Бүгінде Қазақстан бұрын-соңды болмаған саяси, экономикалық жетістіктерге жетіп, оны одан әрі нығайту жолында тұрғанда халықаралық құқықтық ынтымақтастықты дамыту ерекше талап болып табылады. Өйткені, жасыратыны жоқ, мына есірткі тасымалы, адам саудасы, лаңкестік, діни экстремизм, арам жолмен табылған табысты заңдастыру және басқа да қылмыстар қазіргі заманда ұлтаралық сипатқа ие болды. Демек, жоғарыда айтқанымыздай, халықаралық ынтымақтастықты құқықтық реттеу амалы бүгінде ерекше маңызға ие дейміз. Сондықтан оның шарттары мен тәртібі тиісті келісімдермен ғана анықталмақ. Осы орайда қылмысқа қарсы әрекет ету саласындағы халықаралық-құқықтық өрісті кеңейту үшін Бас прокуратура қылмыстық іс жүргізу бойынша халықаралық келісімшарттарды жасауда шетелдік әріптестермен бірге тұрақты негізде жұмыс жүргізіп келеді.
Бұл бағытта Бас Прокурордың бірінші орынбасары И.Меркель халықаралық құқықтық ынтымақтастық жайы туралы брифингте сөйлеген сөзінде: «Қазіргі таңда Қазақстан еуропалық елдермен 16, азия елдерімен 14 екіжақты шарт жасасқан және біз мұнымен ғана шектелмейміз», деген болатын. Айтқандай-ақ көршілес орналасқан елдерден басқа сауда-экономикалық қарым-қатынас реттелген, туристік әлеуеті жоғары және бизнес жүргізу үшін жеңілдігі бар салық қарастырылған елдерге басымдылық беріледі екен. Осы аталған халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша шетелдермен құқықтық қарым-қатынасымыз жарасып жатқандығы туралы И.Меркель кеңінен әңгімелеп берді.
Ол өз сөзінде: «Біздің серіктестеріміздің қатарында аралық қағидасы бойынша қылмыстық-құқықтық салада ұзақ уақыт бойы ынтымақтастық жүргізіліп келе жатқан Америка Құрама Штаттары ерекше орын алады. 2009 жылғы 17 қарашада Бас прокуратура мен АҚШ Федералды Тергеу Бюросы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы осындай ынтымақтастықты құқықтық реттеуде жасалған алғашқы қадам болып табылады. Біздің елдер арасында ұзақ уақыт бойы шарттар жасалмағанына қарамастан, біз тиісті өзара қарым-қатынас орната білдік, екі тарап та тексеру кезінде көмек көрсету туралы алынған сұрауларды қысқа мерзім ішінде орындап отырды.
Мәселен, өткен жылдың өзінде біз Америка тарапынан қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы 8 сұрау алсақ, біздің тараптан олардың мекенжайына осындай 4 сұрау жіберілді. Сол сияқты осыдан бір апта бұрын ғана Америкада салық және банктік алаяқтықпен жасалған қылмыстық іс бойынша АҚШ құзыретті органдарының құқықтық көмек көрсету туралы сұрауын жедел түрде орындағанымыз үшін біз Америка тарапынан алғыс хат алдық».
Бұл сөздің жаны бар. Өйткені, 20 ақпанда Вашингтонда Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы Шартқа қол қойылған. Әрине, біздің ел үшін бұл оқиға үлкен жетістік болып табылады, өйткені Қазақстан Орталық Азия аймағында Құрама Штаттармен осындай Шарт жасаған алғашқы ел екен. Осы аталған халықаралық акт негізінде, қазақстандық және америкалық құқық қорғау органдары қылмысқа қарсы әрекет етуде, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етуде, сонымен қатар азаматтардың заңды мүдделерін және құқықтарын қорғауда заңды және жедел түрде өзара іс-қимыл жасай алады.
Демек, осы іспеттес халықаралық шартты жасау АҚШ билігінің Қазақстан құқықтық жүйесіне қатысты сенімінің артуына, елімізде халықаралық стандарттарға жауап беретін демократия институттары мен тәуелсіз әділ соттың құрылуына дәлел бола алады. Соған сай И.Меркель: «Жақын келешекте біз құқықтық саладағы қазақстандық-америкалық қатынастарды одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Соның ішінде, біз бүгінде 1992 жылғы 23 мамырдағы қылмыстық істер бойынша өзара көмек көрсету туралы, 1933 жылғы 26 желтоқсандағы экстрадициялау және 1993 жылғы 9 маусымдағы сотталғандарды табыстау жөніндегі америкааралық конвенцияларға Қазақстанның қосылуы туралы мәселені қарау үстіндеміз, бұл жалпы алғанда америкалық континент елдері және Америка Құрама Штаттарымен қылмыстық сот ісі аясындағы халықаралық ынтымақтастықты реттеуге мүмкіндік береді», дейді. Әрине біз халықаралық ынтымақтастықты реттеу талапқа сай болатындығына үлкен үміт артамыз, өйткені аталған жұмыстың жүргізілу барысы Бас прокуратура басшылығының тұрақты бақылауында тұрғаны сенім ұялатады.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».