17 Қазан, 2015

«Қазақстан мен Жапонияға арналған композициямды алып келдім»

347 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
скрипачЖапониядан Қазақстанға атбасын тіреген қонағымыз – белгілі скрипкашы Кен Айсо II «Жібек Жолы» халықаралық фестивалінің аясында «Астана Опера» театрының Камералық залында өнер көрсетті. Төменде осы сапарға орай скрипкашымен болған шағын әңгімені жариялап отырмыз. – Қазақстан халқына қан­дай тарту-таралғылармен кел­діңіз? – Жапондық мектептің бірегей шығармалары – Койчи Кишидің «Айдаһар биі» мен скрипканың жеке орындауына арналған өзім­нің «Kaze» атты композициям елордалық тыңдарман назарына ұсынылды. Сонымен қатар, кеште еуропалық классиктердің туындылары – Сезар Франктың Ля мажор сонатасы, Фриц Крейслердің Кіріспесі мен Аллегросы, И.С.Бах­тың №1 соль минор соната­сы орындалды. Сондай-ақ, қазақтың көрнекті композиторы Мұқан Төлебаевтың «Поэма» атты каме­ралық-аспаптық шығармасын өз нақышында жеткізуге тырысып бақтым. – Койчи Киши деп есі­мін айрықша бөліп айтып отыр­ғаныңызға қарағанда, ол кісінің жапон халқына сіңірген еңбегі орасан зор болса керек-ті? – Тарихқа сәл шегіне көз жүгіртсек, композитор Койчи Киши 1920 жылдары Еуропаға барып, музыканың батысқа тән бағытын меңгеруге бет алған алғашқы жапондық музыканттың бірі болып табылады. Оның же­ке туындылары өзі басқарған Бер­линнің филармониялық ор­кестрі сүйемелдеуімен орындалып отырған. Ал композитордың «Айдаһар биі» бір мезгілде үнде­сетін екпінді әрі алуан сарынды композиция саналады. Ол жұртқа ескі Жапонияның атмосферасын жеткізеді. – Ал өзіңіз өнердің осы түрі бойынша қай жанрдағы шығар­маларды орындайсыз? – Мен негізінен классикалық һәм барокколық скрипканы мең­герген жанмын. Бірақ, заманауи үлгіні жатсынбаймын. Жекелеген концерттерім Лондондағы Вигмор-холл, Париждегі «Плейель» залы, Токиолық опера, Миландағы Верди залы, Карло Феличе театры, Амстердамдағы Концертгебау, Санкт-Петербургтік филармония және басқа да көптеген беделді сахналарда орасан зор табыспен өткен еді. Ішкі түйсік пен музыкалық аспаптың бір идеяға жұмыла қыз­мет етіп кетуін шебер келістіре алу аспапшы үшін оңай шаруа емес. Өз орындауымда көбіне-көп соған мән беремін... Ал «Астана Опера» ғимаратының ғажайып сәулеті мен мұндағы өтетін қызықты кон­церттік бағдарламаларға келсек, маған ерекше әсер қалдырды. Ке­ремет сезімге бөлеген жарқын жүз­д­есулердің өзі не тұрады? – Астанаға алғаш рет табан тіреп отырсыз ба? – «Мен бұған дейін Қазақстанда 2009 жылы болғанмын, яғни маған бұл жер соншалық жат, болмаса бейтаныс деп айта алмаймын. Әлем картасы арқылы білуімше, Қазақстан жер көлемі жағынан алғанда, оған бес Франция сыйып кететін көрінеді. Сондықтан, мұндай ұлан-ғайыр үлкен мемлекетке келіп, өнер көрсету әрбір өнер ада­мының асқақ арманы болса керек. Менің осы мақсатқа қолым ертерек жеткені үшін қуанамын. Осыған орай гастрольдік сапарымнан жаңа әсерлер күтемін. Мұндағы музыкаға жаны құштар жұртшылыққа кеш барысында жапондық музыкамен қатар қазақтың әуенін де әуелеткім келеді». – Скрипканың жеке орындау­ына арналған бірегей «Kaze» ком­позициясы туралы қысқаша айтып бересіз бе? – Қысқа тұжырымдағанда, бұл – Жапония мен Қазақстанның дәстүрлі ән­дерінің сарыны негі­зінде туған менің қиялымдағы дүние. «Kaze» жапон тілінде «жел» деген ұғымды білдіреді. Әлгінде Астананы осыдан біраз жылдар бұрын көргенімді айттым. Сол сапарымда осындағы өрекпи соққан қатты жел есімде қалып қойыпты, содан кейін ауа­ның элементі байланыстырған қос мемлекет жайында бір туын­ды шығарғым келген еді. Қазақ­стан­дық көрерменмен кездесетін күнді тағатсыздана күтуімнің се­бебі содан, олардың да музы­каның ғажайып зәу биігіне өзіммен бірге самғауын тілеймін. – Скрипкашыға қойылатын ең басты талап не деп ойлайсыз? – Музыка өнерінде біз бен сіз деп аражікті ажырата айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бәрімізге қойылатын талап ортақ деп санаймыз. Әуелі өз кәсібіңе деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік болмай, жақсы нәтижелерге жету қиын. Соған қоса табысқа кенелудің тағы бір сыры – ерінбей еңбектенуде деп түсінемін. Яғни Құдай берген талантты біліммен шегелеген абзал. Сол үшін өз басым өмірдің қаншама сынынан өттім. Лондондық Корольдіктің музыка академиясының, Оңтүстік Калифорния университетінің, Токиодағы әсем өнер мен музыка ұлттық университетінің тү­легімін және Лондондық уни­вер­ситеттің магистрімін. Көптеген халықаралық байқауларға қа­тысып, лауреат атандым. Со­ның ішінде Токиодағы ха­лық­аралық му­зыкалық, Париж­дегі М.Лонг және Ж.Тибо атын­дағы байқауларды, То­кио­дағы «Страдивариус» және бас­қаларын айрықша атағым ке­леді. Ұлыбритания мен Еу­ропа­ның әйгілі оркестрлерімен жиі өнер көрсетуіме тура келді, солардың ішінен Лондонның фи­лармониялық, Шотландияның камералық, Эдинбургтің, Кельннің академиялық, Ұлыбританияның камералық, Ағарту заманының оркестрлерін атап өткен орынды. Бір сөзбен айтқанда, бізде бір сәт те дамылдауға уақыт жоқ. Және мұндағы тіршіліктен өмі­ріңді түбегейлі бөліп ешқайда кете алмай­сың. Өйткені, ол – өзім таңдаған әлем ғой. Қаршыға КҮЛЕН. АСТАНА.