17 Қазан, 2015

Көшпелі мәжілістің көкейкесті түйіні

268 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
DSC_9401Астана қаласындағы «Park Inn» қонақүйінің мәжіліс залында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жанындағы Қоғамдық кеңестің көшпелі мәжілісі болып өтті. Онда Астана қаласындағы Сауран және №24 көшелерінің қиылысында орналасқан көппәтерлі тұрғын үй кешені «сақалды» құрылысының мәселелері қаралды. Көшпелі мәжіліс отырысын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі (ТҚЖБ) жанындағы Қо­ғамдық кеңестің төрағасы, Қазақ­стан Журналистер одағының төрағасы, белгілі журналист Сейіт­қазы Матаев ашып, бүгінгі отырыстың күн тәртібін және оған қатысушыларды таныстырды. Көшпелі мәжіліске Қоғамдық кеңестің мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаты Тұрсынбек Өмірзақов, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ербол Қарашүкеев, банктің Орталық филиалының директоры Эльмира Қабыланбаева, «Астана қаласының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Талғат Рыспеков, оның орынбасары Ержас Айтуғанов, тұрғын үй басқармасы басшысының орын­басары Мира Байсүгірова және аталмыш тұрғын үй кешені үлескерлерінің өкілдері қатысты. «Бақсам, бақа екен» демекші, бүгінгі отырыста тілге тиек етілген мәселе елордадағы Сауран және №24 көшелерінің қиылысында орналасқан «сақалды» тұрғын үй құрылысы жайында болып отыр. Бұл көппәтерлі кешен құрылысы мемлекеттің Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында басталып, Астана қаласы әкімдігі қол қойған келісімге сәйкес осыдан екі жыл бұрын, яғни 2013 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілуге тиіс болатын. Бірақ, алаяқ мердігерлердің кесірінен құрылыс әлі күнге дейін бітетін емес. Соның салда­рынан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 242 салымшысы 2 жыл бойы әуре-сарсаңға түсіп, күні бүгінге дейін «табанақы, маңдай терлерімен» жиналған қаржыларына алатын пәтерлеріне қол жеткізе алмай жүр. Қоғамдық кеңес төрағасының айтуынша, бұл мәселеге байланыс­ты ТҚЖБ салымшылары тарапынан түсіп жатқан арыз-шағымдар тасқыны тоқтар емес. Үстіміздегі жылдың 9 маусымында Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы дәл осы «сақалды» құрылыс алаңында өткізілген болатын. Сол жиында Астана қаласы әкімдігі атынан «Астана қаласының құрылыс басқармасы» мемлекеттік меке­месі басшысының орынбасары Ержас Айтуғанов сөз алып, 2015 жылдың 1 шілдесіне дейін тұрғын үй кешеніндегі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, 31 шілдеге дейін мемлекеттік комис­сияның актісіне қол қойылатыны туралы уәде берген болатын. Тіпті, ол осы уәдесі орындалмаса, «қызметімнен өз еркіммен кете­мін», деп мәлімдеме жасаған еді. Оған сол отырысқа қатысқан бірнеше БАҚ өкілдері де куә болған. Алайда, содан бері үш ай мерзім өтсе де, «баяғы жартас, бір жартас» күйінде қалып, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ержас Айтуғанов та жылы орнын суытқан жоқ. Сейітқазы Матаевтың айтуынша, бүкіл республикамызда осыған дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары тарапынан қаржыландырылған 7 «сақалды» тұрғын үй кешені болған екен. Бүгінгі күнге дейін оның алтауы бойынша мәселе толық ше­шіліп, үлескерлер өздеріне тиесілі пәтерлерін алған. Тек осы елордадағы аталмыш тұрғын үй кешенінің «жыры» бітер емес. Жақында бұл тұрғын үй кешені салымшыларының бір топ өкілдері Алматыға барып, Қоғамдық ке­ңеске тағы да шағымданыпты. Бұл көппәтерлі тұрғын үй үлес­керлердің қаржысымен салынып жатқан құрылыс болып табылады. Сондықтан, банк салым­шыларының мүддесі Қоғам­дық кеңесті сырт қалдыра алмайды. Қысқасы, «сақалды» тұрғын үй кешенінің құрылысы қашан аяқталады? Көпшілікті толғандырып отыр­ған бұл көкейкесті сұраққа «Астана қаласының құрылыс басқармасы» мемлекеттік меке­месінің басшысы Талғат Рыспеков жауап берді. Оның айтуынша, бүгінде бұл құрылыс нысанында 100-ден астам құрылысшы уақытпен санаспай еңбек етіп жатыр. Қазір тұрғын үй кешеніне жылу тарту мәселесі шешілуде. Бас мердігер тарапынан жіберілген олқылықтарға байланысты бұл тұрғын үй кешенінің құрылысы созылып кетті. Енді бұл мәселе толық шешімін табуда. Қазір тұрғын үй кешенінің айналасын абаттандыру, асфальт төсеу жұмыстары да қолға алын­ған. Қысқасы, қазан айының соңына дейін тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі. Сөз кезегін ТҚЖБ жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі, белгілі теледидар жүргізушісі Сергей По­намарев алды. «Сіздер осыдан үш ай бұрын бұл тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі деген едіңіздер. Тіпті, сіздің орын­басарыңыз Ержас Айтуғанов Қоғамдық кеңес мүшелерінің ал­дында, бүкіл БАҚ өкілдері алдында, төрт камераға тікелей қарап тұрып, «тұрғын үй кешені 31 шілдеде пайдалануға берілмесе, өз еркіммен қызметімнен кетемін» деп мәлімдеген еді. Міне, бүгін сол орынбасарыңыз, Ержас Ай­туғанов түк болмағандай тағы ортамызда отыр. Мүмкін Ержас Айтуғанов жұмыстан кетуге бүгін өтініш беретін шығар», деді ол өз сөзінде. Келесі кезекте сөз алған Қоғамдық кеңес мүшесі және осы тұрғын кешенінің үлескері Айнұр Байсақалов С.Понамаревтің сөзін жандандырып, көпшілік алдында берген уәдесін орындамаған Е.Айтуғановқа шүйлікті: «Мен сіздің орныңызда болсам, уәдем­нен шығу үшін осы тұрғын үй құрылысының соңғы үлескері пәтер кілтін алғанша, пәтер жалдап тұрар едім», деді. Қоғамдық кеңес мүшелерінің тікелей айыптауларына Ержас Айтуғанов бірден жауап берді: «Бұл тұрғын үй кешенінің пайда­лануға берілуі менің қызметтен кетуіме байланысты болса, мен қазір өтініш жазуға дайынмын. Бірақ, мен жауапкершілігін жете сезінетін шенеунік ретінде бұл құрылыс кешені толық пай­далануға берілгенше, мінде­тім­ді атқаратын боламын. Біз бұ­рынғы бас мердігердің қыл­мыс­тық кемшіліктерін сотқа бер­дік. Алғашқы сот отырысы біз­дің пайдамызға шешілді. Біз әді­лет­тілікке қол жеткіземіз. Ал тұр­­ғын үй кешенінің құрылысы 31 қазанда толық аяқталатын бола­ды», деді «Астана қаласының құ­рылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары. Банк салымшылары атынан сөз алған үлескер Қайрат Сұлтанов тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталғаннан кейін Тұрғын үй басқармасы үлес­керлердің бұл пәтерлерге деген құжаттарын дайындауды созып, әуре-сарсаңға салмай ма, банк салымшылары қатты суық түскенше пәтерлеріне кіре ала ма, деген күдігін ортаға салды. «Біз ешкімнің де қызметінен кетіп, жазаға тартылуын қаламаймыз. Бізге пәтерлеріміздің кілтін алсақ болғаны. Міне, екі жылдан бері мен заңды баспанамды күтіп, пәтер жалдап шығынға батып жүр­мін. Үлескерлердің барлығы дерлік осындай қиындықтарды бастан кешіруде. Сондықтан, біз үшін пәтер кілтін алудан басқа арман жоқ», деді ол сөзінің соңында. «Астана қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік ме­кемесі басшысының орынбасары Мира Байсүгірова үлескерлердің сұра­ғына жауап бере келіп, бас­қар­ма тара­пынан құжаттар дай­ын­дау­да ешқандай кедергі бол­май­тындығына сендірді. Оның айтуынша, тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілгендігі жөнін­дегі мемлекеттік актіге қол қойыл­ғаннан кейін оншақты күннің ішінде құжаттар дайын болмақ. Отырысты қорытындылай келіп, Қоғамдық кеңес төрағасы Сейітқазы Матаев бұл «сақалды» құрылыс қашан аяқталып, тұрғын үй кешені қашан пайдалануға берілетіндігін тағы бір пысықтап өтті. Оған «Астана қаласының құрылыс басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Талғат Рыс­пеков «тұрғын үй кешенінің барлық құрылыс жұмыстары 31 қазанда толық аяқталады», деп нақты жауап берді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.