Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының құрылымын жетілдіру туралы» 1995 жылғы Жарлығымен еліміздің Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылып, ол Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы органына айналды. ТЖМК Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссиямен Азаматтық қорғаныстың республикалық штабының аппараты базасында дүниеге келді. Осылайша, Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің құрылған күні, кейіннен біздің жүйеміздің кәсіби мерекесі – Құтқарушы күні болып бекітілді.
Әрине, азаматтық қорғау жүйесі 20 жылда едәуір өзгерістерге ұшырады. Орталық атқарушы органдардың құрылымын жетілдіру шеңберінде ТЖМК Төтенше жағдайлар комитеті, одан соң Агенттік, Төтенше жағдайлар министрлігі, соңында Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті болып қайта құрылды. Ал о баста, яғни ТЖ саласында мамандандырылған орталық атқарушы органды құру кезеңінде ТЖМК-да бір ғана республикалық жедел-құтқару жасағы және бірнеше азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері болды, бұл еліміздің әр жерлерінде ТЖ туындағанда авариялық-құтқару шараларын уақтылы жүргізуге қиындық туғызды.
Ал бүгінде ТЖ комитеті аумақтық және ведомстволық бағыныстағы бөлімшелерін, күштері мен құралдарын қоса алғанда 32 мыңнан астам жоғары білікті мамандар жұмыс істейтін қазіргі заманғы қуатты салаға айналды. ТЖ комитетінің құрамына 418 өрт сөндіру бөлімшесі бар 16 өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі, 16 жедел-құтқару жасағы, 5 өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағы, республикалық жедел-құтқару жасағы, дағдарыс жағдайларында басқару орталығы, апаттар медицинасы орталығы және 40 күре жолдық медициналық-құтқару пункті, Көкшетау техникалық институты, «Қазселденқорғау», құтқару авиациясы бар «Қазавиақұтқару», «Өрт сөндіруші» және «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» акционерлік қоғамдары кіреді. Олар ТЖ комитеті күштерінің негізін қалайды, бұл тұрақты сұраныста және тәулік бойы әзірлікте болатын күштер мен құралдар. Қазір ТЖ комитетінде 3 800 өрт, авариялық-құтқару және арнайы техника бар.
20 жылда 321 412 адам құтқарылды, 181 050 адам эвакуацияланды, 30 349 адамға медициналық көмек көрсетілді, 1 025 783 рет авариялық-құтқару жұмыстары жүзеге асырылды. Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында бізге қауіпсіз өмірді қамтамасыз ету міндеті нақты қойылды.
Еліміздегі азаматтық қорғаудың маңызды құрама бөлігі – бұл өрт қауіпсіздігі. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің құрамына 1997 жылы енгізілді. Қазіргі таңда оның бөлімшелері еліміздің әр аудан орталығында, қала үлгісіндегі кентте және ірі елді мекендерде тиісті міндеттер атқаруда.
Уақыт өте келе өртке қарсы қызмет аясы кеңейді. Халықаралық тәжірибеге сәйкес олардың қызметі өрт сөндіруге ғана емес, сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге бағытталды. Соған сай қазіргі таңда елді мекендерде өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметтерінің 418 өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді, олардың ішінде 6 мамандандырылған жасақ, 49 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, 283 өрт сөндіру бөлімі және 80 өрт сөндіру бекеті, олардың жарақтануында 2661 бірлік техника бар. Республиканың өрт сөндіру қызметтерінің бөлімшелері жыл сайын өрт пен отқа 45 мың рет, авариялық-құтқару жұмыстарына 5 мың рет шығады, 1,5 мыңнан астам адамды құтқарады және 23 мың адамды эвакуациялайды. Өрт сөндірушілер тәулік ішінде орта есеппен дабыл бойынша 140-тан аса нысандарға шығады. Тәулік сайын 2600 өрт сөндіруші-құтқарушы қызмет өткерудің тәулік бойы режімінде болады.
Өрт қауіптілігінің алдын алу, елді мекендерді оттан қорғау үшін өңірлерде қатарынан төрт және алты шығу орнына арналған қазіргі заманғы өрт сөндіру деполарының бірегей кешендері салынуда. Соңғы 10 жылда елімізде 12 өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді, ағымдағы жылы тағы төрт өрт сөндіру депосының құрылысын аяқтау жоспарланған. Сол сияқты шалғай елді мекендерде жергілікті атқарушы органдар ТЖ комитетінің қатысуымен өрт сөндіру бекеттерін құруда, олар ерікті өрт сөндірушілермен жасақталған және өрт сөндіру, немесе өрт сөндіруге бейімделген техникамен жарақталған.
Соңғы он жыл ішінде әртүрлі мақсаттағы 969 бірлік, оның ішінде 453 бірлік отандық өндірістің өрт сөндіру техникасы сатып алынды. Бұл цистерналары бар қазіргі заманғы әмбебап машиналар, көп сатылы өрт сөндіру автомобильдері, түтін жою, газ-сумен сөндіру және газ-түтіннен қорғау қызметінің арнайы техникасы. Сонымен қатар, жоғары өрт сөндіру қабілеті бар көп мақсатты өрт сөндіру автомобильдері, жоғары өтімді және өндірістік өрт-сорғыш стансалары қатарға қосылды. Сондай-ақ, суы бар цистерналармен жабдықталған құрама автосатылар, тұтас және шашыраңқы су ағысын қалыптастыруға мүмкіндік беретін әмбебап өрт сөндіру ұңғыларымен қоса, өрт сөндіру қызметі сығылған ауасы бар қазіргі заманғы аппараттарға ауыстырылды.
1997 жыл, мамыр айы. «Астана-Контракт» ЖШС терминалының аумағында бензинге толы теміржол цистерналары тіркелген тепловоздың ағытылуы салдарынан алапат апат болды. Осы оқиғада өрт аймағындағы адамдарды түрлі дәрежедегі күйіктер шалды, үш отын құю жүргізушісі қаза болды, ал бес адам, оның ішінде үшеуі өртке қарсы қызмет жұмысшысы күйік жарақаттарын алды. Өрт сөндіру кезінде ерлік көрсеткені үшін бөлімше командирі К.Сәрсенов және аға инженер Р.Сағитов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл Алматының өрт сөндірушілері алған Қазақстан Республикасының алғашқы марапаттары еді. Бұл бір ғана мысал.
ТЖ саласында мамандандырылған орталық атқарушы органын құру кезінде Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аса қиын іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 1996 жылы Алматы қаласында орналасқан 66 адамы бар Республикалық жедел-құтқару жасағы құрылды. Ал 2000 жылы республика аумағында Орталық, Шығыс, Батыс, Солтүстік және Оңтүстік өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасақтарын құру туралы Үкімет шешімі шықты. Осы жылдары республиканың авариялық-құтқару күштерін нығайтуға жергілікті атқарушы органдар белгілі бір үлесін қосты, олар 1994-2004 жылдар аралығында 8 жедел-құтқару жасағын құрды. 2005 жылы осы жасақтар Төтенше жағдайлар министрлігінің құрамына енді. Жалпы алғанда жеке құрамы 432 адамнан тұратын 14 жедел-құтқару жасағы болды.
Қолданыстағы жедел-құтқару жасақтары мен суда құтқару қызметтерін біріктіру жолымен еліміздің барлық өңірлерінде 2015 жылы 16 бірыңғай құтқару бөлімшесі құрылды. Қазіргі уақытта біріктірілген бөлімшелердің жалпы саны 1343 адамды құрайды, бұл әртүрлі авариялық-құтқару жұмыстарын кеңінен қамтып, құтқару бөлімшелерінің орналасу аумағын кеңейтуге мүмкіндік берді. Жасақтар қызметінің негізгі мақсаты авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін, оның ішінде аса қиын және жоғары қауіпті жұмыстарды орындау, сондай-ақ республиканың су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Жедел-құтқару жасақтары 945 бірлік арнайы автомобильмен, жүзу құралымен және қарда жүретін көліктермен жарақтандырылған.
Бүгінгі күні барлық жедел-құтқару жасақтарында жедел-техникалық және авариялық-құтқару автомобильдері, жылдам жүретін жүзу құралдары, сүңгуір жабдығы мен түрлі жарақты автомобильдер бар. Кәсіби қызметі үшін барлық жағдайлар жасалған, барлық қазіргі заманғы техникалық және санитариялық талаптарға жауап беретін бес суда құтқару стансасы салынды. Суда құтқару жүйесі жыл сайын акваторияда апатқа ұшыраған 1000-нан астам адамды құтқаруға мүмкіндік береді.
1999 жылы Республикалық жедел-құт-
қару жасағы Түрік Республикасында орын алған ірі жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысты. 2006 және 2007 жылдары жасақ құтқарушылары Қызылорда және Қарағанды облыстары аумағындағы зымыран апаттарының салдарын жоюға қатысып, ТЖ аймағынан халықты эвакуациялау бойынша іс-шараларды уақтылы жүргізді. 2009 жылы Арыс қаласында «Қазарсенал» ЖШС-інде оқ-дәрілердің детонациясы болып, жарылғыш заттар жанды, жасақтар Арыс қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады.
Төтенше жағдайлар комитетінде төтенше жағдайлар кезінде шұғыл медициналық ден қою жүйесі бар. Мұны аумақтық бөлімшелер медициналық қызметкерлерінен, апаттар медицинасы және теміржол госпитальдары орталығынан тұратын апаттар медицинасы қызметі атқарады. Апаттар медицинасы орталығының әзірлігін арттыру үшін 2007 жылы Апаттар медицинасы орталығы Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағына берілді.
Бүгінгі таңда Апаттар медицинасы орталығы – төтенше жағдайларда зардап шеккен халыққа медициналық және психологиялық көмек ұйымдастыруды және көрсетуді жүзеге асыратын кәсіби медициналық-авариялық құтқару қызметі. Жиырма жыл бойы жұмыс нәтижесі оның жетістіктері туралы ауыз толтырып айтуға мүмкіндік береді. Бастысы апаттар медицинасы қызметінің қажеттігі болып отыр. Апаттар медицинасы орталығы республиканың барлық әкімшілік-аумақтық орталығында құрылған және табысты қызмет етуде.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ТЖ комитеті көліктегі медицинаны дамытуға бағытталған 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда. Тек соның шеңберінде 40 күре жолдық медициналық-құтқару пункті құрылып және табысты жұмыс істеуде. Олардың кезекші бригадалары республикалық маңызы бар автожолдарда ТЖ кезінде зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Күре жолдық пункттерді құрған сәттен бастап 3,5 мыңнан астам шығу жүзеге асырылды, 10 мыңнан астам зардап шеккен адамдарға көмек көрсетілді.
Сондай-ақ, 2010 жылдан бастап көлік медицинасын дамыту шеңберінде халыққа «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» және «Жәрдем» үш консультативтік-диагностикалық пойыз қызмет көрсетуде. Медициналық пойыздар барлық қажетті диагностикалық аппаратурамен жабдықталған, ТЖ комитетінің «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» АҚ жоғары білікті медицина мамандары жұмыс істейді. 2010 жылдан бастап үш консультативтік-диагностикалық пойыз медицина қызметкерлерінің күшімен республиканың барлық облыстарындағы 916 теміржол бекетінің 263 мың тұрғыны тексерілді. 1 млн. диагностикалық процедура, 2,7 мың шағын амбулаториялық операция, 19 телемедициналық консультация жүргізілді.
Соңғы 10 жылда ТЖ комитетінің «Қазселденқорғау» АҚ кәсіпорны Сырдария өзеніндегі Көксарай су реттегішін, Талғар селден қорғау бөгетінің, Төменгі Көлсай көліндегі су жинайтын құрылысты жобалады және салды, Қарғалы өзеніндегі бөгет пен Алматы облысының Мохнатка тауында көшкінге қарсы қалқандардың құрылысын аяқтады. Көксарай су реттегішінің арқасында еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі 2010-2015 жылғы су тасқыны кезеңі кедергісіз өтті.
2010 жылы Алматы облысы Қызылағаш су қоймасында бөгеттің бұзылуын жою кезінде, 2010, 2011 және 2012 жылдары Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының күрделенуі кезінде құтқарушылар тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді. 2014 жылы наурыз айында Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Көкпекті су қоймасында еріген қар суларының күрт құйылуынан су қоймасы бөгені бұзылып, Көкпекті ауылындағы үйлерді басып қалды. Толқын келген сәтте су жайылған ауылдан құтқарушылар 125 адамды құтқарды, алдын ала 210 тұрғын эвакуацияланды.
Осылайша, бүгінде Төтенше жағдайлар комитеті барлық тапсырмаларды орындап, тиісті талап деңгейінен табылып келеді.
Жасұлан ЖҰМАШЕВ,
Ішкі істер министрлігі
Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары.