29 Тамыз, 2015

Серпінді Сырдария

610 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Сырдарья IMG_9522Үлкен қалаларда ескі үйлерді қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Ол үшін мемлекеттен арнайы қаржы қарастырылған. Ал осындай жұмыс ауданда жасалып жатыр десек сенесіз бе? Тұрғын үй толық жөнделіп, кәріз жүйелері қайта жасақталып, есігінің алдындағы жолына асфальт төселіп, инеден жаңа шыққандай боп тұған баспаналар бар. Қызылорданың Сырдария ауданында. Оның өзі толықтай бюджет ақшасына жасалып жатқан жоқ. Көптеген тірлік ауданның өз кірісінен атқарылуда. Жалпы, Сырдария инвестиция және қосымша қаржы тарту жағынан облыстағы маңдайалды аймақ. Алақандай ғана ауданның табысы мұндағы біраз шаруаның шешілуіне септігін тигізіп отыр. Әрине, пайданы табуға болады. Сол табыстың ел игілігіне қалай жұмсалуы әкімнің қолындағы тірлік. Бұл ретте Сырдария ауданының әкімі Ғанибек ҚАЗАНТАЕВ көптеген әріптестеріне үлгі бола алар еді. Біз жақында өңірдегі ең іскер әкімдердің бірімен әңгімелестік. – Ғанибек Қонысбекұлы, соңғы жылдары Сырдария ауданында көптеген әлеуметтік мәселелердің реттеліп жатқанын білеміз. Әсіресе, ауылдарда ауқымды жұмыстар жасалып жатыр екен. Әңгімемізді осы мәселеден бастайықшы... – «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағида бар. Сондықтан әкімнің ең бірінші міндеті халықтың жайлы тұрмысы үшін барлық жағдайды жасау деп білемін. Бастысы мақсатты айқындап алу. Қалған тірлік өз жүйесі мен ретін таба береді. Ал біздің мұратымыз айқын. Ол жаңа айтқанымдай осы қызметте отырғанда барынша елдің кәдесіне жарау. Сол себепті ауданға тартылып жатқан барлық қаржыны тиімді пайдаланып, елге құт болатын шаруаларды атқаруға тырысып жатырмыз. «Аймақтарды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» бар. Аталған бағдарлама бойынша Тереңөзек кентіндегі 4 көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғырту мақсатында республикалық бюджеттен 25,1 миллион теңге бөлінді. Ол ақшаға күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бүгінде  Әлиакбаров көшесінде орналасқан көппәтерлі бір тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Бұрын халық көппәтерлі үйлерді арзанға сатып алатын. Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін жаңағы үйлердің бағасы күрт өсіп кетті. Егер сұраныс болмаса, оның бағасы өсер ме еді? Сондай-ақ, 2016 жылы кенттегі 6 көппәтерлі тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты тиісті құжаттары ресімделді. Яғни, бұл бағыттағы жұмыс толық атқарылып біткенге дейін жалғаса береді. Сонымен қатар, «Өркен-Сырдария» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кенттегі 29 көпқабатты тұрғын үйлерге ауыз су және кәріз жүйесін кіргізу жұмыстарын бастады. Қазірдің өзінде 11 үйдің пәтер иелерімен келісімшарт жасап, ауыз су және кәріз жүйесін жүргізді. Ауыл демекші, осыған дейін Бесарық елді мекенінде әкімдіктің ғимараты болмаған. Бұл олқылықты жоюдың орайын тауып, бүгінде әкімдіктің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Тереңөзек кентінде бес екі бөлмелі және бес үш бөлмелі үй, аудан әкімдігіне қосымша ғимарат құрылысы жүріп жатыр. Тұрғындар үшін ең қажетті дүниенің бірі жол. Бұған дейін қанша жылдан бері халықтың арманы болып келген Сырдария өзенін кесіп өтетін көпірдің пайдалануға берілгенін білесіз. 2015 жылы аудандық маңызы бар кент және ауылішілік жолдарды жөндеуге, көлік инфрақұрылымын дамытуға аудандық бюджеттен 641 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Тереңөзек кентінде – 12, Асқар Тоқмағанбетов ауылында – 6, Жетікөл ауылында – 5, Қалжан ахун, Шаған ауылдарында – 3, Шіркейлі және Іңкәрдария ауылдарында – 1 көше жөндеуден өтуде. Аудан орталығы Тереңөзек кентінің кіреберісіндегі «Әй­тек» каналындағы авариялық жағдайдағы автомобиль көпіріне облыстық бюджеттен 34 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен Тереңөзек кенті Тоқтыбаев көшесімен  «Әйтек» каналы арқылы ауыр жүк көліктері өтетін автомобиль көпірі құрылысына  157 миллион теңге  және осы  көпірден  «Қызылорда–Жалағаш» трассасына дейінгі жол құрылысына  41,6 млн. теңге бөлінді. Кенттегі Н.Ілиясов көшесінен жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысына 9,4 миллион теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, Тереңөзек кенті Б.Момышұлы көшесімен «Майжарма»  каналынан өтетін автомобиль көпірі құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірлеуге  2,1 миллион теңге және Тереңөзек кенті  «Қаракөл» каналынан өтетін темір-бетон құбырдың күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжат әзірлеуге  1,7 миллион теңге қаржы бөлінді. Ең бастысы, бюджеттен тыс көздерден биыл Тереңөзек кентінде жаңа автовокзал ғимараты пайдалануға беріліп, аудан халқының қала, көрші аудандар мен ауылдар арасындағы  жолаушылар қатынасы жақсаратын болады. – Ал ауылдарда жол жөнделгеннен басқа не істелді? – Шіркейлі ауылындағы 600 орындық және Шаған ауылындағы 900 орындық жаңа білім ордалары пайдалануға берілді. Осымен аудан мектептеріндегі  орын жетіспеушілік мәселесі толық шешілді. Мұның өзі үлкен жетістік деп санаймын. Бүгінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінің мәселесін түпкілікті шешу қолға алынып отыр. Оның бір көрінісі ретінде аудандық бюджет есебінен С.Сейфуллин ауылында 90 орындық балабақша құрылысы және сол ауылдағы №137 орта мектептің акт залы мен кітапхана құрылысы жүріп жатыр. Қалжан ахун ауылындағы «Гүлдер» балабақшасы, Қоғалыкөл ауылындағы 140 орындық балабақша ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстарының құрылыстары басталды. Сонымен бірге, Тереңөзек кентіндегі №6 «Ботакөз» балабақшасын қайта жаңғыртуға 30 миллион теңге, ескі кітапхананы бөбекжайға лайықтандыруға  40 миллион теңге қаржы бөлінді. Осылайша, біз биылғы жылдан бастап балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізетін боламыз. Шілде айында С.Сейфуллин ауылында 150 орындық клуб пайдалануға берілді. Сондай-ақ, биылғы жылы Іңкәрдария және Айдарлы ауылдарында салынып жатқан жаңа клуб құрылысы, Тереңөзек кентіндегі орталық кітапхананы қайта жаңғыртудан өткен ғимаратқа көшіру, Жетікөл ауылдық клубының жылу қазандығын қайта жаңғыртуға және Қоғалыкөл ауылындағы мәдениет үйінің көмір қоймасының құрылысын қаржыландыруға облыс және аудан бюджетінен 433 миллион теңге қаржы бөлінді. Осы жылы Шаған және Аманкелді ауылдарындағы мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткіземіз. Сөйтіп, ауданның мәдениет саласындағы барлық мәдени ошақтардың жөндеуін 100 пайыз аяқтайтын боламыз. Жақында Нағи Ілиясов ауылында Елбасының бас­тамаларын жалғастыру мақсатында мемлекет және жекеменшік әріптестік негізінде «Абзал және компания» толық серіктестігі жаңа үлгіде салынған стадионды пайдалануға берді. Байқасаңыз, ауданның әр ауылында көше жөнделіп, балабақша салынып, мәдениет үйлері қайта жасақталып, балалар жаңа мектепке барып жатыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2015 жылдың 6 айында  1 миллиард 644 миллион теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 117 пайызға ұлғайды. Осының бәрі Елбасының сындарлы саясатының арқасында орындалып жатқан шаруалар. – Бір ғана құрылыс саласына 1 миллиард 664 миллион шығындалса, онда ауданның бюджеті де ауқымды болғаны ғой? – Жыл басында ауданның биылғы бюджеті 5 миллиард 800 миллион теңге көлемінде бекітілді. Оның ішінде өз кірістеріміз 4 миллиард 77 миллион теңге деп белгіледік. Одан бері аудандық бюджет 3 рет нақтыланды. Солайша, бір ғана өзіміздің кіріс бөлік 6 миллиард 813 миллион теңгені құрады. Аймақтағы ең кішкентай аудан саналсақ та, өз табысымыздың күн санап артып келе жатқаны көңілімізге қуаныш ұялатады. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша жоспарланған қаржы 99,9 пайыз игерілді. Қалған 0,1 пайызын игере алмай қалдық. Алайда мұны қанағат тұтудың керегі жоқ. Жоспарланған қаражатты толық және өз мақсатына пайдалану басты міндет деп білемін. Тағы бір мәселені айта кету керек шығар. Қызылорда облыстық мәслихатының шешімімен ауданға облыстық бюджеттен бөлінген 473,6 миллион теңге нысаналы трансферттерді қайта қайырып бердік. Өйткені, шегерілген қаржының есебін аудандық бюджеттің күшімен жасауға болады. Өз ақшамыз өзімізге жетіп жатқанда облыстық бюджетке ортақтасқан дұрыс болмайды ғой. Жалпы, салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің түсімі 2015 жылдың 6 айында 3 миллиард 136 миллион теңгені құрады. Ағымдағы жылдың 6 айында аудан экономикасына 12 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 167 пайызға артық. Аталған көрсеткіш бойынша біздің аудан облыстағы ең жоғарғы орында тұр. – Инвестиция жыл сайын артып келе жатыр екен. Қуанарлық жағдай. Дегенмен, аудандағы шағын және орта кәсіпкерліктің халі қалай? – Осы жылдың 1 шілдесіне дейін ауданда 1499 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. 2014 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 105 пайызға өсіп отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында 470 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, олардың қызметінен жергілікті бюджетке 105 миллион теңгенің салығы түсті. Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2015-2019 жылдарға арналған   бағдарламасына сәйкес аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында ауданнан екі жоба мақұлданды. Оның құны – 12 миллиард теңге. «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі  бойынан «В» санаты бойынша Сырдария ауданы шекарасынан өтетін бөлігінде екі сервистік кешен салынуда. Оның әрқайсысы жылына 3 мың  адамға  дейін  туристік  қызмет көрсетеді деген жоспарымыз бар. Сондай-ақ, 58 жаңа жұмыс орындары ашылады. Екеуінің жоба сметалық құны 682 миллион теңгені құрайды. Аталған жобалардың барлығы аудан үшін ерекше маңызға ие. Олар іске асқан кезде тұрғындарды жұмыспен қамтып, салық базасын кеңейтуге мүмкіндік жасайды. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының бірінші бағыты – «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» бойынша  Нағи Ілиясов  ауылындағы  «Абзал  және  К»  толық  серіктестігінің астық  қырманына  баратын  ұзындығы 2,7 шақырым жолды асфальттау мәселесі бойынша құжаттары облыстық аймақтық үйлестіру кеңесінде  мақұлданды. Қазіргі таңда жобаны қаржыландыру басталды. Аймақта облыс әкімінің қолдауымен елді мекендерде өз кәсібін ашып жетілдіруге 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грантпен  қаржыландыру мақсатында «Ақниет» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. «Ақниет» бағдарламасына үш жыл мерзім ішінде 900-ге жуық аудан тұрғыны қатысып, 85 адам 37 миллион теңгенің қайтарымсыз грантын  жеңіп алды. Аудан халқының ауызбіршілігі, ынтымағы мен тікелей облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының қолдауының арқасында көптеген жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осындай жобалардың бірегейі ірі қара малды бордақылау алаңдарын кеңейту, санын көбейту мақсатында «Шаған Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 1 миллиард 170 миллион теңге тұратын 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу жобасының басталуы. Жобаны «ҚазАгро» акционерлік қоғамы бекітті. Мал  бордақылау  алаңы  шаруа  қожалығының  30 гектар  жеріне орналасады. Алаңның айналасындағы 750 гектар жер  инженерлік  жүйеге  келтіріліп, онда жүгері, жоңышқа, бидай егіледі. Мал  азығы  дайындалып, жемшөппен толық қамтамасыз етілетін болады. Алдағы  уақытта шаруашылықтың тарапынан мал сою алаңын салуға және ет өнімдерін өндіру бойынша жоба дайындалуда. Аталған жоба бойынша  материалдық-техникалық жабдықтар – мұздатқыш, ет өңдейтін кіші зауыт, шұжық, қалбырдағы ет шығаратын жабдықтар  шаруа қожалықтың  өз есебінен  алынады деп отырмыз. Өндірілген ет өнімдерімен Қызылорда, Байқоңыр, Алматы қалаларының нарығына шығарылып, көрші Ресей, Өзбекстанға экспортталатын болады. Сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы «Қызылорда ет-сүт өңдеу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен ынтымақтаса жұмыс жасаймыз. Бұл жоба бойынша осы тамыз айынан бастап қаржыландыру басталды. Индустриялық аймақ «Қызылорда – Жалағаш» автожолының  бойынан  жалпы  көлемі – 20 гектар жер учаскесі берілді. Аймақтық инфрақұрылым жүйесінің жобалық-сметалық  құжаттарын  әзірлеуге жергілікті  бюджет есебінен 10 миллион теңге бөлініп, жобалық сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Индустриялық  аймаққа  қажетті  инфрақұрылым  жүйелерін  жеткізу  жобасы  «Бизнестің  жол  картасы-2020»  бағдарламасы   шеңберінде  аймақтық  үйлестіру  кеңесінде  мақұлданды. Бұл аудандағы кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеріп, бюджетке мол пайда әкеліп, жұртты жаңа жұмыс орындарымен қамтитын берекелі жоба болмақ. – Облыс бойынша Сырдария күріш егумен айналысатын үздік ауданның бірі. Биылғы өнім көлемі жылдағыдан төмен емес пе? Жалпы, ауданның ауылшаруашылық саласында қандай өзгерістер бар? – Көктемгі егіс науқанын үлкен ұйымшылдықпен атқарып шықтық. Биыл да еңбекші қауымның төккен маңдай тері, елдің ырзығы мол болады деп ойлаймыз. 2015 жылы аудан бойынша 29878 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары  егілді. Оның ішінде: күріш 19755, жаздық бидай 450, мақсары 350, жоңышқа 8501 және 792 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдарының дәні түсті. Бүгінде аудан бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары минералды тыңайтқыштар мен басым дақылдарға барлығы 648 миллион теңгенің субсидиясын игерді. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2015 жылы 450 ірі қара сатып алу жоспарланса, бүгінгі күнге барлығы 133 аналық сиыр, 6 асыл тұқымды бұқа  алынды. Бұл көрсеткіш 29,5 пайызға орындалды. Жылдың соңына дейін уақыт бар. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. А.Тоқмағанбетов ауылдық округіндегі «Піржанов» шаруа қожалығы 8 миллион теңге несие алып 3 асыл тұқымды бұқа, 40 аналық сиыр малдарын сатып алса, Шіркейлі ауылындағы «Ыссамадин» шаруа қожалығы 15 миллион теңге несие алып 4 асыл тұқымды бұқа, 93 аналық сиыр сатып алып, жұмыс жасауда. «Құлан» бағдарламасы бойынша Бесарық ауылындағы «Бірлік» шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тан 5 миллион теңге несие алып, 13 бие, 3 асыл тұқымды айғыр, «Ақбота» жеке кәсіпкер 8,5 миллион теңге несие алып 30 бие және 3 асыл тұқымды айғыр, «Сейтбек» шаруа қожалығы 7 миллион теңге несие алып, 28 бие және 2 асыл тұқымды айғыр сатып алып, күтіп бағуда. Асыл тұқымды жылқы малдарын сатып алу жұмыстары үшін 3,5 миллион теңге, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға 2,1 миллион теңге субсидия игерілді. Осы сандардың өзінен-ақ аудандағы ауылшаруашылық ахуалының қаншалықты екенін бағамдауға болатын секілді. Жалпы, соңғы жылдары Сырдария ауданында үлкен ілгерілеушілік бар екенін айтқым келеді. Елбасы алдымыздағы нақты даму бағытымызды айқындап берді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтағы барлық жұмыстың нәтижелі орындалуын қатаң қадағалап отыр. Сондықтан бізге елдің өркендеу жолында аянбай еңбек ету ғана керек. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.