Алматыдағы Қыздар университетінде жұма күні аяқталған «ІІ Халықаралық түркі әлемі зерттеулері» симпозиумы аясында дүбірлеткен «Түбі бір түркіміз» фестивалі болып өтті.
Осымен сегізінші рет өткізіліп отырған дәстүрлі фестиваль Қыздар университеті студенттері мен оқытушыларынан құралған ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы «Шаттық отаны» күйімен және мыңдаған шақырым жер басып келген Түрік елі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен ашылды.
«Танысайық сіз бен біз», «Ата салтым – асыл қазынам» атты екі бөлімнен тұратын фестивальдің бірінші бөлімінде түрік, қырғыз, өзбек, башқұрт, әзербайжан сынды түркі халықтарының ұлттық ән, билері орындалса, екінші бөлімде түркі әлеміндегі әр жұрттың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі көрсетілді. Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай өткізілген фестивальдің басты құндылықтарының бірі – түрлі ұлт өкілдерін сомдаған студент жастардың сол халықтың тілінде еркін сөйлеуі мен ұлттық билерін тамаша көрсете білгендігі, тамыры ортақ, діңі бір, рухы асқақ, ділі бір тұтас жұрттың жаңғырып жеткен жақсылықтары мен жетістіктерін бауырлас халықтардың тілі мен тарихын, мәдениетін білуге деген асқан құмарлығы болды десе болады. Қыздар университетінің студенттері оқу орнында ағылшын тілімен қатар, корей, қытай, француз, парсы, араб, түркі тілдерін оқиды. Бір сөзбен айтқанда, филолог қыздарымыз өз мамандықтарының қыр-сырымен қатар, түбі бір түркі жұртының барлық тілдерін біліп шығады. Елдігіміз бен ерлігімізді, кешегі тірлігіміз бен бүгінгі бірлігімізді айдай әлемге әйгілеген, әдемі әдептің, өміршең өнегенің үлгісін көрсеткен фестиваль соңында үздік өнер көрсеткендер білім ордасының және Түркі халықтарының мәдени қорының арнайы бағалы сыйлықтарымен, мақтау қағаздарымен марапатталды. Еске сала кетейік, үш күнге созылған симпозиум жұмысына ТМД елдері мен Түркия, АҚШ, Қытай, Корея, Нидерланд, Сербия сынды әлемнің 20-ға жуық мемлекеті мен Қазақстанның барлық аймағынан 500-ден астам түркітану ғылымымен айналысатын ғалымдар қатысты.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.