«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорықмұражайының директоры Бақтияр Қожахметов қуана хабарлағандай, бұдан 16 жыл бұрын ұйымдастырылған «Алтай-Дунай» халықаралық археоэтнологиялық экспедиция осымен 5-ші рет сапарға шығуға дайындық үстінде екен бұл күнде. Ұлы Дала көшпенділерінің ежелгі сенімді мініс көлігі – түйелермен жүріп өту арқылы Байкалдан Балканға дейінгі Еуразиялық кеңістіктің байырғы тарихи байланыстары мен бүгінгі қалыптасқан қарым-қатынасты жолай өңірлер жұртшылығына таныстыруға, танымдық үрдістерді кеңейтуге арналып, белгілі зерттеушілерден, білікті саяхатшылардан, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құралған түйе керуені өз сапарын Алтайдан бастап, Мажарстан жеріне тіремек көрінеді. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қазақстан мен Венгрия үкіметтері қолдауымен қайта жалғасын тапқан экспедиция мақсаты ертеден аралас-құралас қоныстас елдер арасындағы тарихи ықпалдастыққа назар аудартып, тамырын тереңге тарту болып табылады.
Елдер тарихы ортақтығын дәріптеуге, халықтар арасындағы ынтымақтастық ымыраға дәнекер болуды мұрат еткен «Алтай-Дунай» экспедициясы сапарлары алдағы уақыттарда бұдан да алыс жерлерге ұласпақ.
Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.