Ленин портреті – 5 миллион доллар
Америкалық суретші Энди Уорхол салған Владимир Лениннің портреті Sothebys аукционында 4,7 миллион долларға сатылған. Сауда-саттыққа дейін оның құны 3,8-4,5 миллион долларға бағаланса керек. Кеңес Одағының «Күн көсемінің» портретіне оның 1897 жылғы, қазіргі кезде Мәскеудегі Ленин орталық музейінде сақтаулы тұрған суреті пайдаланылыпты.
Уорхолдың өзге дүниелері аукционда едәуір арзанға бағаланған. Мәселен, Жаклин Кеннедидің портреті 1 миллион долларға сатылыпты. Портрет оның күйеуі, АҚШ президенті Джон Кеннеди өлтірілгеннен кейін салынғанға ұқсайды. Картина бұған дейін АҚШ-тың, Жапония мен Ұлыбританияның ірі галереяларында қойылып келіпті. Ал суретшінің Мерилин Монроның бейнесі салынған полотносы 2,3 миллион долларға сатылған.
Зейнеткер балалар алаңын қиратты
Ресейдің Тверь қаласында зейнеткер әйел ауласындағы балалар алаңын демонтаждау үшін өз еркімен арнайы бригада және техника жалдаған. Оқыс оқиға қаладағы Благоев көшесіндегі №7 үйдің ауласына қатысты айтылып отыр. Алаңға арнайы техника жеткізіліп, әткеншектер мен басқа да түрлі снарядтар демонтаждалып тасталған.
Демонтаждау барысында балаларға арналған керек-жарақтың кейбірі сындырылыпты. Тұрғындардың айтуынша, зейнеткер кемпірге балалардың шуы жақпаса керек. Босатылған орынға ол кір жаятын құрылғы орнатуды көздеген деген де нұсқа бар. Аты-жөні нақты айтылмайтын мосқал әйел бұған дейін әкімшілікке балалар алаңын алып тастау туралы өтінішпен де шығыпты. Бірақ бұл өтініштен бас тартылған.
Жастарды лаңкестікке тартқан имам
Германияның астанасы Берлин қаласындағы Моабит ауданындағы мешітте имам болып жүрген Ресей азаматы қамауға алынды. Оған жастарды «Ислам мемлекеті» делінетін террорлық топтың қатарына тартумен айналысқан деген айып тағылып отыр. Германиядағы Ресей елшілігіндегілердің хабарлауынша, дипломатиялық миссиядан көмек сұрап әзірше ешкім қайырылмаған.
Прокуратураның мәліметтеріне қарағанда, тұтқындау неміс астанасында жүзеге асырылған. Ведомствода оның аты Мұрат делініп отыр. Ал тегінің алғашқы әрпі «А» екен. Дағыстан автономиясының тумасы. Орысша және чешенше шешен сөйлейтінге ұқсайды. Германия Федеративтік Республикасындағы чешен қоғамында айтарлықтай ықпалы бар көрінеді.
Лондонда бас аспазшы тоналды
Британиялық бас аспазшы Джейми Оливер тонаушылардың «құрбандығына» айналды. Ұрлықшылар оның Лондонның солтүстігіндегі үйіне еппен кіріп, 2 электр құралын үптеп кеткен. Полицияны кіреберіс есіктің ашық қалғанын көрген көршілері шақырыпты. Ал ұрылар үйге жертөле арқылы кірсе керек.
«Бағалы заттар ұрланғаны туралы ақпарат жоқ», – дейді бас аспазшының баспасөз хатшысы. Ал құқық қорғау органдарының қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексеруге кірісіпті. Әзірше ешбір күдікті анықталмаған. Ұрылар үйге түскен кезде Оливер зайыбымен және 4 баласымен өзінің Эссекс графтығындағы үйінде болған. Оның шілде айында сатып алынған, VII ғасырда салынған үлкен қамал-үйі де бар екен.
Бұрынғы ойыншының бұзықтығы несі?
Ағылшынның «Манчестер Юнайтед» командасының және Франция құрамасының бұрынғы шабуылшысы Эрик Кантона Elle журналының француз нұсқасының мұқабасы үшін жалаңаш күйінде суретке түсіпті. 49 жастағы спортшы фотосессияға өзінің зайыбы – 38 жастағы француз актрисасы Рашида Бракнимен бірге қатысқан.
Бірақ Рашида мұқабаға пальтомен түсіпті. Басылым, сонымен қатар, Кантонамен және Бракнимен сұхбат та жариялаған. 2007 жылы отбасын құрған ерлі-зайыптылар махаббат және отбасылық құндылықтар туралы ой-пайымдарымен бөлісіпті. Танымал футболшы өзінің ойыншы ретіндегі мансабын 1997 жылы тәмамдап, содан кейін кино түсіруге ден қойған еді. Ал ол «Манчестер Юнайтедпен» бірге 4 рет Англия чемпионы атанған болатын.
Зорлық көрген еркектер орталығы
Швецияның Стокгольмдегі бір клиникасы зорланған ер адамдарға көмек көрсететін орталық ашты. Енді аталған аурухана оның басшылығы мәлімдеген қағидатты қатаң ұстанатын болады. Ал басшылықтың қағидаты мынадай: медициналық қызмет көрсету мәселесінде жыныстардың теңдігін қамтамасыз ету.
«Біз зорлыққа ұшыраған еркектер үшін тұңғыш клиника ашып отырғанымызға қуаныштымыз. Бұған дейін біз әйелдер үшін дәл осындай орталық ашқан болатынбыз», – дейді медициналық орталықтың ашылуында сөз сөйлеген Либералдық партияның баспасөз хатшысы Расмус Йонлунд. Аталған орталықтың жұмысына, сондай-ақ, центристер, Христиандық демократтар партиясы қолдау көрсеткен.
Ақпарат агенттіктерінің материалдары негізінде әзірленді.