17 Қазан, 2015

Нық сеніммен қадам басып келеміз

512 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
фото Мырхалыкова Ж. (1)Бүгiнде әлемнiң көптеген елдерi күрделi экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келiп отыр. Жаһандық деңгейдегi сая­си текетiрестiң өрши түсуi дамыған, алпауыт мемлекеттердiң де iргесiн шайқай бастағандай. Түрлi сипаттағы жанжалдар мен қарулы қақтығыстардың жаңа ошақтары пайда болып, салдарынан миллиондаған адамдар кедейлiк пен аштыққа, босқындыққа ұшырап, мыңдаған бейкүнә жандардың қаны төгiлуде. Осынау алмағайып әлемде тұрақтылығы мен бейбiтшiлiгiн сақтап, орнықты дамып келе жатқан мемлекеттер санаулы ғана. Солардың бiрi де бiрегейi – Қазақстан. Әрине, бүкiл дүниежүзiн жай­лаған экономикалық дағдарыс бiздiң елiмiздi де айналып өтпесi анық. Қазақстан экспортқа шы­ғаратын өнiмдер бағасының күрт арзандауы еліміздің эконо­микасына да айтарлықтай әсер еткенi түсiнiктi. Дегенмен, эко­номикалық жағдайымыз жақ­сы кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қорды қалып­тастырған болатын. Сол кездерде кейбiреулер «мұнайдан түскен қаржыны халыққа таратып беру керек» деп шу көтергенi де есiмiзде. Бiрақ, халқымызда «Тарта-тарта жесең тай қалады, қоя-қоя жесең қой қалады, қоймай-қоймай жесең нең қалады?» деген мәтел бар емес пе?! Расында, Нұрсұлтан Әбiшұлы сол күндерi алда қиын кезеңдер боларын дәл болжаған екен. Бүгiнде Мемлекет басшысының кемеңгерлiгi мен көрегендiгiнiң арқасында Ұлттық қорға жинақталған қаржы отандық экономикамыздың тұрақтылығын сақтап отыр. Басқаша айтқанда, осынау қиын кезде сiз бен бiз­дiң зейнетақымыздың уақтылы төленiп, аурухана мен мектеп секiлдi әлеуметтiк маңызы бар нысандардың құрылысының тоқтамай тұруы, ұл-қыздары­мыздың жұмыссыз қалып, босып кетпегенi Елбасының бiр кездерi қабылдаған дұрыс шешiмiнiң жемiсi. Қазақстанның бүгiнгi мақ­саты – қиын күндер өткенше күнел­ту, әйтеуiр жан бағу емес, дағ­дарыстан серпiндi дамуға жол табу. Осы қи­ындықтардың өзiн алға ұмтылуға алғышарт етiп, болашаққа зор жеңiстермен қа­дам басу. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам­нан», тұратын Ұлт жос­парын тап осынау асқақ мақсатқа бастайтын ма­ңыз­ды тарихи құжат деп атар едiм. Ұлт жоспары ұзақ мерзiмге есептелген стратегиялық құжат дегенiмiзбен, оның аясында қа­былданып жатқан нақты қа­дамдардың игiлiгiн халық қазiрдiң өзiнде сезiнуде. Айталық, 2016 жылдың қаңтар айынан бастап бюджеттiк саладағы аза­маттық қызметкерлердiң жалақысы мен қариялардың зейнетақысының және мүмкiндiгi шектеулi аза­маттардың жәрдемақысының өсуi баршаны қуанышқа бөледi. Өйт­кенi, еңбек адамдарына лайықты жағдай жасау мен мұқтаж жан­дарға әлеуметтiк қолдауды кү­шей­ту қашанда маңызды әрi қай­ыр­лы iс. Қазақстанның басқа өңiрлерi секiлдi Оңтүстiк Қазақстан облы­сында да ауқымды iстер атқа­рылуда. Маңдайынан күн сүйген бiздiң туған өлкемiзде бұрын­ғысын айтпағанда, соңғы бiр жылда атқарылған жұмыстардың өзi ұшан-теңiз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық экономикамызды шикiзатқа тәуелдiлiктен құтқару үшiн кәсiпкерлiк пен өндiрiстiң дамуына, ауыл ша­руа­шылығының жандануына ерекше назар аударып келе жатқаны белгiлi. Мемлекет бас­шысының жеке қадағалауы мен қамқорлығының нәтижесiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы, кәсiпкерлiк салалары айтарлықтай дамып, өндiрiс жандана бастады. Соның бiр айғағы Ордабасы ауданында трактор зауытының ашыл­ған­дығы дер едiм. Аграрлы өңiр болып саналатын Оңтүстiк Қа­зақстан облысы үшiн ауыл шаруа­шылығы техникаларының қашанда орны бөлек. Бiр сәт еске түсiрелiкшi, тап осындай заманауи, сапалы тракторды қашан өзiмiз жасап, өзiмiз құрастырып едiк? Жоқ, мұндай тiрлiк тiптi кешегi Кеңес Одағының дүркiреп тұрған кезiнде де бол­маған. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдаған Үдемелi индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасының жемiсi. Те­мiрланда құрастырылып жатқан «Киоти» маркалы трактор жер өңдеуге, ауыл шаруашылығы өнiм­дерiне күтiм жасауға өте ың­­ғайлы. Мұндай заманауи тех­никаға қол жеткiзген диқан­дардың қырманы тасып, елiмiздiң несiбесiн арттыра түсетiнi ақиқат. Бұқаралық ақпарат құрал­дарынан бiлетiнiмiздей, облысымызда ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу, құрылыс материалдарын өндiру, тоқыма өнеркәсiбiн, фармацевтиканы, туризмдi дамыту бағыттарында қыруар жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, өңiрлiк iшкi жал­пы өнiм көлемiнiң 2 триллион 100 миллиард теңгеден асуы – үлкен жетiстiк. Ал облыс диқандарының 2 миллион тон­­надай көкөнiс пен бау-бақша өнiмдерiн өсiруi ауыл шаруа­шы­лығына көрсетiлiп жат­қан мем­лекеттiк қолдаудың нәтижесi. Бұрындары кәсiпкерлiк пен өндiрiстiң дамуына ең алдымен әкiмшiлiк кедергiлердiң көп­тiгi тосқауыл болатыны айтылушы едi. Сол себептi, облыста кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылып, «бiр терезе» қағидасы енгiзiлген. Онда өз iсiн бастаған азаматтарға кәсiби мамандар көмектеседi. Орталық бүгiнгi күнге дейiн 50 мың бизнесменге қызмет көрсеткен. Елу мың кәсiпкердiң қол астында 2-3 адамнан жұмыс iстейдi дегеннiң өзiнде, олардың әрқайсысының арқасында бiр-бiр отбасы тұр. Демек, Елбасының сарабдал саясатының арқасында ашылған осы бiр орталықтың пайдасы қаншама адамға тиiп, олардың тұрмысының түзелуiне ықпал еткенiн өзiңiз бағамдай берiңiз. Биыл облыстың барлық аудан-қалаларында да кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен кәсiпкерлiк мектептерi ашылыпты. Олардың барлығы да типтiк ғимараттарда жұмыс iстеуде. Шымкент қаласының ма­ңы­нан ашылып, нәтижелi жұ­мыс iстеп жатқан «Оңтүстiк» ин­дус­­триялық аймағы мен «Оң­түстiк» арнайы экономикалық ай­мағы – Президенттiң Үдемелi индус­триялық-инновациялық да­му бағдарламасының төл туындысы. Мұнда ондаған мың адам жұмыс iстеп, бiр жағынан бюджетке салық төлеп жатса, екiншi жағынан отбасыларын асырауда. Ал Шымкент қаласында жаңадан тағы 4 индустриялық аймақ ашу, сонымен қатар, облыстың бар­­­­лық аудан-қалаларында да ин­дустриялық аймақ құру жөнiн­дегi жаңалық бүкiл халықты қуа­нышқа бөлеп, ертеңгi күнге деген сенiмiмiздi нығайтты. Осы орайда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары елi­­мiздiң инновациялық дамуы­на, ғылым, бiлiм беру мен мәде­ниет салаларының алға жылжуы­на зор үлес қосқанын атап өткен жөн. Бiздiң оқытушы-про­фес­сорларымыз сапалы кадрлар дайындап, халықтың зияткерлiк деңгейiнiң өсуiне ық­пал етуде. Бұл ретте айта кетейік, Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған «Нұр­лы Жол – болашаққа бастар жол» ат­ты Жолдауында бі­лім са­­ласына ерекше назар ауда­ры­л­­­­ған. «Индустрияландыру бағ­дар­ла­малары шеңберінде базаларында ғылымның экономика са­ла­ларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталды. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырамын» делінген Жолдауда. Осы оқу орнының да таңдаулы білім ордаларының қатарынан көрінуі – ғалымдарымыздың инновациялық бағыттағы жұмысының мойын­далуын, қажырлы еңбектің баға­ланғанын білдіреді. Әл­бет­те, бұл университеттің абы­рой-беделін арттырып қана қоймай, жас ға­лымдардың өз мүмкіндіктеріне деген сенімін де нығайта түседі. Жалпы, біздің университеттің Қазақстан және әлем бойынша рейтингісі жылдан-жылға жо­ға­рылап келе жатыр. Жуырда ғана жарияланған Еуропалық одақ стандарттары бойынша Еуро­палық ғылыми-өнеркәсіптік палатасы дүниежүзіндегі жоға­ры оқу орындары арасында («Academіc Rankіng of World Unіversіtіes-European Standard ARES») жасалған 2014 жылдың рейтингісіне Қазақстаннан жиыр­маға жуық жоғары оқу орындары қатысса, біздің университет осы абыройлы тізімге А+ санаты бойынша еніп отыр. Сондай-ақ, бұл тізімге елімізден әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­­верситеті мен Л.Н.Гумилев атын­­­дағы Еуразия ұлттық универ­ситеті кірген. Бұл рейтингте бағалаудың басты өлшемі – білім сапасы, ал ғылыми қызметте стандарт­ты көрсеткіштерден бөлек шет­елдік бірлескен авторлардың қа­тысуымен шығарылған жария­ланым саны және халықаралық ынтымақтастық есепке алынды. Университет беделі, оның бітірушілерінің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы және жұмыс берушілердің пікірлері, білімді ақпараттандыру бағалаудың ең басты критерийлеріне айналды. Халықаралық рейтингке ену біздің университет үшін өте маңызды. Бірінші кезекте, шетел студенттерін академиялық ұтқырлық бағдарламасына тарту мүмкіндігі пайда болды, себебі, олардың ата-аналары ЖОО-ны халықаралық рейтингке қа­тысуы бойынша таңдайды. Екіншіден, рейтингтің жоғары нәтижелері ЖОО-ның шетелдік серіктестермен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін кеңейтеді. Үшіншіден, осындай рейтингтерде қазақстандық ЖОО саны­ның артуы еліміздің әлемдік академиялық қауымдастықтағы беделін арттырады. Бүгінгі таңда бұл білім ошағы Қазақстан Республикасының ірі және көпсалалы универ­си­теті, аймағымыздың инфрақұ­рылымының дамуы мен қа­лып­­тасуына, халықаралық қо­ғам­­дас­тықтағы интеграция мен жа­һан­дану үрдістеріне бел­­сен­ді қатысатын ғылыми-бі­лім беру, интеллектуалдық, мә­­­де­ни орталығына айналған. Уни­­­верситетіміз германиялық ASІІN агенттігінде білім беру бағ­дарламаларын халықаралық аккредиттеуден өткізу арқылы тех­никалық сала мамандарын даярлаудың жоғары сапасын дәлелдеген қазақстандық ЖОО-лардың алғашқысы болып есеп­теледі. Білім ошағының же­тістіктері мен жеңістерінің жыл санап артуы біз таңдаған жолдың дұрыстығына айқын дәлел. Облыста әлеуметтiк салада, бiлiм беру мен денсаулық сақтауда, руханият пен мәдениетте де ауқым­ды жұмыстар атқарылуда. Барлығын тiзбектемей-ақ қоялық, тек биылдың өзiнде облыста 104 мектептiң құрылысы жүргiзiлiп, оның 49-ы пайдалануға берiлмек. Осының өзi Қазақстанның дағ­дарыс кезiнде де әлеуметтiк салаға қаншалықты көңiл бөлiп отырғанын көрсетедi емес пе?! Ал мәдениет саласында ше? Бұрынғыны айтпағанда, соңғы бiрер жылда ашылған мәдениет нысандарын атасақ та жеткiлiктi. Шымкенттегi «Отырар» кiтап­ханасы, «Түркiстан» салтанат сарайы, Көрме орталығы, Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимараттары, салт-дәстүр орталығы, Бейнелеу өнерi мұра­жайы... Осының бар­лығы соңғы бiр-екi жылда ашылған iрi мәдениет ордалары. Демек, бұл саланың дамуы да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Аталған ғимараттардың бiр­қатары Шымкенттiң жаңа әкiм­шiлiк-iскерлiк орталығында бой көтердi. Мемлекет бас­шы­­­сының Шымкенттi Қазақ­стан­дағы үшiншi қалаға айналдыру жөнiндегi тапсырмасының қалай орындалып жатқанын тап осы әкiмшiлiк-iскерлiк ор­талыққа қарап-ақ байқауға болады. Мұндағы облыс әкiмдiгi мен облыстық мәслихаттың 16 қабатты жаңа ғимараты Оңтүстiк өңiр дамуының нышанындай көрiнедi. Бiр сөзбен айтқанда, Елбасының қамқорлығының арқасында Шымкент елордамыз Астанаға қарап бой түзеп, сол iзбен дамып келедi. Әңгiменi әлемдегi жағдайдың күрделi екендiгiнен бастап едiк қой. Осынау қиын-қыстау кезеңде елдi адастырмай, тура жолға, даму мен өркендеуге бастаған Мемлекет басшысына деген Оңтүстiк Қазақстан облысы халқының алғысы мен сүйiс­пеншiлiгi шексiз. Әлемдік экономикалық жағдай нашарлай түсіп, базбір мемлекеттерде дағдарыс байқалғанымен, елімізде, оның ішінде Оңтүстікте индустриялық-инновациялық да­­му қарқыны әлсіремек түгілі, қай­та керісінше күшеюі қуантады. Әрине, бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған сарабдал саясаттың нәтижесі екені даусыз. Оңтүстікте халықтың кә­сіпкерлікке деген ұмтылысы жоғары. Ал өңір басшысы Бейбіт Атамқұловтың индустриялық-инновациялық дамуға айрықша назар аударып отырғандығы жергілікті кәсіпкерлік пен өнді­рістік кәсіпорындардың жуық арада жаңа белестерді бағын­дыратынына сенімімізді арттыра түскендей. Облыс әкімінің бірқатар аудан-қалаларға арнайы іссапармен барып, ондағы индус­триялық аймақтардың жұмы­сымен етене танысуы ауылды жерлердегі кәсіпкерлікті өркендетуге жасалған қадам деп қабылдадық. Сондай-ақ, шетелдік инвес­торларды көптеп тартуға да ба­сымдық беріліп отыр. Бұған соң­ғы айларда өңірімізде Малай­зия, Германия, Польша, Қытай, Канада секілді елдерден үлкен де­легациялардың келуі дәлел бола алады. Шетелдіктермен кез­десу барысында Оңтүстікте бір­лескен жобаларды іске асыру жай­лы келіссөздер жүргізілді. 23 қазанда Шымкентте өтетін ІІ ха­лықаралық инвестициялық фо­румға артылған үмітіміз көп. Оған әлемнің көптеген елдерінен инвесторлардың келетінін ескерсек, бұл облыс үшін үлкен мүм­кіндіктер ұсынатын жиын болмақ. Оңтүстікте бірлескен жоба­ны жүзеге асыруға, әсіресе, неміс биз­не­сінің қызығушылығы үл­кен екен. Қазіргі таңда облыс аймағында Германияның инвес­тор­лары жүзеге асырып жатқан 3 жобаның жалпы құ­ны 52 миллиард теңгені құ­райды. Ал поляк бизнесмендері Шым­кентті Орталық Азия өңі­ріндегі базалық алаң ретінде қарас­тырып отырғаны да өңірдің зор мүм­кіндіктерге ие екенін айқын көрсетті. Тағы бір ерекше назар ауда­рарлық тұсы – әңгіме тек бизнес жайында емес. Шет­елдіктермен келіссөздер барысында білім мен ғылым саласындағы жобаларды да жүзеге асыру ісі талқыланды. Мәселен, Малай­зия елі өңірімізде әлемдік дең­гейдегі техникалық колледж салуға ниет білдірді. Бұл жоба ұлттық білім беру саласындағы айрықша бастамалардың біріне айналмақ. Осы бағытта біздің университетіміз де жемісті жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда М.Әуезов атындағы ОҚМУ әлемнің бір­қатар танымал әрі беделді уни­верситеттерімен тікелей байланыс орнатқан. Басты мақсат – тәжірибе алмасу арқылы әлемнің ең үздік білім технологияларын меңгеру. Міне, осындай жобалар арқылы жарқын болашақтың кепілі – жастарға сапалы білім беріп, білікті кадр даярлау бағытында ауқымды қадамдар жасалуда. Жұмахан МЫРХАЛЫҚОВ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, академик. ШЫМКЕНТ.