23 Мамыр, 2015

«Жауынгерлік даңқ кітабы» Қостанай өңірін түгел аралады

456 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен жылы шілде айында облыста «Жауын­гер­лік даңқ» кітабы жасалып, ол бүкіл аудандар мен қалаларды аралайтын болды. Мерекелік шараның шарты бойынша, кітапқа әр аудан, қала Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлесі тура­лы жазып отыруы керек еді. «Жауынгерлік даңқ» кітабын бірінші болып Алтынсарин ауданы алды.

Jpeg

Ұлы Отан соғысына байланысты аудандағы тың деректер, көзі тірі соғыс ардагерлерінің естеліктері, майданда опат бол­ған жерлестер туралы ізшілер тапқан материалдар, тылдағы ерлікке пара-пар еңбек жөнінде мәліметтер жазылды, бейнематериалдар түсіріліп, оның үн­­тас­пасы кітапқа жапсырылды. Мысал үшін айтсақ, соғыс басталғанда ауданнан 3 мың адам майданға аттанған екен, содан елге 1571 жауынгер ғана қайтып оралған. Барлық күш-жігер майданға жұмылдырылды. Обаған ауданының тұрғындары 1941 жылдың өзінде майданға 108060 пұт астық, 11508 пұт ет, 180 пұт сүт, 37000 рубль ақша жіберген. Сонымен қатар, Қызыл армия жауынгерлері үшін 572 пар пима, 52 шолақ тон, 400 пар қолғап, 282 құлақшын, 347 төсек жаймасы, тағы басқа да жы­лы киімдер жинаған. Міне, соғыс жылдарындағы аудан тұр­ғындарының Отанды жаудан қорғаудағы осындай ерлігі туралы жүрек толқытар тари­хи де­ректерді кітап кейінгі ұрпа­қ­қа жеткізеді. Кітапты алтын­са­риндіктер салтанатты түрде Қа­расу ауданына табыс еткен. Он­да жастар мен мектеп оқу­шы­ла­ры соғыс тарихына, аталар­ы­ның ерлік істеріне қанықты, тағ­зым етті. Осы шара жыл бойы жүр­­гі­зіліп, «Жауынгерлік даңқ» кіта­­­бы облыстың бүкіл аудандары мен қа­лаларын аралады. Енді ол Қос­­та­най қаласына қайтып оралды.

Облыс орталығындағы балалар шығармашылығы сарайында өткен Қостанай қала­сының «Жауын­герлік даңқ» кіта­бын облыс­тық ардагерлер кеңесіне салтанатты тап­сы­ру рәсіміне соғыс арда­герле­рі, тыл еңбеккерлері, әске­ри қыз­мет­кер­лер мен жастар, оқушы­лар ша­қырылды. – Ұлы Отан соғысына 1,8 мил­лион қазақстандық қа­тыс­­ты, солардың тең жартысы туған жерге оралмады. Соғыс жылдары біздің өңірге тұтас зауыттар мен кәсіпорындар көшіп келіп, жұмысын жалғастырды. Қала­мызға Херсоннан «Боль­шевичка» тігін фабрикасы, Ста­лин­­­градтан көшірілген әске­ри-авиациялық мектеп орна­ластырылды. Қазір алапат со­ғыстың куәгерлері ара­мызда тым азайып кетті, бү­гінде Қос­танай қаласында 122 соғыс ардагері тұрады, – деді Қос­танай қала­сының әкімі Ахмедбек Ахметжанов. Қала әкімі соғыс ардагері Бер­тран Рубинштейнге, Дми­трий Брусникке, Молдағали Жүніс­бековке, Николай Степуринге, Николай Барабановқа мерекелік медаль тапсырды. Кітапты қа­былдап алған облыстық ардагер­лер кеңесі төрағасының орынба­сары Вера Семенова Отан қор­ғаған аталар ерлігін ұмытсақ, болашағымыз да бұлыңғыр болатынын еске салды. «Бұл кітап ардагерлер ұйымдарының, архив қызметкерлерінің жанкешті жұмысының нәтижесі. Кітапта қан майданға Қостанай облысынан аттанған әр жауынгердің ерлігі туралы айтуға тырыстық, барлығын қамтығымыз келді. Ондағы соғыс ардагерлері мен май­дан даласында қалған боздақ­тар, тылдағы қарттар мен әйелдер, балалардың жан аямас ерлік істері туралы материалдардың барлығы жүрекпен жазылды, толқымай оқу мүмкін емес. Бұл кітап сонысымен де қасиетті», деді Вера Григорьевна. «Жауынгерлік даңқ» кіта­бының жалғыз данасы ғана жасалды, оны көбейту үшін Жеңіс қорынан арнайы қаржы бөлінетін болады. Кітаптың облыстық ардагерлер кеңесіне салтанатты тапсырылуы патриоттық ән-бимен көркемделді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ.