29 Тамыз, 2015

Биікке бастаған жол

532 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Байбатыров-1Туған жерге туын тігіп, халықтың құрметіне бөленген, елдің тау тұлғалы асыл азаматы атанған Жетісу өлкесінің түлегі Серік Кәтенұлы Байбатыров туралы әңгіменің өзегі өзгеше. Ол, міне, 40 жыл бойы заңдылықты сақтау саласында адал әрі қажымай-талмай қызмет істеп келеді. Оның қызметіне тән болған қасиетті нәрсе – терең білім, жоғары кәсіпқойлық, таңдаған ісіне деген адалдық пен шынайы ынта-ықылас. Белгілі бір шешім қабылдаудағы сенімділік пен сауаттылық, жан-жақты хабардарлық, білімділігін үнемі жаңартып, дамытып отыру – заңгер Байбатыровтың жұмыс стилінің ерекшелігі. Әдетте қызметінің жоғары дәрежесіне жетіп, оның биі­гіне көтерілу үшін барлық бас­палдақтардан өту керек. Ол үшін жанды жанып, тер төге еңбек ету керектігін жақсы түсінген Серік Байбатыров университетті бітіргеннен кейін қызметін алыс ауданнан бастады. Ол 1975 жылы сол кездегі Талдықорған облысының Гвардия аудандық сотына судья болып барды. Бұл кезде Серік 26 жаста ғана еді. Сөйтіп, бүкіл елдегі ең жас судьялардың бірі атанды. Өткен жылдарға көз жібе­ріп, ауданның халық судьясы, аудандық соттың төр­ағасы, қалалық, облыстық сот­тар­дың төрағасы, Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы болып қызмет атқарған әртүрлі судьялық еңбек жолына талдау жасағанда оның анық көз жеткізгені – көп жылдық жемісті жұмысының негізі осы Гвардия аудандық сотында қа­ланған екен. Дәл осы ауданда жергілікті тұрғындар жас жігітті халық судьясы етіп сайлап, оған жоғары сенім көрсетті. Дәл осында ол жарқын жолын бастап, судьялықтың қыры мен сырын үйренді. Әр адамның тағдырын өз жүрегінен өткізіп, әділ шешім шығаруды көздеді. Бұл жауапкершілігі мол үлкен істе ұсақ-түйектің болмайтынын ұғынды. Осылайша, тәжірибе жинақталып, шеберлік өсті. Сот процесін жүргізудің небір құпия сырларына қанықты. Күн мен айлар өте келе ол қылмыстық іс болсын, мейлі ол азаматтық, болмаса әкімшілік, өзге де істер болсын, судья өзінің кәсіби деңгейін жетілдіріп, сенімділікке жететініне көз жеткізді. Соның айғағы – Серік Кәтенұлының 35 жылдық судьялық қызметінде бірде-бір кері қайтарылған іс немесе өзгертілген үкім болмапты. Бұл сот тәжірибесінде өте сирек кездесетін оқиға. Өйткені, ол сонау бір қиын-қыстау жылдары құқық қорғау органдары қылмыс атаулыға қарсы тұрып, тиісті құқықтық тәртіп орната білді. Әрине, бұл салада қиындыққа қайыспай қарсы тұрған, өзінің мәртебелі мамандығын өмірінің мәні етіп, оны тудай жоғары көтерген нағыз кәсіпқойлар қалған болатын. Серік те сондайлардың қатарында еді. Өз қызметін төменнен – аудандық соттан бастап, құқық қорғау жүйесінің проблемаларын жақсы білген ол кейіннен оны реформалау кезінде Президенттің өзі сенім білдірген кәсіпқой заңгерлердің бірі болды. Оны кейіпкеріміздің Талдықорған облысының Гвардия және Қаратал аудандық соттарының төрағасы, Талдықорған облыстық әділет басқармасының бастығы, Алматы қалалық және Алматы облыстық соттарының төрағасы, еліміздің Жоғарғы Соты жанындағы сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің төрағасы, қызметтері анық дә­­лел­дейді. Кейін Қазақстан Рес­публикасы Әскери сотының төрағасы, республика Судьялар қауымдастығының төрағасы болған қызметтердің бәрінде де Серік Байбатыров заңға қызмет етуді, сот жүйесін нығайту, оның мәртебесін арттыру, мате­риалдық-техникалық базасын жақсарту үшін өзінің кәсіптік және қызметтік борышын адал атқаруды алдына мақсат етіп қойды, әрі сол үшін күресті. 1990 жылы кейіпкерімізді Талдықорған облыстық әділет басқармасының бастығы етіп тағайындайды. Осы қызметте болған бір жылдың ішінде ол өзінің бұрынғы қызметтестері он жылдар бойы істей алмаған талай шаруаны тындырады. Көптеген аудандық, қалалық соттарға күрделі жөндеулер жүргізіп, олар жаңа, жұмыс істеуге ыңғайлы әкімшілік ғимараттарға айна­лады. Сот үйлері алғашқы ком­пьютерлермен, жаңа жиһаз­дармен жабдықталады. 2001 жылы С.Байбатыров Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің төрағасы қызметіне кіріскенде де Павлодар, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарын аралап, аудандық соттарда, тиісінше облыс орталықтары мен Алматы қаласының барлық соттарында болады. Алған әсер көңіл көншітпейтін еді. Соттардың, шамамен алғанда, 70 пайызының ғимараттары атына заты сай болмай шықты. Тиісті атқарылған шаралардың нәтижесінде соттарды материалдық-техникалық жағынан қайта жарақтандыру арқылы ол Елбасының нұсқау­ларын тікелей орындап шықты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі халық депутаттарының сайлауында жеңіске жетуі Серік Кәтенұлы өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі болды. Ол сайлау қарсаңындағы қатаң тайталас, бәсекелестік жағдайында өткен күресте өзінің 10 қарсыласын басып озып, жеңіске жетті. Бұл баламалы негізде өткен сайлауда депутат болып сайланған ең алғашқы аудандық судьялардың бірі болған еді. Сөйтіп, ол Жоғарғы Кеңестің халық депутаты болған кезде халықтың сенімінен шығуға ұмтылды. Жоғарғы Кеңесте жүріп ол талай тұлғалы азаматтармен, жоғары кәсіпқой жұлдыздар шоғырымен кездесіп, жақынырақ танысуына тура келген. Олардың өмірлік тәжірибелері мен берік ұстанымдары қызықтырып, көп нәрсені үйренді. Ұлттың болашақ көшбасшысы болатын Нұрсұлтан Назарбаевты алғаш рет сонда көрген. Бұл кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ­стан Компартиясы Орталық Коми­тетінің бірінші хатшысы еді. Оның жұртты ұйытып тыңдата білетін шешендігі тәнті ететін. 1990 жылдың 24 сәуірінде он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірінші сес­сиясы жұмысын бастады. Оның жұмысына 340 халық депу­татының қатарында Серік Байбатыров та қатысты. Дәл осы сессияда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті болып сайланды. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тікелей басшылығымен осы тарихи сессияда Қазақстан мемлекеттілігі мен тәуелсіздігі үшін негіз бол­­ған құжаттар талқыланып, қабылданды. Айтулы осы Парла­мент қазан айының 25-інде «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны және 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қа­былдады. Осы Жоғарғы Кеңес 1993 жылғы 28 қаңтарда тәуел­сіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясын қабылдады. Осы негізгі заңдылық акті­лерінің, сондай-ақ өзге де көп­теген заңдардың талқыланып, қабылдануына Серік Байбатыров белсене қатысты. Сол кездегі ең маңызды саяси оқиғалардың бел ортасында болды. Халық депутаты ретінде Серік Кәтенұлы жаңа маңызды саяси құжаттардың әрбір бабы төңірегінде қандай пікірталастардың өрбігенін өз көзімен көрді. Жоғарғы Кеңесте белгілі ғалымдар, заңгерлер, қоғам қайраткерлері жаңа қы­рынан ашылып, толғақты ойларын ортаға салды. Осында өзінің студенттік кезінен бергі ұстазы академик Салық Зиманов асқан біліктілігімен әрі тамаша шешендігімен жарқырап көрінді. Ол Тәуелсіздік декларациясының жобасын әзірлеу жөніндегі комиссияны басқарған болатын. Салық Зиманов маңызды сая­си құжат болып табылатын «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның жобасын жасап, қабылдауға ерекше белсенділік танытты. Сөйтіп, Декларация мен конституциялық Заң тәуелсіз мемлекеттің конс­титуциялық-құқықтық ір­гетасын қалады. Осы іргетасты қаласуға халық депутаты Серік Байбатыров та өзінің лайықты үлесін қосты. Жаңа мемлекетті құруға қатысудан артық қызмет те, абырой да жоқ шығар, сірә! Бұл жағдай қоғам өмірінің заңдылығы да болар. Осы ұлы мақсатқа жету жолында балалық шақтан басталған ұмтылыс пен талмай ізденіс, қайсарлық пен батылдық, тер төгіп еңбек ету, өмірдегі бар жақсыны бойына сіңіріп, оны тиімді пайдалана білу оны алға жетеледі. Бір белестен екінші белеске көтерілді. Қызмет баспалдақтары да биіктей берді. Осы жолда қиындықтар мен кедергілер де аз кездескен жоқ. Әсіресе, аудандық сот судьяларының жұмысында мұндай жайлар жетіп-артылады. Соның бірі – билік тарапынан қысым жасаушылық, әртүрлі қоңырау шалулар, сот ісіне заңсыз араласу сияқты жағымсыз іс-әрекеттер. Бұл жайлар Талдықорған өңірінде аудандық соттардың судьясы болған кезінде жиі кездескен. Ол кез партиялық өктемдіктің ықпалы күшейіп тұрған шақ. «Айттым болды, кестім үзілді» деген заман. Серік те осы пар­тиялық күштің қысымын көрген. Алайда заң әліппесін берік ұстанған ол талайдың арынын басып, алшаңдауына ырық бермей тоқтатқан еді. Оның жұмыс тәжірибесінде кездескен осындай қиын оқиға­лардың кейбіреулері мына­дай: Панфилов қаласының (қазіргі Жаркент) ет комбинатында ұрлық жасалынған деген күдікпен іс қозғалады. Оны облыстық прокуратураның айрықша маңызды істер жөніндегі тергеушісі жүргізеді. Іс бойынша сегіз адам кінәлі деп табылады. Қылмыстық істің ауқымдылығы мен күрделілігі соншалық – 65 том жинақталып, 258 адам куәлікке тартылған. Көп томды бұл іс көрші Гвардия аудандық сотына түседі. Неге сол Панфилов ауданының өзінде қаралмаған? Оның көп жылдық жұмыс өтілі бар тәжірибелі судьяға тапсырылмай, бір жарым жыл ғана жұмыс істеген жас судьяға қа­рауға жіберілгені несі? Сөйтсе бұған себепкер сол аудандағы атақты миллионер колхоздың төрағасы, Социалистік Еңбек Ері, Жоғарғы Кеңестің депутаты Николай Головацкий болып шығады. Соңынан мәлім болғанындай, ол беделін пайдаланып, комбинатты басқарған өзінің бұрынғы күйеу баласына жала жапқызып, оны жазаламақ болған екен. Елге белгілі төраға Панфилов аудандық сотына сенімсіздік білдіріп, істің өзге ауданда қаралуын өтінген. Бірақ қылмыстық іс деп саналған бұл оқиғаның бүге-шігесін ақтара қараған судья Серік Байбатыров кінәлі делінген адамдардың бәрін де сот залынан босатып жібереді. Олардың қызмет бабын дұрыс пайдаланбағаны, жұмыста салақтық танытқаны ғана анық­талады да, шартты түрде жазаға тартылады. Сөйтіп, жас судья құрығы ұзын беделді адамның жетегінде кетпей, әділ заңға сүйенеді. Бұған мойынсұнбаған Н. Головацкий республика партия ұйымының Орталық Комитетіне шағымданады. Арнайы келген комиссия С.Байбатыров қараған істен ешқандай кемшілік таппай, үкім дұрыс шығарылғанын анықтайды. Осылайша жеңіс күштінің жағында емес, шын­дықтың жағында болып шығады. Сот жүйесінде ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарған Серік Байбатыровты 2000 жылы Елбасының өзі шақырып алып, Жоғарғы Соттың төрағасы қыз­метіне лайықты көріп отыр­ғанын айтқан. Алайда оның бұл ұсынысын әртүрлі себептерге байланысты қабылдай алмапты. Бұл жөнінде ол «Егемен Қазақстан» газеті (2011 жыл 16 желтоқсан) тілшісінің қойған сұрағына былай деп жауап берген: «Шындығында да, әркім үшін қандай іс болса да, жауапкершілік жүгін сезінудің маңызы зор. Әрине, бұл шешім менің кәсіби біліктілігім немесе жинақтаған тәжірибем өзгелерден төмен деген сөз емес. Мәселе, әркімнің өзіне сын көзбен қарай білуінде. Өз басын ғана ойламай, өзіңе көмек қолын созып, жақсылық жасап отырған адамның және ол Мемлекет басшысы болса, оның абыройына иненің жасуындай да дақ түсірмеуді ой елегінен өткізуді өзімнің азаматтық парызым, өз борышым деп есептедім», деп ағынан жарылыпты. Серік Кәтенұлы соңғы бір­неше жыл бойы Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы қызметін атқарды. Әскери сотта азаматтардың конс­титуциялық құқықтарын заң талабына сәйкес тиімділікпен қорғау бағытында бірқатар шаруалар тындырылды. ҚР «Әскери қызметкерлерді және олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау және олардың статусы» туралы заңына орай сотқа жүгінушілер тарапынан шағым-арыздардың азаюы атқарылған жұмыс нәтижесінен хабар беретіндей. Әсіресе, әскери соттар шығарған шешімдер арасында жазықсыз жәбірленгендерге араша түсіп, оларды ақтап алу бағытының басым болуы құптарлық жайт. Осылайша республиканың сот жүйесінде қажымай-талмай еңбек еткен Серік Байбатыров соңғы жылдары ҚР Судьялар қауымдастығының төрағасы қызметін атқаруда. Ол сот саласында ұзақ жылғы қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Әдетте, адамның дүниеге келген жері магниттей тартып тұрады. Кіндік қаны тамған топырақ әр адам үшін қасиетті, ыстық. Сондықтан болар, Серік те туған ауылына ауық-ауық атбасын бұрып тұруды әдетке айналдырған. Келе жатып төбесіне бұлт қонған сұлу шоқылы Суықтөбе тауына сүйсіне көз салады. Бала кезінде география пәнінің мұғалімі Базарбай ағайы бастап бүкіл сынып оқушыларының тау басына шыққандары еске түседі. Ауыл шетіндегі мөлдіреп ағып жатқан бұлақтың қасына көлігін тоқтатып, оның суынан қос алақанын толтыра ұрттағанды ұнататыны бар. Бал татиды-ау! Өзіңді аялап өсірген ауылдың мұң-мұқтажына қарайласу да бір ғанибет. Ана жылы ескі мектеп тозып, орнына жаңа мектеп салынды. Қаржы жетпей, сол мектептің спорт залы салынбай қалған еді. Серік облыстық соттың төрағасы қызметінде жүргенде сол кездегі Алматы облысының әкімі Шалбай Құлмахановқа айтып, спорт залын салдыруға қаржы бөлгізді. Жол жөндеу мәселесіне де көңіл бөледі. Сонау қазақ-қалмақ соғысы кезінде билігімен де, ерлігімен де ел есінде қалған Тілеу, Жарылғап бабаларын еске алып, ас беріп, тойын өткізуге де мұрындық болып, кәсіпкерлерді, жұртты ұйымдастыруға белсене араласты. Ауылдастары да осындай ізгілікті істері үшін Серіктей ұлына алғыс айтып, мақтаныш етеді. Жұмаш АРҒЫМБАЙҰЛЫ, Қазақстанның құрметті журналисі. АЛМАТЫ.