Уақыт адамдарды ұзақ мерзімде біріктірcе, заманымыз бір деп айтамыз. Сол уақыт аралығында өткен ірі тарихи оқиға – ел тәуелсіздігі мен жаңа мемлекеттің қалыптасуы адамдарды тағдырлас ететіні белгілі. Сондай сындарлы сәтте ел болашағына деген ең үлкен жауапкершілік ел басшысына жүктеледі және де мемлекет оның қабілетіне байланысты дамиды.
Әр адамның табиғи ұмтылысы – отбасын құрып, өмірге келген негізгі миссиясы өз ұрпағын, сол арқылы адамзатты дамыту болса, менің ойымша, әр ұлт, отбасы жиынтығы ретінде, өз мемлекетін құрып, адамзат өркениетінің даму үрдісіне үлес қосуы табиғи заңдылыққа жатады.
Мен 1980-1993 жылдары Мәскеу болат және қорытпалар институтында екі жылдық ғылыми тәжірибеде, Мәскеудің тау-кен университетінде аспирантура, докторантурада болған едім. Сол себепті, Кеңес Одағының ыдырауын, жаңа тәуелсіз елдердің, оның ішінде өз елім – Қазақстанның егемендігін сонда қарсы алғанмын.
Сексенінші жылдардың екінші жартысында Кеңес Одағы экономикалық, саяси тығырыққа тіреліп, сол жүйенің дәрменсіздігі байқалып, болашағы бұлыңғырлана бастады. Сол себепті, М.С.Горбачевтің «қайта құруды» қолға алып, оның да дұрыс жүргізілмегеніне байланысты қоғамда көп наразылықтар туындай бастаған еді. Сол уақытта, Мәскеу зиялыларының елге Н.Ә. Назарбаев сынды басшы керек, кемінде ол Министрлер Кеңесінің Төрағасына шақырылуы тиіс деген сөздеріне куә болған едім. Бұл біріншіден, Кеңес Одағының зиялы қауымының Н.Назарбаевтың талантты басшы ретінде үлкен әлеуетін бағалағаны болса, біздер қазақ жастары үшін зор мақтаныш еді. Әлі есімде, 1991 жылы 8 желтоқсанда кафедраға келсем, белгілі ғалым-профессорлар Л.А.Бахвалов, В.А.Горбатов, Л.Д.Певзнер: «Сіздердің Президенттеріңіз өте көреген адам, Беловеж кездесуіне бармай, әуежайда өз ойын еркін білдіріп, Қазақстанға қайтып кетті», деп өз ризашылықтарын білдірген еді. Артынан уақыт көрсеткендей, жетпіс жылдық тарихы бар кеңес империясы тарих тұғырынан «үштік» шешкен жолмен мүлде кеткен болатын.
Өз басым құнсызданған кеңестік рубльдің барлық республикалардан Қазақстанға ағылып, одан кейін Қазақстаннан Мәскеуге «Камаз»-дармен тасылғанының куәсі болған едім. Ең маңыздысы, біз территориямыздың тұтастығын қантөгіссіз сақтап, жаңа, дербес, егемен ел болдық. Бұл халқымыздың Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың болашақты алыстан болжайтын, ірі саясаткер ретіндегі сол кездегі көрегендік шешімі еді. Уақыт көрсетіп отырғандай, халықтың ел болуы, мемлекет болып қалыптасуы оның бірлігінде, біртұтастығында. Көпұлтты, көпконфессиялы Қазақстан үшін, сол жылдары қазақ ұлтының саны елде 50 пайыздан төмен болып тұрғанда, асығыстық жасау өте қауіпті болатынын, қазір әлемдегі қақтығыстарды көріп отырғанда түсінгендей боласың. Өйткені, барлық қақтығыстардың негізгі себептері ұлтаралық, дінаралық шиеленістерден туындауда. Сондайлардың салдарынан көп елдер дербестігінен, жерінен, елдігінен айырылып жатқаны баршамызға мәлім.
Осы орайда, Елбасының кемеңгерлік көрсетіп, елдің бірлігін, мемлекетіміздің беріктігін сақтау тетіктерін қарастырып, Қазақстан халқы Ассамблеясын дер кезінде құруын айтуымыз керек. Қазіргі уақытта бұл жобаның тиімділігін жұрт көріп отырса, оның жасампаздығын әлем мойындауда. Бұдан басқа тек Қазақ еліне ғана емес, әлемдік маңызы бар мәселе – дінаралық татулықты дамытудағы Елбасының еңбегі ересен және де әлем жұртшылығының назарында.
1993 жылдың күзінде докторлық диссертациямды мерзімінен бұрын қорғап, елге оралдым. Өзім Мәскеуге жолдама алған Рудный индустриялық институтында кафедра меңгерушісі қызметіне кірістім. Жас мемлекетіміздің дамуына үлес қосу мақсатында 1994 жылғы Парламент сайлауына қатыстым, бірақ өтпедім. Өйткені, бес пайыздан төмен ұлт өкілі тұратын қалада отыз пайыздан жоғары дауыс жинаудың өзі – жетістік, тәжірибе жинақтадым. 1994 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жанындағы Жоғары техникалық колледжге ректор болып тағайындалдым. Кейін 1996 жылы осы екі оқу орны біріктірілгенде университетті басқардым.
Алғашқы рет Н.Ә.Назарбаевпен тікелей жүздесу мәртебесі Солтүстік Қазақстан мемлекеттік уиверситетінде ректор қызметінде жүргенде, 1998 жылдың қазан айында болды. Кездесуден алған ағашқы әсер – ол кісінің қарапайымдылығы, кісіні тең дәрежеде қабылдауы және қандай тақырып көтерілсе де жан-жақты білгірлігін айтар едім.
Ол уақытта облыста қиын кезең еді. Жарық пен жылу толық берілмей, жалақы, зейнетақы дер кезінде төленбейтін. Елбасы өз сөзінде бұл қиындықтардың өтпелі екенін, қазіргі уақытта бірлікті сақтап, қажырлы еңбек етуге шақырды. Жиналысқа келгендерді сендіре білді. «Қазақстанның солтүстік аймағында жоғары білімді сапалы мамандар даярлайтын университет бар екендігіне шын қуаныштымын, қазіргі заманға лайық мамандар осы жерде өркендейді», деп өзінің жылы лебізін білдіріп кетті. Осы өңірдің бұрынғы тұрғыны ретінде Президенттің ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіруі стратегиялық маңызы бар, дер кезінде қабылданған шешім болғанын баяндағым келеді. Өйткені, аймақтағы көпшілік үшін Алматыға қарағанда Мәскеу барлық жағынан жақын астана еді.
Жеті жыл қызмет барысында байқағаным, өңірдегі басқа ұлт өкілдері Н.Ә.Назарбаевты ұлтаралық келісімнің кепілі, сенімді басшы ретінде қабылдайтыны. Соның дәлелі үш айдан кейінгі Президент сайлауында облыс тұрғындары Қазақстан бойынша Н.Ә.Назарбаевқа көп дауыс бергені дер кезінде дер едім.
Аз уақыт өткен соң, Президентіміз Білім және ғылым министрлігіне басшылық қызметке шақырды. Қызметке тағайындағанда: «Сен үйрен, үкімет дәлізінде жүріп ысыл, білім, ғылым мәселелерін кең ауқымда алып қарап, басқару тәжірибесін меңгер!» – деп Елбасы жолымды ашты. Бұл Мемлекет басшысының жастарды қолдап, үнемі қамқорлық жасайтын ерекше қасиетінің айқын көрінісі еді. Осы жолы Президент маған тікелей мақсатты тапсырма берді. Ол жекеменшік оқу орындарының көбейіп кеткендігін, оларды қысқарту керектігін айтты. Тапсырманы орындау барысында жоғары оқу орындарының санын 300-ден 171-ге түсірдік, білімді дамыту концепциясы дайындалды. Министрлікте үлкен кәсіби мектептен өттім. Қазақстанның Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқардым деп ойлаймын. Сонда алған тәжірибелерім кейін өз пайдасын берді.
Министрліктен кейін Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде ректор болып қызмет атқарғанда, Елбасы көрсеткен бағыттың көмегі мол болды. Университеттің заманауи үлгісі ретінде «университет-технопарк» жобасын іске асырдық. Халықаралық деңгейде жоғары бағаланған ШҚМТУ үздік инновациялық университет деген атаққа лайық болды. Өңірде ірі-ірі республикалық, халықаралық іс-шаралар өтетін алаңға айналды. Мен ректорлық қызмет атқарған жеті жылда Елбасы үш рет университетке ат басын бұрды. Аймақтық университет үшін бұл ең үлкен мәртебе екенін атап өткім келеді.
Шығыс өңірінің ғана емес, жалпы Қазақстан халқы үшін Елбасының Семей атом полигонын жабуы және де ядролық қарудан бас тартуы әлеуметтік қана емес, саяси және экономикалық маңызы бар уақиға болғаны барлық жұртшылыққа мәлім. Соның нәтижесінде әлемде ядролық жарылыстар тоқтатылып, тыныштық кезең қалыптасты. Елбасының салиқалы саясатының арқасында Қазақстан өркениет жолын таңдады.
Стратегиялық деңгейдегі қабылданған дұрыс шешім елімізге шетелдік инвестициялар құюға кеңінен жол ашты. Қазақстан бұрынғы КСРО елдерінің арасында шетел инвестициясын тартуда ең алдыңғы орынға шықты.
Қазақстанның қарқынды дамуына Елбасы стратегиялық бағытта жаңа көкжиектерді ашып берді. Кезінде ұсынылған 2030 стратегиясы мерзімінен бұрын орындалып, жаңа стратегия – «Қазақстан-2050» алдымызда тұр. Бұл стратегиялардың негізгі мақсаты, халықтың әл-ауқатын арттыру, озық елдердің үлгісіне лайық халықтың өмір сапасын сәйкестендіру, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады.
Осындай ірі жобаларды іске асыруға алысты болжай білетін Елбасымен қатар, ұлттың үлкен интеллектуалды әлеуеті қажет. Осы орайда, ұлттың озық, ұлы болуы оның санында емес, сапасында екенін атап өту керек. Еліміздің бәсекеге қабілетті адами капиталын қалыптастыру жолында Елбасы тынбай ірі-ірі жобаларды іске асырып келе жатыр. Бұлар интеллектуалды ұлт, «Болашақ» бағдарламасы, Назарбаев Университет, тағы да басқа жобалар. Көрнекті ғалым ретінде Елбасы әрқашан да білім мен ғылым дамуын басты назарда ұстап келеді.
Әр ұлттың халықаралық мәртебесі, тарихтан алатын орны оның адамзат өркениетінің дамуына қосқан үлесіне байланысты. Қазақ ұлтының да көрнекті өкілдері арқылы өркениетке қосқан өз үлесін әлем жұртшылығы мойындайтыны анық. Адамзаттың екінші ұстазы атанған әл-Фараби, ұлы Абай, бертіндегі М.Әуезов, Қ.Сәтбаев сынды ұлт өкілдерінің әлемдік деңгейдегі еңбектерін ешкім жоққа шығара алмайды.
Елбасының әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауды, адамзат өркениетінің тұрақты дамуына қосқан үлесі осы уақытта халықаралық деңгейде өз бағасын алып жатыр. Әрине, Н.Ә.Назарбаев Қазақстандай жас дамушы елдің Президенті емес, егер алпауыт АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан сияқты ірі мемлекеттердің басшысы болғанда, Елбасының барлық ұсыныстарының, жобаларының нәтижесі де, еңбегінің бағасы да еселене түсері сөзсіз. Қазақта «Елдің атын ер шығарады» деген аталы сөз бар. Елбасының арқасында Қазақстан әлемге танымал болды, әлі де таныла бермек.
Елбасының ірі тұлға ретінде, зор қабілет, ерекше жадының иесі, сонымен қатар, білетін адамдарға әрқашан да жылы көңіл білдіретінін, қамқорлықпен қолдап отыратынын ілтипатпен атап айтқым келеді.
Өмір болған соң қиындығы, қызығы, ащысы мен тұшысы да болатыны белгілі. Ең қиындығы – адамға жат қасиеттер: әділетсіздік, жала жабу, мақсатты қудалау екенін басынан өткерген азаматтар жақсы біледі деп ойлаймын. Сондай жағдайды ҚазҰУ-де алғашқы ректорлық жылдарда өз басымнан өткізгенімді біреу білер, біреу білмес. Көп айтпай-ақ, үш жыл мерзімде университет жетпіске тарта тексеруден өтіп, бір жылда екі рет аттестациядан, екі рет аудиттен өткенін біздің ұжым жақсы біледі. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған ғылыми еңбектің жиынтығы ретінде университетте санаулы таралыммен шыққан кітаптың техникалық ақаулардан кеткен кемшіліктерді пайдаланып, жала жабу – қай ғалымға болсын ауыр айыптау. Ұлтымыздың ардақты азаматы Б.Момышұлы: «Шындық әрқашанда жеңеді, бірақ кешігіп жүреді», деп айтқандай, кейін сол кітапты әлемдегі ең үздік баспа «Шпрингер» Нобель сыйлығының лауреаты Д.Нэштің жақсы пікірімен шығарғаны көпшілікке мәлім. Сол кездердегі, одан кейінгі кездесулерде «Ғалым, білемін, жақсы жұмыс істеп жатырсың, әрі қарай батыл жалғастыр» немесе «Саған көп қиындық тудырды ғой, жетістіктерің құтты болсын!» деп Шпрингер де алғашқы Қазақстандық дара автор болып шыққан кітабыммен құттықтағаны мен үшін өте қымбат, ең жоғары мәртебе, дер кезінде көрсетілген баға жетпес қолдау болды.
Әр халықтың болашағы өскелең ұрпақпен, жастармен байланысты. Жастар ғасырлар бойы қалыптасқан жақсы ұлттық дәстүрлерді, келешекке жетелейтін ізгі құндылықтарды жалғастырып, сонымен жаңашыл үрдіс қосып отырса, халықтың болашағы айқын да зор.
Талай жыл кәсіби жұмысым жастармен байланысты болып келе жатқандықтан, көңіл толтырып айтатын жайт, еліміздің студент жастары талғампаз да талантты және олардың отансүйгіштігін ерекше айтар едім. Елбасына деген сүйіспеншілігі мол және зор сеніммен қарайды. Оған дәлел, өзім қызмет атқарған қай университетте болмасын, барлық президенттік сайлауда студент жастар ерекше белсенділік көрсетіп, әрқашан да Елбасына өз дауыстарын береді. Соңғы сайлауда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері бірауыздан қолдады, дауыстарын берді.
Осыған орай, студенттердің, елдің ертеңіне кең жол ашатын геосаяси мәселелерге – Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістікке байланысты түсіністікпен қабылдаған пікірін айтқым келеді. Олар: «Елбасы жаңа Қазақстанды құрды, ол еліміздің дамуына кері әсер ететін ешқандай жобаларды қолдамайды. Сондықтан, біз Президентке сенеміз және де әрқашанда оны қолдаймыз!» – деп өз ойларын білдіреді. Болашаққа апаратын саясатқа жастар сенгенде, қолдағанда, ондай елдің болашағы алда және де жарқын.
Жаңа мемлекет өз дамуында, ең алдымен, бодандықтың барлық түрінен арылып, жаңа кезеңде ұлтты болашаққа жетелейтін идеяны қажет етеді. Елбасының ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел. Бұл бүкіл қазақстандықтардың басын біріктіретін, ел болашағына арналған ұлы идея Тәуелсіздік пен егемендікті ұрпақтан-ұрпаққа қалыбын бұзбай сақтап, аманат етіп отыратын ұлт идеясы осы Мәңгілік Ел болып қалмақ.
Соңғы президенттік сайлаудағы әлем тарихындағы теңдессіз электораттық белсенділік деңгейі халықтың өз Көшбасшысына деген сенімінің, оның топтасқандығы мен ортақ болашаққа ұмтылысының жарқын мысалы ретінде «Қазақстандық ғажайыптың» тағы бір айғағына айналды. Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлаудағы айшықты да айқын жеңісі Қазақстан Көшбасшысының елімізді мақсатты да тұрақты дамыту жөніндегі орасан зор, тынымсыз жұмысының нәтижесі. Әр сайлау – таңдау. Президенттік сайлау – бүкілхалықтық таңдау.
Өзінің Тұңғыш Президентінің басшылығымен Қазақстан мемлекеттік құрылыстың алғашқы екі кезеңінен сеніммен өтіп, орныққан мемлекет жағдайына жетті. Президенттік сайлау еліміз дамуының тұтас бір мерзімін тәмамдап, жаңа, үшінші кезеңнің баспалдағына айналды. Қазақстан қоғамының терең институттық трансформациясы осы кезеңнің негізгі мазмұны болып отыр. Әлемдік деңгейдегі стратег ретінде Н.Назарбаев қазақстандық қоғамның жүйелі жаңғыруының бес қағидатын ұсынды. Алға қойылған мақсаттарға жету жолы болып табылатын, «Мемлекеттік құрылыстың 100 нақты қадамынан» тұратын Ұлт жоспарын жария етті. Бұл осы уақытта әлемде теңдесі жоқ қадамдар Мәңгілік Елдің орнығуына апаратын батыл да нақты ұлттық бағдарлама. Талай ғасыр бойы «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы үшін әлем картасында мәңгілік Қазақстанның орнығуынан асқан бақыт жоқ, одан биік мақсат жоқ!
Ғалымқайыр МҰТАНОВ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ ректоры, академик.
АЛМАТЫ.