Астанада «Болашақ» бағдарламасының (BARCEF-2015) жыл сайынғы халықаралық конференциясы болып, оның жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, сөз сөйледі.
«Елбасымыздың тікелей қолдауымен өрістеген «Болашақ» бағдарламасына 20 жыл толып отыр. Бағдарлама арқылы қазақстандық жастар әлемнің озық жоғары оқу орындарында білім алды. Ал жыл сайын осындай конференцияға жиналып, өзекті мәселелерді сөз ету дәстүрге айналды. Бәріңізге хош келдіңіздер дей отырып, осы жиынға арнайы қатысып отырған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықоваға конференцияны ашып беріңіз дегім келеді», – деді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.
Құттықтау сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова: «Әлемдік өркениетте өзінің мәртебелі орнын белгілеген Қазақстан үшін білім мен ғылымның мәні мен маңызы айрықша. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болуымыз үшін біз білім-білігі жоғары елге айналуымыз керектігі нақты көрсетілді. Сондықтан алдағы уақытта отандық экономиканы әрі қарай өркендету үшін және еліміздің озық отыздықтың қатарына енуінде білікті де білімді адамдардың алатын орны ерекше екендігі анық. «Болашақ» президенттік бағдарламасы 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оны Елбасы тәуелсіз Қазақстан тарихының алтын парағына теңеген болатын. Бағдарлама білім беру жүйесінің жоғары мойындалған локомотиві бола отырып, Қазақстанға жоғары білікті мамандар дайындаудың әлемдік жүйесіне қосылып, еліміздің экономикалық және әлеуметтік кеңістігінде әлемдік технологиялар трансферін құруға мүмкіндік берді», – деген Гүлшара Әбдіқалықова бүгінге дейін 8 мыңнан астам жоғары білікті маман даярланғанын атап өтті.
Қазіргі кезде олардың ұлт экономиканың түрлі салаларында: 2 000-нан аса маман өнеркәсіптік және аграрлық секторда, 2 000-ға жуығы білім саласында, 1 500-ге жуығы ақпараттық технологиялар мен коммуникациялар саласында, 600-і медицина саласында, сондай-ақ, 400-ден астамы мемлекеттік қызметте, 85-і PhD докторы және 2,5 мыңға жуығы әлеуметтік-гуманитарлық салада мамандар ретінде қызмет етіп жүргенін тілге тиек еткен Мемлекеттік хатшы болашақтық түлектердің төрттен бір бөлігіне жуығы басшылық лауазымдарда табысты еңбек етіп жатқанына тоқталды. Және де «Болашақ» бағдарламасының бес институттық реформа, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында дамып жатқанына назар аударды. Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы елдің адами капиталының сапасын жоғары білікті кадрлар үшін бәсекелестік күрес жағдайында арттыру қажеттігін айтып, осы тұста стипендиаттарды сапалы іріктеу, неғұрлым дарынды жастарды тарту және ұлттық экономиканы дамытудың басымдығы бар бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру ісі басты назарға алынатынын жеткізді.
Мемлекеттік хатшы конференцияға қатысушыларды «Болашақ» бағдарламасының жаңа бесжылдық даму жоспары аясында ұсынылған бастамаларды жан-жақты талқылауға шақырып, әрбір стипендиатқа жұмсалған мемлекеттік инвестиция ел экономикасын дамыту үшін және «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты – әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін жаңа білім және машықтарды игеру арқылы еселеніп қайтатынына сенім білдірді.
Мұнан соң сөз алған сенатор Ақан Бижанов жаһандық бәсекелестік жағдайында мемлекет жетістігінің аса маңызды факторларының бірі – еліміздің адам капиталына маңыз беріп, осы тағдыршешті салаға елеулі қаржы бөлуін көлденең тартты. Соңғы 5 жылда білім беру саласына бөлінетін қаржы 5 есеге өсті, қазіргі күні әлемде әлеуметтік салаларға қаржы бөлу мен бюджеттік шығыстарды азайтатын амалсыз шараларға қарамастан, білім саласына арналған мемлекеттік қаражат қысқартылмады, ал әлемдік стандарттарға жауап беретін мамандар даярлауда білім саласын дамыту аса қажетті іс болып табылатынын атап өтті.
Конференцияда Мәжіліс депутаты Гүлнар Ықсанова, жоғары білім саласындағы халықаралық сарапшы Джамиль Салми, Шығыс Азия университетінің құрметті профессоры Дэвид Салми сөйледі. Мәселен, халықаралық сарапшы Джамиль Сальми Норвегия премьер-министрінің сөзінен мысал келтіріп, былай деді: «Білім – болашақтың кілті. Ендігі уақыт бүгінгі мұндай билік еткен заманнан басқа болмақ, ол – ғылым мен білім билік ететін әлем. Сондықтан, өзінің болашағын ойлаған ел білімге инвестиция салмай, жарқын болашаққа бара алмайды. Егер мемлекет халқы сауатты, жан-жақты білім иесі болса, сол елдің болашағы кемел», дегені бар еді. Қазақстанның білімді болашаққа негізделген өз бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Ол «100 нақты қадамда» да қарастырылған. Ал егер сіздер, жоғарыда айтылғандай, білім билейтін заманда толыққанды өмір сүрулеріңіз үшін білімнің барлық баспалдақтарын қатар дамытуларыңыз қажет. Олар – алдымен орта мектептегі білім беруге қатысты реформалар», – деген ойымен бөлісті.
Конференцияға Ұлыбритания, АҚШ, Қытай және т.б. елдерден 20-дан астам халықаралық сарапшы, «Болашақ» серіктестері – 20 қазақстандық, 40-тан астам шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
"Егемен Қазақстан",
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.