Ақын Тұрсынай Оразбаевамен қоштасу
Қуанышы мен қайғысы қапталдасып қатар жүретін өзі тәтті, діні қатты өмір-ай... Жан-жағымызды жалмап, жалаңаштай бердің-ау... Не дейін енді саған... Профессор інім Серік Тойғамбаев Мәскеуден: «Аяулы қарыңдасың Тұрсынай Оразбаева қайтыс болды», деп қайғылы, қаралы хабар жеткізгенде есеңгіреп, біраз уақыт есімді жинай алмай қалдым... Қазаның жеңілі жоқ, ал, бұл қаза Тұрсынай сынды аяулы қарындасынан адасып қалған мен үшін ауыр. Өте ауыр. Аса аяулы ұлым Даниярымның қазасынан соң шұрық тесік болып, қаны сорғалаған сорлы жүрек жарасына тұз сепкендей болды бұл қаралы хабар. Содан да дене мұздап, жүрек сыздап, қалам ұстаған қолым қалтырап, әзер жазып отырмын осы жолдарды... Тұрсынай жылдар бойы иықтасып қатар жүрген сырлас, мұраттас қарындасым, қолқанатым, әріптесім, үзеңгілес серігім еді. Ол қазақтың талантты, қанатты қызы-тын. Өзі ақын, әрі сазгер, әрі әнші. Үлбіреген гүлдей нәзік Тұрсынай ұлт мүддесін қорғар тұста асу бермес алып тау! Соңғы 20 жыл бедерінде Мәскеуде – Жазушылар одақтары халықаралық қауымдастығында хатшы қызметін мінсіз атқарған ол берісі ТМД, әрісі әлем әдебиетшілерін жалғастырған, достастырған алтын көпір, елші болды. Ол өзінің өзгеше өрнегі, өз қолтаңбасы бар шығармаларымен ортаға көп олжа салды, қазақ әдебиетінің мерейін өсірді Өмір Алла тағаланың адамға берген сыйы ғана емес, тайғақ тағдырдың ауыр сыны. Сол сында сынбаған, өзінің емес, өзгенің, ең алдымен халқының қамын ойлаған терең ойлы текті қарындасым, Тұрсынай едің! Енді сен де ортамызды ойсыратып кеттің. Қарлығашың, қанатың – аяулы қызың Сардана барда, өзің сүйген, өзіңді сүйген қазақ халқы барда сен ұмытылмайсың! Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтсақ: «Тәні көмілер, көмілмес еткен ісі». Алматыға ағалап! телефон шалатын, Мәскеу барсам жүрегін қолына ұстап, құстай ұшып, ұшақтан қуана қарсы алатын аяулы қарындасым- ай! Қош деймін енді амалсыз. Мәңгілік мекенің нұрға толсын.
Сәбит ДОСАНОВ.