Евгений САТАНОВСКИЙ,
Таяу Шығыс институтының президенті (Ресей):
Мен Астанаға келген сайын ерекше бір жоғары сезімде боламын. Бүгінгі Астана экономикалық форумы әлемдік ауқымды шара ретінде өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Ақиқатын айтар болсам, Нұрсұлтан Назарбаев сияқты Президенті бар ел шынымен бақытты. Неге дейсіз ғой, себебі, Нұрсұлтан Әбішұлы әуел бастан өзінің маңайына білікті кадрларды таңдай білді. Бір адамның қолынан көп нәрсе келмейді. Ал Назарбаев командасы «бір жағадан бас, бір жеңген қол» шығара отырып, Қазақстанның экономикасын реформалау мақсатында аса зор жетістіктерге қол жеткізді. Посткеңестік елдер ішінде қазір Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, индустриялық-инновациялық бағыты айқын көшбасшы мемлекет болып табылады. Қазақстан басшылығында жұмыс істеп жатқан команда шын мәнінде Орталық Азия тіпті, ТМД кеңістігінде озық болып саналады. Қазақстанда қазірдің өзінде жүзеге асырылған реформалар ертеңгі күнге үлкен сенім тудырады. Бұл кешенді реформалар жүйесін Ресей енді ғана қолға алып жатыр. Қазақстан Президентінің жақында жариялаған 5 институттық реформасы елдің қаншалықты жоғары даму сатысына көтерілгенін айқын көрсетеді. Президентті экспорттай алмайтынымыз өкінішті. Әйтпесе, Нұрсұлтан Әбішұлындай Көшбасшы Ресейге де ауадай қажет.
Хольгер ВИФЕЛЬ,
ЕҚДБ-ның Қазақстанда және Моңғолияда шағын бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламасының басшысы:
Қазақстан Республикасының сәнді де сәулетті бас қаласында өтіп жатқан бүгінгі экономикалық форум әлемдік сахнадағы өте маңызды оқиғалардың бірі. Бүгін дүниежүзінің 100-ге тарта мемлекетінен жиналған сарапшылар жаһандық экономиканы дамытудың кейбір кезеңдері туралы өздерін толғантқан пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салуда. Мұндай ашық та маңызды үнқатысу алаңында үнемі бас қоса бермейміз. Сондықтан бүгінгі көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныс-пікірлердің маңызы зор. Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында біраздан бері жемісті жұмыс атқарып келеді. Қазір біздің бөлімшелеріміз Қазақстанның Астана, Алматы, Қостанай, Шымкент, Өскемен және басқа өңірлерінде жұмыс істейді. Біз жергілікті банктерге және шағын қаржылық институттарға қаржылық инфрақұрылымды дамыту мақсатында техникалық көмек көрсетеміз. Сонымен бірге, Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстанның қаржы институттары үшін шағын бизнесті қаржыландыру мәселелері бойынша озық әлемдік тәжірибені және үздік технологияларды пайдалануға көмектеседі. Соңғы жылдары біз Қазақстанда әйел кәсіпкерлерге және аграрлық саланың кәсіпкерлеріне атаулы қаржылық көмек көрсету жобасын іс жүзіне асыра бастадық. Біздің республикада жүзеге асырылып жатқан жобаларымыздың жемісті болуына Астана экономикалық форумының тигізетін игі ықпалы да зор.
Пан Сук КИМ,
Азия мемлекеттік басқару қауымдастығының төрағасы (Оңтүстік Корея):
Мен Астанаға талай мәрте келдім деп мақтана алмаймын. Дегенмен, мұның алдындағы форум жұмыстарының жақсы табыстарға жеткендігін жақсы білемін. Ең алдымен, Қазақстанның даму жағдайы туралы айта кеткім келеді. Мен әсем қала Астанаға осы келген сәтімде оның көріктеніп бара жатқанына көз жеткіздім. Өйткені, мұндай заманауи жаңа қалалар әлемде көп емес. Осының өзінен Қазақстанның дамуы қарышты екендігін байқауға болады.
Қазақстан дамуына, менің ойымша, оның басшылығының ашық саясат жүргізуі, әлемдік қауымдастықпен интеграциялануға үлкен мән беруі жағымды ықпал етуде. Осы Астана экономикалық форумының өзі ел басшылығының осындай саясат жүргізіп келе жатқандығын жақсы әйгілейді.
Мен қазір форум аясындағы «Меритократия және қызметтік этика мемлекеттік қызмет тиімділігінің негізгі факторлары ретінде» атты конференцияға қатысудамын. Қазақстан қазіргі уақытта өзінің мемлекеттік қызмет саласын реформалауға үлкен көңіл бөлуде. Бұл жөнінде алғашқы нәтижелер де жоқ емес. Дегенмен, үлкен істер алда тұрған секілді. Өйткені, Қазақстан Президенті кешегі күні ғана жарияланған бес реформасында бұл мәселеге басты назар аударған. Кадрлардың мемлекеттік қызметте өсу мүмкіндіктері мен баспалдақтарын айқындап берген. Оларға жалақы төлеудің жаңа жүйесін енгізуді көздеген. Менің ойымша, реформаның бұл бағытының нәтижесі жемісті болады. Ал, мемлекеттік қызмет саласының реттеліп, дұрыс жолға түсуі ел экономикасына үлкен қозғау әкеледі. Сондықтан мен қазіргі күні Қазақстандағы қолға алынып жатқан осынау іргелі шараға қолдау білдіремін. Басқа да елдер осындай маңызды реформаны жеделдетіп қолға алса жөн болады деп есептеймін.
Клеменс ГРАФ,
Goldman Sachs компаниясының Ресей және ТМД бойынша бас экономисі, Жаңа нарықтар бойынша зерттеулердің жетекшісі:
Қазақстанға ең алғаш өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында келген болатынмын. Мұнан кейін де талай келудің сәті түсті. Астана экономикалық форумына да жүйелі түрде қатысып келемін.
Бүгін форумнан алған әсерлерім көп. Мен мұнда «Жаһандық экономикадағы экономикалық, қаржылық және монетарлық өзгерістер» атты сессияға қатыстым. Жаңа ғана оның өңірлік макроэкономикалық үдерістердің Орталық Азия мен көрші елдерге ықпалы тақырыбына арналған басқосуында болдым. Мұнда сөз алып, өз ой-пікірлерімді ортаға салдым.
Шынын айтқанда, қазір әлемде қаржы жағдайы жақсы емес. Көптеген елдердің еңсесін борыш дағдарысы басып тұр. Ал, Қазақстан болса жылдан-жылға нығайып келеді. Оның үстіне халықаралық үлкен форумдар өтетін, көптеген келелі мәселелер талқыланатын алаң ретінде адамзат қауымының толғақты мәселелерін шешуге өз үлесін қосуда. Бұл өте жақсы, бағалауға лайықты құбылыс.
Осының барлығы Қазақстанда мемлекеттік саясаттың кемелденгендігінің бір көрінісі. Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 100 қадамнан тұратын бес реформасымен таныстым. Одан жақсы әсер алдым. Осындай нақты қадамдар қай елге болса да артықтық етпейді. Ал, өз тәуелсіздігіне ие болғандарына көп бола қоймаған елдер үшін тіптен де қажетті шара. Одан әрбір ел үлгі алуы тиіс деп ойлаймын.
Ядулла ГАСАНЛЫ,
Экономика ғылымдарының докторы, профессор (Әзербайжан):
– Бұл форумға жыл сайын қатысамын. Мұнда үнемі өте маңызды, ауқымды тақырыптар қозғалады. Биылғы жылы мен «Жаһандық экономикадағы экономикалық, қаржылық және монетарлық өзгерістер» деп аталған сессияға қатыстым. Өте қызықты диалог болды. Онда қатысқан спикерлерге залдан қойылған сұрақтардың көп болуының өзі тақырыптың тартымдылығын көрсетті деп ойлаймын. Әрине, қазіргі таңда мұнай бағасының жайы көптеген елдерді алаңдатады. Бірақ мәселенің шешілуіне қатысты жауаптар сан түрлі. Міне, осы мәселені бір алаңда отырып талқылау, нақты шешімдерге түрткі салу бұл форумның басты мақсаты екені даусыз. Маған бүгінгі диалогта мына бір пікір жақсы әсер қалдырды. Яғни, сарапшылар әлемде мұнайға балама энергия көздері табылуы мүмкін, бірақ бұл оның орнын ешқашан түбегейлі алмастыра алмайды деді. Бұл дегеніңіз, мұнай әлемдік экономикаға, экономикалық өсімге әлі де өте қажет екенін білдіреді. Айта берсек, форумда айтылған пкірлердің бәрі маңызды. Бастысы, осындай ірі халықаралық форумдардың нәтижесінде көптеген шешімдерге, халықаралық келісімдерге қадамдар жасалады. Бұл тұрғыдан Қазақстан мен Әзербайжанға қатысты да көптеген тиімді тетіктерді қарастыруға болады деген ойдамын.