Келешегі кемел Курчатов
– Нұрбол Жолдасбекұлы, өзіңіз жетекшілік ететін Курчатов қаласы бүгінде ядролық саланың ғылыми орталықтарының біріне айналды. Бұл бағытта қалада қандай нақты жобалар қолға алынды? – Курчатовта еліміздің Ұлттық ядролық орталығы орналасқанын білесіздер. Аталған орталық «Атом саласы және өнеркәсіптің өзге салаларының ҒЗИ мен РАҚ қайта өңдеу және ұзақ мерзімді сақтау бойынша республикалық орталығын құру» жобасы бойынша жұмыс жүргізуде. Жобаның мақсаты – радиоактивті қалдықтар мен иондалушы сәулелену көздерінің қоршаған ортаға ықпалын төмендету болып табылады. 2016-2019 жылдар аралығында жүзеге асатын жоба негізінде қосымша 100 жұмыс орнын құру көзделген. Тағы бір маңызды жоба – қалада дозиметрияның кешенді республикалық орталығын құру бойынша жұмыс басталды. Бұл жоба Қазақстанның 2020 жылға дейінгі кезеңін есепке ала отырып, 2011-2014 жылдарға арналған атом саласының даму бағдарламасына және моноқалаларды дамыту бағдарламасына енгізілген. Инвестициялық жоба Қазақстан азаматтарының радиациялық сәулелену дозасын есепке және бақылауға алады. Жоба құны – 3,1 млрд. теңге. – Курчатов қаласының жанындағы жер телімдерінің радиациялық әсері толық зерттеліп болды ма? – Елбасының 1992 жылғы 15 мамырдағы «Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы және атом энергиясы бойынша агенттігі туралы» №779 Жарлығына сәйкес Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталығы құрылып, жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда Ұлттық ядролық орталық құрамына 4 бөлімше кіреді, олардың үшеуі Курчатов қаласында орналасқан. Атап айтқанда, «Атом энергиясы институты», «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» және «Байкал» кәсіпорыны бөлімшелері. Ал «Жарылыс жұмыстарын жүргізудің Қазақ мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы» бөлімшесі – Алматы қаласында. 2004 жылдан бері «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» Ұлттық ядролық орталықтың өзге институттарымен бірлесе отырып, «Қазақстан Республикасы аумағында радиациялық қауіпсіздікті және бұрынғы Семей сынақ полигонының қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізеді. Бағдарламаның мақсаты – бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 2008 жылдан бастап аталған аумақта полигонның жер телімдерін шаруашылыққа пайдалануға беру мақсатында кешенді радиоэкологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Кешенді экологиялық зерттеуді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекеленетін 2021 жылы аяқтау жоспарлануда. Қазіргі таңда сынақ полигонының жалпы аумағы 6060 шаршы шақырымды құрайтын 30 пайызына зерттеу жүргізілді. Бұл жерлер ауыл шаруашылығына жарамды ма деген сауал бар. Жер телімдеріне зерттелгеннен кейін бірқатар іс-шаралар кешені жүргізілуі тиіс. Яғни, құзыретті органдардың қорытындылары, қоғамдық тыңдаулар, Үкімет қаулысы сынды шаралардан кейін ғана полигон аумағындағы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына ауыстыру мәселесі шешілетін болады. – Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында қандай шаралар атқарылуда? – Курчатов – еліміздегі белсенді дамып келе жатқан жас қалалардың бірі. Моноқалаларда өнеркәсіп өндірісінің көлемін арттыруға «зәкірлі» инвестициялық жобалар арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр. Соның бірі, кесек әктас өндірісін ашу. Құны 1114,3 млн. теңге тұратын жобаны жүзеге асыру арқылы 157 жұмыс орнын құруға болады. Сондай-ақ, әктасты ұсақтау-іріктеу кешені арқылы 10, 20 және 100 миллиметрлік бөлшектерге бөліп, шикізат түрінде өткізу жоспарланған. Толық қуатына жеткен кезде жылына 99 мың тонна әк және 53 мың тонна ұнтақталған әктас өндіру қарастырылған. Курчатов қаласында Индустрияландыру картасы шеңберінде «Радиациялық тігілген полиэтилен және термоқондыру манжеттері мен таспалары өндірісін құру» инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаға «Kazfoam» ЖШС кәсіпорыны қатысуда. Ал «Рекорд ЛТД» ЖШС «Шина зауытын және резина-техникалық өнімдер комбинатын салу» сынды тартымды жоба ұсынып отыр. Жалпы құны 200 млн. долларды құрайды. Жобаның негізгі мақсаты нарықты жергілікті өнімдермен толтыру және аталған өндірістік кешеннен табыс табу. Курчатов қаласы әкімдігі мен «Рекорд LTD» ЖШС арасында ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мақсатында екі жақты меморандумға қол қойылды. Аталған серіктестік 56 адамды түрлі мамандықтарға оқыту үшін Бейжің қаласына жібермек. Өндірістік кешен өз қуатына жеткен кезде түрлі мамандықтары мен біліктіліктері бар үш мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылады. – Елімізде атом стансасын салу жөніндегі бастамаға байланысты Курчатов реакторлары пайдаланыла ма? Бұл қаншалықты қауіпсіз деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүр... – Курчатов қаласы АЭС салу мүмкіндігі бар алаңдардың бірі ретінде таңдалып алынды. Ал қаладағы ескі реакторларды іске қосу атом стансасын салу жоспарымен байланысты емес. Бұл реакторлар мүлдем басқа мақсатта құрастырылды, яғни зерттеушілік мақсаттағы реакторлар. Қазіргі таңда Ұлттық ядролық орталығы қолда бар реакторлардың толық пайдаланылуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Жаңа АЭС салу үшін реакторлардың екі түрі қарастырылған: ФИЦК 1350 және AP 1000. Дәл осындай реакторлардың Жапонияда бесеуі, Тайвань мен Қытайда екеуі бар және АҚШ-та салынуда. Реакторлардың қауіпсіздік деңгейі III+. Сондықтан, қоршаған орта үшін қауіпсіз. Жалпы алғанда, әлемде 388 энергетикалық ядролық реакторлар жұмыс істейді. АЭС қауіпсіздігінің жоғары деңгейі көптеген факторлар арқылы қамтамасыз етіледі. Негізгілері – реакторлық қондырғының өзін өзі қорғай алуы, қауіпсіздіктің бірнеше деңгейлерінің болуы және қауіпсіздік арналарының бірнеше мәрте қайталанып отыруы. Сондай-ақ, белсенді (демек, адамның араласуын қажет ететін және энергиямен қамтамасыз ету көзі бар) және пассивті (оператор мен энергия көзінің араласуын талап етпейтін) қауіпсіздік жүйелерінің де қолданылатынын атап өтуіміз қажет. Сонымен қатар, стансаларда уақыт айналымының барлық кезеңдерінде қауіпсіздік жүйесі әрекет етеді. Яғни, алаңды таңдап алудан бастап, атом қуатын пайдалануға дейінгі аралықты қамтиды. Атом қондырғыларының тікелей өзіне байланысты ядролық қауіпсіздік туралы айта алмаймын. Бұл – жеке тақырып. Реакторлардың жетілдірілуінің арқасында олардың қауіпсіздігі өте жоғары деңгейге жетті. Қалыпты режімде жұмыс істейтін АЭС-тің радиоактивті қалдықтары рұқсат етілетін деңгейден ондаған, жүздеген, ал кей жағдайларда тіпті миллиондаған есе төмен болып табылады. Осы жағынан алып қарағанда, АЭС іс жүзінде экологиялық таза өндіріс болып табылады. Әңгімелескен Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32