28 Шілде, 2010

“ШАҢЫРАҚТЫҢ” ШАТТЫҒЫ

579 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Осыдан біраз жылдар бұрын Ал­­ма­­тыға қарасты “Шаңырақтың” тө­ңі­регіндегі алаяқтардың арбауына ал­дан­ған, жалған құжаттармен рә­сім­делген жер телімдерінен туын­даған шатақтар көп уақытқа дейін осы тө­ңі­ректен жер алғысы келген жұртшы­лықтың бәрін сан соқтыр­ғаны бел­гілі. “Шын жыласа, соқыр көзден жас шығар” дегендей, алдан­ғанымызды біл­геннен кейін көпшілік қауым от­тың ұшқынындай ғана үмі­ті­мізді еш­уақытта да үзген емеспіз. Елім, же­рім деп өз бауыр­ла­ры­­мыз­дың көшіне қосылып, қазағы­мыздың даңқын ас­қақтату жолында барлық қиыншы­лық­­­тарға төземіз деп кел­генде, қасиет­ті қазақ жері, қара ша­ңырақ бізді дала­ға қалдырмайтынына кәміл сендік. Елбасының тікелей қа­дағалауымен, биліктің белсене арала­суымен көп ұзамай мәселенің түйт­кілі оң нәти­же­лермен шешіліп жат­ты. Атажұртын аңсап, тарихи Ота­ны­на оралған, өзге елде сұлтан болған­нан гөрі өз елінің ұл­таны болуға бей­іл бауырлас отан­дас­тар мен елі­міздің басқа да аймақ­та­рынан көшіп келген от­басыларға заңды жер телім­д­е­­рінің құжаттары үлестірілді. “Басы қатты болса, соңы тәтті болады”, де­мек­ші алғашында дауға толы мекен дәу­леті тасыған құтты жерге айналды. Бұл өңір қаладағы Алатау ауда­ны­на қарайды. Осы ауданда екі жыл ішінде үш мыңнан астам отбасы “Жер туралы мемлекеттік актіні” қолдарына алып, үрейлі сезімдерін үміт пен қуаныш арқылы үкіледі десек қателеспейміз. Билік тарапынан жасалынып жатқан игі істермен, жоспарланып жатқан жұмыстармен күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары ар­қылы көріп, естіп, оқып жүрміз. Сал­мақты істердің жауапкершіліктерін өз еліміздің перзенті ретінде түсініс­тікпен қарап, қуанышқа бөленудеміз. Алатау ауданы­ның орталығы “Шаңырақ-2” шағын ауданы бүгінгі таңда көз алдымызда гүлденіп келеді. Бой көтерген №164 балабақша қазіргі заман талаптарына сай, өте әсем ғимарат. Алла аманды­ғын берсе, талай бүлдіршіндер, еліміз­дің ертеңі саналатын өрендер осы жер­ден ал­ғаш­қы оқу тәрбиелерін алмақ. Сонымен қатар, жуық арада шетелдік құрылғылармен, технологиялармен жабдықталған аудан емханасы да есігін айқара ашпақ. Әкімдік маңайы­нан қаз-қатар ашылып жатқан халыққа қызмет көрсету орталығы, прокуратура, сот, салық басқармасы сынды қызмет орындарының бір жерде шоғырлануы ел үшін өте тиімді болып отыр. Алатау ауданының төңірегінде нәтижелі жұмыс атқарып жүрген үкі­­­мет­тік емес ұйымдардың қатарына жа­­­татын қоғамдық ұйымдар мен бір­лестіктер жетерлік. Мәселен, ЖӨӨБК мен “Шаңырақ-Игілік” қоғамдық бірлестік­терін айтуға болады. Бұл екі қоғамдық ұйымның басы-қасында жа­н­­­ашыр әрі батыл қадамдардан тай­салмайтын, өзі нәзік жанды болса да қайсарлығымен көзге түсетін Алма Ме­деубаеваның ең­бегін айтпай кет­пес­ке болмас. Қоғамдық жұмысқа әбден ысылып алған төрайым “Оралман­дарға көмек және оларды әлеуметтік бейімдеу қызметін ұйымдас­тыру”, “Алатау ауданының даму ерек­шеліктерін зерттеу”, “Ақпараттық биржа көмегімен Ал­ма­ты қаласындағы шағын кәсіпкер­лік­тің инновациялық жобала­рын дағ­дарысқа қарсы қолдау” атты әлеу­меттік жұмыстарға басшылық етіп, әрқайсысымыздың өз үлестері­мізді қосуға мүмкіндік жасап келеді. Ау­данымыздың дамуына, өркендеуіне тонның ішкі бауындай жақын, қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатырмыз. Небәрі екі жылдың ішінде көше­міздің басым көпшілігіне асфальт төселіп, жерлеріміз заңдастырылып, аудан электр қуатымен, табиғи газ­бен, ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Сондықтан да осындай игі іс­терді атқарып жүрген билік ба­сын­да­ғылар мен аудан басшыларына ал­ғысымыз шексіз. Олай болса бәсекеге қабілетті болып, жасампаз елдің атына лайық болу үшін ел перзенті ретінде біз де аянбай еңбек етеміз. Халық игілігі үшін жол бас­таған, нақты қадамдарға бағыт сіл­теген елдің тіреуі, ұлттың жанашыры боламыз. Елдің ертеңіне ерінбей еңбек етеміз! Г.Билібаева, С.Әбілшанова, А.ШҮкенова, К.Боранов, О.Сатаев. Хатқа бұдан басқа да 10 адам қол қойған. Алматы, Шаңырақ – 2 шағын ауданы.