29 Тамыз, 2015

Ізгі із

360 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ербол МахмотовЕліміз Тәуелсіздігінің бастапқы жылдарында бұрынғы КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің «Оңтүстік мұнай құбыры» компаниясының тізгінін алғаш рет қазақ азаматы қолға алды. Бас директор болып өндірістің бел ортасында ысылып, қалыптасқан Тарас Мәжитұлы Қасымов тағайындалды. Иә, бұған дейін Қазақстанда орналасқан мұнай және газ, металлургия, көмір, машина жасау сияқты стратегиялық маңызы зор ірі кәсіпорындар Мәскеуге тікелей бағынып, оны басқару қазақ мамандардың қолына тие бермейтін. Қазақстанның дербес компаниясына айналған кәсіпорын «Қазақ мұнай құбыры» деп аталды, кейін «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы болып қайта құрылып, өндіріс жағдайына қарай бірнеше құрылымға тармақталды. Сол кезде де Тарас Мәжитұлына өндірістің ең күрделі алғы шебі, жұмыстың жүретін жері Батыс филиалын басқару жүктелді. Еңбек жолын ол 1958 жылы Гурьев (Атырау) автотресінің шеберханасында автожөндеу слесары болып бастады. Талап пен білім ұштасқанда адамды арман-тауға шығарады, мақсатқа жеткізеді. Іскерліктің ұшы көрінген ұмтылысымен көзге түскен жас маман Тарастың өндіріс соқпағында өрлеуі баста­лады. Бұдан әрі мұнай экспе­дициясының технигі, аға техник-геолог, инженер, бас инженер, «Ембі мұнай» комбинатының норма­тивтік-зерттеу стансасы бөлімінің бастығы баспал­дақтарынан өтеді. 1974 жылы КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігінің Мұнай тасымалдау бас басқармасына қарасты ірі өндіріс – Батыс Қа­зақ­стан магистральдық мұнай құбыры басқармасы кәсіподақ желілік комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл әкімшілік шылауында кетпей мыңдаған адамның еңбек және тұрмыс жағдайына қамқор да табанды қайраткер болуды, қағидатты ұстанымды талап ететін үлкен қызмет еді. Бұл да Тарас аға­мыз­дың құрыш қалпын қалып­тастырған бір мектеп болды. Одан кейін он жылдан астам Батыс Қазақстан магис­тральдық құбырлар бас­қар­масы бастығының орынба­сары, «Оңтүстік мұнай құ­быры» өндірістік бірлестігі Балықшы аудандық басқармасы бастығының орынбасары қыз­метін абыроймен атқарды. Осы абырой оны 1993 жылы өңірлік бөлімшеден республикалық деңгейдегі ірі кәсіпорын – «Оң­түстік мұнай құбыры» өн­дірістік бірлестігінің бас директоры қызметіне алып келді. Осыған дейін орынбасарлықтан, қоғамдық қызметтен аса алмаған қазақ маманына тізгіннің тигені Тәуелсіздік арқасы еді. Бұл бір­лестік кейін қайта құрылған кезде «Қазақ мұнай құбыры» жабық акционерлік қоғамы Батыс филиалының директоры қызметіне тағайындалды. Бұл бүкіл Батыс өңір мұнай саласының тамырын басып, бүлкілін аңдап, күрделі өндірісті басқару еді. Каспий қайраңы мұнай қорын зерттеу, игеру қолға алынған кезде жаңадан құрылған «Қазақстан Каспийшельф» компаниясы Ақтау өкілдігінің басшысы болды. Ол кезде тәуелсіз Қазақ­станның мұнай өнеркәсібінің әлі жолға қойылмаған  саласы жетерлік еді. Жаңа жағдай Теңіз мұнай кенішін игеру кеңес заманында қолға алынғанымен, тек мұнайын сорып әкетуден әрі аса қоймаған өндірістің жаңа қожасы шетелдік «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігімен іскерлік қарым-қатынасты қалыптастыруды талап етті. Бұл жерде де Тарас Мәжитұлының Қазақстан мен Ресейдің бірлескен Каспий құбыры консорциумын құруға қатысқан тәжірибесі кәдеге асты.  «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келіс­сөздер нәтижесінде Теңіз кен орнының мұнайынан күкірт, меркаптан бөліп алатын аса зәру зауыт салу туралы келісімге қол жетті. Алғашқы отандық құбыр компанияларының ұжымдары сол бір дербес қалыптасу жыл­дары Тарас Қасымовтың бас­шылығымен күре мұнай құ­бырын пайдаланудың іркі­ліссіз жұмысын қамтамасыз етті, тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарыс жағ­дайында өндірісті жабдықтау, күрделі құрылысты жүргізу,  нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, сөйтіп, өндірісті тоқ­таусыз жүргізу мәселелерін де шешті. Ал бұл адамдарды жұмыс орын­дарымен қамтамасыз ету, олардың әлеуметтік мәселелерін шешу, түптеп келгенде еліміздің экономикасының жұмысын жолға қоюға қосылған өлшеусіз үлес еді. Осы ретте Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойын­ша және қазақстандық тауар өндірушілердің экспорттық ба­ғыттарын қамтамасыз ету мақ­­сатында Тарас Қасымовтың қаты­суымен 1996 жылы Ақтау мұнай айдау стансасында батыс­қа­зақстандық мұнайды жинау және оны Каспий теңізі арқылы әрі қарай Некаға (Иран), Бакуге (Әзербайжан) және Махачкалаға (Ресей) тасымалдау үшін теміржол аспақұярлығы пайдалануға берілді. Ол кісі басқарған компаниялар тек бір шағын қала инфрақұрылымының дамуына ғана емес, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының жалпы дамуына да үлкен үлес қосты. Тарас Қасымовтың қоғамдық қызметі тақырыбына орала отырып, оның техника ғылымдарының кандидаты, Ш.Есенов атын­дағы Ақтау мемлекеттік универ­ситетінің құрметті профессоры болғандығын да айту ләзім.  Ол өз студенттері – болашақ мұнайшыларға арнап бірнеше әдістемелік құрал мен оқулық жазды. Мұнай өндіру саласында сіңірген еңбектері еленіп, кезінде «Кеңес Одағы мұнай өнеркәсібінің озаты» атағын алған Тарас Қасымов 2008 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  «ҚазТрансОйл» АҚ құбыр көлі­гінің құрметті қызметкері. Тарас Мәжитұлы «Ерен еңбегі үшін», «Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақ­стан мұнайына 100 жыл» медальдарының да иегері. Бүкіл Батыс Қазақстанда қадірлі, Тарас аға атанған кейіп­керіміз қажымас қайратымен, бірбеткей табандылығымен, сондай-ақ, зор адамгершілігімен және елге, адамға деген ыстық ықыласымен сипаттауға болады. Қазақстан мұнай құбыры саласы құрылуының басында болған, өз елінің игілігі үшін аянбай жұмыс істеген Тарас Мәжитұлы, өкінішке қарай, бүгінде арамызда жоқ. Бүгінгі күні мұнай тасымалдау саласының талай үлкен маманы өздерін Тарас ағаның оқушысы, шәкірті болғанын мақтанышпен айтады. Тарас ағаның қос ұлы  – Тілек пен Хакім де  абзал әкелерінің  жолын абыроймен жалғастырып, еліміздің  мұнай саласында жемісті еңбек  етуде. «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы Басқармасының шеші­мімен Атырау мұнай құбыры басқармасының ірі өндірісі – «Атырау» мұнай айдау стансасы 2012 жылғы 3 қыркүйектен бастап «Т.Қасымов атындағы мұнай айдау стансасы» болып қайта аталды. Даңқты мұнайшы, абзал азамат, үлкен қайраткер, елімізде мұнай тасымалдау саласында  өшпестей ізі қалған, Тарас Мәжитұлы Қасымовты биылғы жылы – мұнай тасымалдау саласының 80 жылдық тойы күндерінде арнайы еске алып, ерен еңбегін атап өту ләзім. Ербол МАХМОТОВ, мұнайшы, химия ғылымдарының докторы. Астана.