23 Мамыр, 2015

Талантты туындыгер

1370 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Сырт келбеті мен бітім-болмысы бір қарағанда қарапайым көрінгенмен ішкі сарайы сара адамдар болады. Ондайды атам қазақ: «Тегін адам емес», деп сипаттап жатады. Біз білетін Махаң – Мархабат Байғұт та дәл сол айтқан теңеуге пара-пар, нағыз лайық жанның өзі. Өзінше айтқанда, менің мәністеп отырған кейіпкерім – қысы қатал, жазы жұмсақ, табиғаты тамылжыған ақын-жазушылар есті тандыра суреттеп, ән-жыры мен әңгімесіне арқау етер тау бөктерінде орналасқан Пістелі деген ауылда 1945 жылы Ұлы Жеңіс мерекесі тұсында дүние есігін ашып, ақжолтай бала атанған перзенттің бірі. Тумысынан туған жердің табиғатын бойына сіңіріп, мінез қалыптастырғаны болашақ жазушының ақберен, ақ жолды таңдаған адал жан екенін көрсетсе керек.

 egemen (7) Десе де, болашақ жазушының талабы тау­дай болғанмен, соғыстан кейінгі уақытта халықтың киер киім мен ішер асқа жарымай, күнкөрісі өте қиыншылықпен өткені сол кездегі ұрпақтың санасынан әлі күнге өшкен жоқ. Тағдырдың бұл талқысынан жеткіншек бала Мархабат та айналып өтпеді. Жұрт тойынып, ел еңсесін көтергенше сарытап болған талай жылдар өтті. Сәби шақтан бала шаққа жеткен Махаң мектеп табалдырығын аттап, білімге бас қойды. Оқып, тоқығанын зерделеп, ақ қағаз бетіне шимайлады. Таршылық пен жоқшылықта жүрсе де, оның таудай талабы мен арманы аласармады. Қайта биікке құлаш ұрып, жетсем, уысыма түсірсем деді. Оны қиялдағы арманы алдамапты. Қиналса да жетті, жеткізді. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген жас маман 1968 жылы өзі туып-өскен өлкенің аудандық «Шамшырақ» газетіне қызметке келді. Еңбек жолын корректорлықтан бастап, аудармашы, бөлім меңгерушісі болып, 1974 жылға дейін еңбек тәжірибесінен өтті. 1974-1984 жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде аудармашы, тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. Журналистік салада еңбек ете жүріп, қоғамдағы қасыған жерге дөп тиетін мақалаларымен танылған елгезек журналист әкімшілік қызметке шақырылып, 1984-1985 жылдары облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, одан кейін Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент облысаралық бөлімшесінің жетекшісі қызметіне тағайындалды. Журналист, жазушы деген атқа жетіп, арманына құлаш ұрған жетпісінші жылдары болашақ қаламгердің талай түнді ұйқысыз өткеріп, тырнақалды туындыларын тербетіп, жарыққа шығара бастағанына сол кездегі әдебиет сүйер қауым куә. Жазушылыққа төселіп, «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Шілде», «Ауыл әңгімелері», «Алмағайып», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Ақпандағы мысықтар», «Аңсар», «Қозапая», «Салқын масақ», «Оқу залы», «Ақтолғай», «Сағыныш саздары», «Бұла бұлақ», тағы басқа да жарық көрген прозалық және публицистикалық кітаптары Махаңды қарапайым қаламгерден үлкен жазушылыққа жеткізді. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Бауырмал» сыйлығының, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері атанып, кеудесіне «Құрмет», «Парасат» ордендерін тақты. Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атануы соның дәлелі болса керек. Мархабат Байғұт жазушы ғана емес, ұлтының тілін, ділін, дінін қорғап, қолпаш­тайтын жанашыры да. Мен бұл арада Махаңның мемлекеттік тіл саясатын орнықтыруға сіңірген еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Тіл басқармасында басшылық еткен 1993-1998 жылдары, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бас­тығы болған кездері тілдер қызметі мен дамуының жүзеге асуына ыждағаттылықпен еңбек сіңіргенін, ана тіліміздің шұбарланып кетпеуіне өзіндік соны үлесін қосқанын көріп, білдік. Жан-жақтылығымен танылған Махаң жазушылығымен қатар, ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бас­шысы қызметтерінде де айрықша елеулі еңбек өрнегін көрсеткен тұлға ретінде танылды.

egemen (15) Асқар Исабекұлы Мырзахметов облысқа әкім болып тағайындалған тұста халықпен ең алғашқы кездесуін қасиетті Түркістан қаласында «Ырыс алды – ынтымақ» жиы­нынан бастады. Бұл шараны Махаң өзі басқарып жүргізіп, кейіннен «Ырыс алды – ынтымақ» форум дәрежесіне көтеріліп, өңірдегі атқарушы хатшылығы Мархабат Байғұтқа жүктелді. Бұдан бұрын да көптеген халықаралық, республикалық, облысаралық, облыстық қоғамдық-саяси, мәдени және әдеби, журналистік іс-шара басқосуларды ұйымдастырумен қоғамдық жұмыстың қыз-қыз қайнаған ортасында жүретін Махаң «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» деген тамаша жиындардың өтуіне мұрындық болып, елімізге белгілі ірі тұлғаларымыз, ақын-жазушылар, мемлекет, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ел құрметтеген жақсылар мен жайсаңдар шақырылған кездесулерде сан қырлы сауалдары мен сырлы сұхбаттың көрігін қыздырып, жұртшылықты тәнті еткенін бүгінге дейін қауым көрді, біледі де. Көрнекті жазушы, танымал журналист-­публицист Мархабат Байғұт – республикалық, облыстық басылымдарда небір маңызды, өткір мәселелерді көтеріп, Тәуелсіздікті, Елбасымыздың сарабдал саясатын, бірлік пен ынтымақты жан-жақты да терең насихаттап жүрген қаламгер. Облыстың және республиканың қоғамдық өміріне белсене араласады. Елге белгілі азаматтың қоғамдық істерге белсене араласуына Елбасының қолдауы да үлкен дем бергендей. Мемлекет басшысы облысқа келген сапары кезінде, Астанада өтетін іс-шара барысында облыстың бетке ұстар елжанды азаматы, жоқтаушысы, қолдаушысы ретінде Мархабат Байғұтпен ел тіршілігі, облыс тынысы жөнінде сұхбат құрып, дидарласатыны бар. Әр жылы еңбегін ескерусіз қалдырмай сыйлыққа ұсынып, құттықтау хатын жолдауының өзі қоғам қайраткері Махаңдай қаламгердің биіктігі мен ұлтжандығы десек, артық айтпаған­ды­ғы­мыз болар. Өз басым Махаңның әр жылдары жарық көрген шығармаларының қолыма түскенін қызыға ден қойып оқитыным бар. Шығармаларынан ел мен жерге, табиғатқа, туған жерге деген шексіз махаббатын, жарға, достарға, ұл мен қызға деген риясыз ықылас пен адам болмысының тұңғиығына қаймықпай бойлаған жетелі ой мен зерделі де зейінді, жаңа заман және оның алуан түрлі адамдары туралы тың да тосын ізденістерден, өмірдің өз өрнектерінен туындаған дүниелерді жолықтырасыз. Тіпті, бүгінгі уақыттың уызы мен уыты да, әкімдік жүйенің там-тұм талдамасына дейін кезіктіресіз. «Ақтолғай» шығармасындағы Ақтолғай жазушының өзі айтқандай ол – шағын ғана өнерлі шығарма. Тұспал туынды. Қып-қысқа ән. Сағынышты саз. Мұңды әуен. Нақышқа толы наз. Үзілмейтін жұмбағы жүз қабат, үміт мәнісі мың қабат махаббатқа пара-пар дүниені суреттеп көрсету. Бұл жазушының шеберлігі мен тапқырлығын білдірсе керек. Жазушының «Машаттағы махаббат» әңгімесін алып қарасаңыз, қарапайым мектеп мұғалімі мен тұрмыс құрмаған бойжеткеннің арасында туындаған шынайы махаббатты әдемі өрнегімен бейнелей келіп, бес баласы бар отбасылы ер-азаматтың қиналса да, кеш жолыққан сүйген жанға балалары үшін махаббат құрбанына айнала алмағандығын, ал бойжеткен Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» шығармасындағы Раймолда мен Бегімайдың арасындағы ұлы махаббаты сияқты өзі құрбандыққа шалынып, өзінен жиырма алты жас үлкен кісімен тұрмыс құрғанын анық та ашына жазылғаны көрініп-ақ тұр. Әңгімені оқи отырып, махаббат деген ұлы сезім бар екенін, ол жас талғамайтынын сезініп, түйсінесің. Ал өткен жылы жарық көрген «Күнгей көңіл» кітабында «Сәби күлкісі сақталған кісі» тақырыбы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың облысқа келген сәтіндегі ­кездесу кезінде, қайсыбір өзге де іс-шара барысын­да елмен дидарласу сәтіндегі риясыз сәби қалпы сақталған сүт күлкі, уыз күлкісін әдемі суреттеген. Елбасының ерендігін ертегідегідей әңгімелеген қаламгердің жазғанын оқи отырып, өзінің де елеусіз жан емес екенін аңғарасыз. Сондай-ақ, бұл кітабында Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбектің көзін тауып, көрігін қыздырып жүрген кәсіпкер қыз-келіншектер: шымкенттік жол маманы Рәшкүл Оспаналиева, Жамбыл облысынан гүл өсіру маманы Жұмакүл Омарова, Қызылорда облысынан наубайхана шебері Бақыт Аяғанова турасында жазған шығармалары енгізілген. Сонымен қатар, қазақ жұртының маңдайына біткен ұл-қыздары жайында терең толғаныстарын тізбелеген. Ел-жұртын көзінен де, көңілінен де таса қылмай, мақтануға, құрметтеуге тұрарлық жақсылықтарын паш етуі Махаңдай суреткердің көрегендігі, ақжүректілігі деп танығанымыз жөн. Мархабат Байғұттың қаламгерлігінің құнды бір қыры – публицистикасы. Бұл қасиеті бұрынғы журналистік жұмысында да танылған дегенімізбен, оның еліміздің бас газетінде – «Егемен Қазақстанда» жұмыс істеген соңғы жылдарында бөлекше жарқырап көрінгені анық. Махаңның «Егемендегі» дүние­лерін жұрт күтіп жүретін, іздеп оқитын. Қазір де солай. Тікелей тілшілік міндетін атқар­мағанымен, оның терең ойға құрылған, құнар­лы тілмен өрілген мақалалары ауық-ауық жарияланып, ел-жұртын қуантып тұрады. Осындай жақсы істерін айта отырып, әрбір жиындарда ел алдындағы сөйлеген сөздері мен қоғамға деген көзқарасынан мен Махаңды жақыннан тани түскендеймін. Халық алдында айтары бар, тыңдатып, сендіре алатын қасиетімен ерекшеленетін Махаңмен бірге соңғы екі жылдан бері облыстың ауыл-аудандарын аралап, «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасымен халық алдына шығып, ұлт дәстүрі, жастар тәрбиесі, бүгінгі ұрпақтың оқу білімі мен бағыт-бағдары турасында ойымызды ортаға салып, іс-шаралар өткізіп жүрдік. Қарапайым халыққа рухани азық болар, қалың елге ой салар кездесулерде тәлім-тәрбиелілік өткір сөздері шын мәнінде оның шешендігін, парасаттылығы мен мәдениеттілігін, шыншылдығы мен адалдығын дәлелдей түскен еді. Адам үшін биік адамгершіліктен қастерлі қасиет болушы ма еді? Махаң қаламгерлік, ұйымдастырушылық, бітімгерлік еңбектерімен қоса ауыспалы кезеңнің қандай аумалы-төкпелі тұсында да тұрақтылық, бір сөзділік таныта білді. Жағымпаздық пен жалтақтауға табиғаты қарсы Махаң өзін қайраткер ретінде қатарға қосқан егемендік, тәуелсіздік мұраттарына адал қалпынан бір танған емес. Кейбіреулердің кісі мен кісі, топ пен топ, ел мен ел арасында ши жүгіртіп, сызат түсіретін теріс тіршіліктерінен бойын аулақ салып, өзіне көрсетілген сенімді қомсынбай, азаматтық адамгершілік қасиетімен етер еңбегін ете берді. Осындайлық қасиетімен-ақ елге, жерге сіңімді қызмет етіп, қадірін арттырды. Азаматтығын танытты. Белгілі тұлғаға айналды. Оған дәлел Оңтүстік Қазақстан облысының, Бәйдібек, Түлкібас аудандарының құрметті азаматы атануы. Бұл құрметке лайықты құрметті азамат атағы еліміздің қоғамдық жүйесінің түрлі саласына белсене қатысып, халықтың, келешек ұрпақ арасында мәдениеттілік, парасаттылық, адалдық пен тазалық, отансүйгіштік, тәлім-тәрбиелілік тақырыптарда келелі ойын жеткізіп, ой-санамызға ізгіліктің нұрын сепкенінің нәтижесі екенін мойындауымыз керек. Ақырын жүріп анық басып, жетпіс деген асқаралы асуға алқынбай жеткен әдебиет­сүйер халқының сүйікті жазушысы, прозашы әрі публицист Махаң – Мархабат Байғұт шығармашылық белестің қызған шағына жетті. Әлі де бергенінен берері көп, халқына кесіп айтар алмас қылыштай сөзімен пана да, дана болар азаматына қолдау көрсетіп, қызмет етер ел азаматтары жанынан табылып жатса, сөз семсерінің зергерін ғана емес, қазақ атты ұлы халықты қолдағаны деп білер едік.

Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ. экономика ғылымдарының кандидаты, Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

шымкент.