе, талай бүлдіршіндер, еліміздің ертеңі саналатын өрендер осы жерден алғашқы оқу тәрбиелерін алмақ. Сонымен қатар, жуық арада шетелдік құрылғылармен, технологиялармен жабдықталған аудан емханасы да есігін айқара ашпақ. Әкімдік маңайынан қаз-қатар ашылып жатқан халыққа қызмет көрсету орталығы, прокуратура, сот, салық басқармасы сынды қызмет орындарының бір жерде шоғырлануы ел үшін өте тиімді болып отыр.
Алатау ауданының төңірегінде нәтижелі жұмыс атқарып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың қатарына жататын қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер жетерлік. Мәселен, ЖӨӨБК мен “Шаңырақ-Игілік” қоғамдық бірлестіктерін айтуға болады. Бұл екі қоғамдық ұйымның басы-қасында жанашыр әрі батыл қадамдардан тайсалмайтын, өзі нәзік жанды болса да қайсарлығымен көзге түсетін Алма Медеубаеваның еңбегін айтпай кетпеске болмас. Қоғамдық жұмысқа әбден ысылып алған төрайым “Оралмандарға көмек және оларды әлеуметтік бейімдеу қызметін ұйымдастыру”, “Алатау ауданының даму ерекшеліктерін зерттеу”, “Ақпараттық биржа көмегімен Алматы қаласындағы шағын кәсіпкерліктің инновациялық жобаларын дағдарысқа қарсы қолдау” атты әлеуметтік жұмыстарға басшылық етіп, әрқайсысымыздың өз үлестерімізді қосуға мүмкіндік жасап келеді. Ауданымыздың дамуына, өркендеуіне тонның ішкі бауындай жақын, қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатырмыз.
Небәрі екі жылдың ішінде көшеміздің басым көпшілігіне асфальт төселіп, жерлеріміз заңдастырылып, аудан электр қуатымен, табиғи газбен, ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Сондықтан да осындай игі істерді атқарып жүрген билік басындағылар мен аудан басшыларына алғысымыз шексіз. Олай болса бәсекеге қабілетті болып, жасампаз елдің атына лайық болу үшін ел перзенті ретінде біз де аянбай еңбек етеміз. Халық игілігі үшін жол бастаған, нақты қадамдарға бағыт сілтеген елдің тіреуі, ұлттың жанашыры боламыз. Елдің ертеңіне ерінбей еңбек етеміз!
Г.Билібаева, С.Әбілшанова, А.ШҮкенова, К.Боранов, О.Сатаев. Хатқа бұдан басқа да 10 адам қол қойған.
Алматы, Шаңырақ – 2 шағын ауданы.