29 Тамыз, 2015

Асылымызды ардақтайық

782 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Біздің қазіргі қолданыстағы Ата Заңымыздың 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылдануы еліміздің тәуелсіздік тарихындағы жаңа дәуірдің басталуының ақиқаты. «Қазақстан Конституциясы – заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея. Ол біздің ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының азаттық және өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігі туралы, билік барша халықтың мүддесіне қызмет ететін мемлекет туралы, бүкіл әлемге белгілі әрі құрметтелетін тәуелсіз ел туралы армандарының осы заманғы құқықтық түсініктерін бейнелейді», деп атап өткен Елбасымыз халық таңдауының дұрыстығын бүгінгі күні бүкіл әлемге паш етіп, еліміздің экономикасын өрлетіп, оның халықаралық беделінің арта түсуін салиқалы саясаты және қажырлы еңбегімен дәлелдеуде. Ата Заң негізінде ел аумағының тұтастығы, қауіпсіздігі қамтамасыз етілсе, еліміздің Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бос­тандықтарының кепілі. Республиканы дамыту, өркендету мақсатында Конституцияда бекітілген нормалардың атқаратын рөлі ерекше. Ол еліміздің барлық азаматтарының бірігіп қызмет етулері үшін қажетті жағдайларды жасап қана қоймай, сонымен қатар, азаматтарымыздың шынайы еркіндігін жүзеге асырады. Міне, сондықтан да адамның құқықтарын жоғары қою мемлекет қызметінің негізгі бағыты болып табылады. Ата Заңның қабылданғанына биыл 20 жыл толды. Осы өткен қысқа мерзім ішінде еліміз өз тәуелсіздігін орнықтырып қана қоймай, оны одан әрі нығайтып, әлем таныған іргелі мемлекетке айнала білді. Қазақстанның жүзеге асырған экономикалық, әлеуметтік, саяси қайта құрулары мен қол жеткен жетістіктері түгелдей Конституциямызбен тығыз байланысты екені күмәнсіз. Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңіре отырып, адам­дардың табиғи құқықтары мен бостандықтарын, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамытуды жүзеге асырып, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеяларды бекітті. Ол елімізде сан алуан идеологиялық, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Конституциямызда бекітілген нормалар еліміздің барлық азаматтарының бірлесіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қызмет етулері үшін барлық жағдайларды жасаған. Адам құқықтары мен бостандықтарына арналған нормалары басқа салалық заңнамалардың мазмұнына өзінің оң әсерін тигізуде. Қазіргі Конс­титуциямызда азаматқа құр­метпен қарау, оның жеке құқық­тарын таптамау, заң алдын­дағы теңдік, жалпы теңдік қағидалары нақты белгіленген. Ата Заң – Қазақстанның төлқұжаты. Ол қазақ хал­қы­ның тағдырына жауап беретін, ұлы құжат әрі тәртіптің, иман­дылықтың, мәдениеттің бас­тау көзі. Оның әрбір тарау­ын бойға дарытып, жүрекпен қабылдаған жөн. Себебі, онда ұлттық намысымыз бен азаматтық арымыздың ғұмырлық болмысы сипатталған, ал әрбір бап түбі терең құндылықтарды жаңғырту мен сақтауға негізделген. Әрбір қазақстандық, өзінің қоныс теуіп тұрып жатқан елінің на­ғыз патриоты ретінде Отаны – Қазақ­станның өсіп-өркендеуіне және оның барынша дамуына сүбелі үлестерін қосқаны әрі оны өзінің қасиетті борышы деп сезінуі абзал. Конституция біздің елдің тарихында бейбітшіліктің, жасам­паздықтың және өркен­деудің Конституциясы болып қала беретіні һақ. Сондықтан, әрқайсымыз Конституциямызды құрметтеп, оның жоғары құқықтық мәртебесін сыйлауымыз қажет. Сейітқұл Қалибеков, «ХҚКО» РМК Алматы облысы филиалының Ақсу аудандық бөлімінің инспекторы, заңгер.