ПЕТРОПАВЛ. 5 шілде. Петропавлда химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі салтанатты түрде ашылды. Шараға «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова мен аймақ басшысы Ерік Сұлтанов қатыты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгін мұнда жоғары кәсіби педагогикалық құрам бекітілді, заманауи қондырғылардан материалдық-техникалық база жасақталды. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен мұғалімдерін алдағы уақытта талай жетістік күтіп тұрғанына сенімдімін», - деді құттықтау сөзінде Ерік Хамзаұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі мектепке автобус көлігін сыйға тартты.
Күләш Ноғатайқызы Назарбаев зияткерлік мектептерінде 11 мыңға жуық оқушы оқитынын, соңғы 3 жылда 5 мыңдай түлек бітіргенін, оның 285-і «Алтын медаль» иегері атанғанын жеткізді.
Іріктеу нәтижесі бойынша «Өркен» білім беру гранты 312 оқушыға бөлінген. Назарбаев зияткерлік мектебінде 62 кабинет жарақтандырылған. Оның 5-уі биология, 6-уы химия пәніне арналған. Сонымен қатар биотехнология, нанотехнология, робототехника, техникалық модельдеу кабинеттері бар. Мектеп аумағында футбол, теннис, баскетбол, волейбол ойнауға арналған бірнеше алаң, жеңіл атлетикалық жол мен тренажер залы орнатылған.
«Президент грантына ие болған балалар тегін тамақтанады. Олар 120 орындық интернатта жатып оқиды.Формамен және оқулықтармен қамтылады», - деді химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Күлфарида Райысова.
Айта кетейік, 720 орынды жаңа оқу орнына 88 мұғалім іріктеліп алынған.
Өмір Есқали.
Дерек, суреттер: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.