29 Тамыз, 2015

Ата Заңның артықшылығы – әлеуетінде

908 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
  конституция (2) Міне, Ата Заңымызды ардақтаудың жиырма жылдық мерейлі мерекесі де келіп жетті. Осы Конституциямызды білумен қатар оны ардақтау еліміздің кез келген азаматының басты міндеті. Өйткені, «Конституцияны білу, заңдылықты сақтау – құқықтық мемлекет құрудың бірінші шарты. Әз Тәукенің тұсындағы қазақ қауымының дәуірлеуі, ең алдымен, осы заңға жүгінуге байланысты болғанын ұмытпағанымыз жөн. Заңды жетік білмейінше, оны сыйламайынша, берік ұстанбайынша, біз өмірдің қай саласында да қиыншылықтан арыла алмаймыз», деп Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап өтті. Ендеше, Конституциямыздың 20 жылдығы тойында Конституциялық Кеңес мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты Анар Жайылғановаға жолығып, бірқатар сұрақтар қойған едік. Жайылғанова А.– Анар Нұралықызы, Негізгі Заң­ның жобасын дайындау барысында Президенттің қаулысымен арнайы сарап­тамалық-консультативтік кеңес құрылғаны белгілі. Әңгімемізді осы кеңестің құрылуы мен қызметінен бастасақ. – Иә, Елбасымыздың 1995 жылғы 22 мамырдағы қаулысымен арнайы құрылған Сараптық-консультативтiк кеңес Конституцияның жобасын дайындау барысында азаматтардың 1100 ұсынысын ескеріп, соған орай Конституция жобасындағы 99 баптың 55-іне елеулі өзгерістер енгізген екен. Демек, Конституция жобасының жартысынан көбі, халықтың ұсынысы бойынша жазылған және сол арқылы әрбір азамат өзінің көкейкесті мәселесін көтере алды. Осылай Конституция бір жағынан бүкілхалықтық, екінші жағынан жеке адамның мүддесін көздеуші нағыз Ата Заң ретінде қабылданды. Бұл демократияның шынайы көрінісі, яғни, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екендігінің дәлелі еді. 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда қазақстандықтар дау­ыс беріп, олардың 90 пайызға жуығы жаңа Негізгі Заңымызды қабылдауды жақтады. – Дұрыс айтасыз, 1995 жылғы Конс­титуцияны қабылдау – қазір қолданып жүрген Конституцияны қабылдау ғана емес. Бұл мемлекетіміз дамуының түбегейлі жаңа кезеңіне көшіп, тарихымыздың тағы бір парағын ашу болды ғой. – Иә, бұл кезеңнің маңыз­дылығы – алғаш рет адам және оның құқықтары мен бостандықтары саяси жүйенің өзегіне айналғандығы. Маңызы сол, саяси демократия және нарықтық экономика азаматтың құқықтары мен бостандықтары іске асырылуының шарты деп танылды. Сөйтіп 1995 жылғы Конституция жаңа Қазақстанның бет-бейнесін айқындайтын, адамның және азаматтың құқық­тары мен бостандықтарын, оның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екендігін, билік бөлінуі және парламентаризм секілді негізгі саяси құндылықтардың заң жүзіндегі жиынтық көрінісіне айналды. Осы Конституцияны ресми таныстыру салтанатында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Халық пен мемлекет үшін Конституцияның құндылығы тек оның мазмұнымен ғана айқындалмайды. Бұл Негізгі Заң нақты өмірде, мемлекет пен қоғамның демократиялық институттарының жұмысында, күнделікті азаматтық іс-әре­кеттерде қалай жүзеге асады сонысымен де маңызды болмақ. Былайша айтқанда, Конституцияның шынайы бағасы уақыт өте келе өмір арқылы, біздің алға жылжу әрекеттеріміз арқылы берілетін болады. Негізгі Заңға соңғы бағаны біздің өз қолымызбен қалап жасайтын Қазақстанның тарихы береді», деген еді. – Биыл, міне, Қазақ­станымыздың Конститу­ция­сына 20 жыл толып отыр. Қандай өзгерістер бар? – Бүгінгі таңда біз осы 20 жыл ішінде қазақстандық азаматтардың жаппай құқықтық санасында түбегейлі өзгерістер болып, құқықтық мемлекет және демократия құндылықтарын бойына сіңіру процесі жүріп жатыр деп нық сеніммен айта аламыз. Конституциялық-құқықтық мәдениет белгілері қалыптасып келе жатқандығы да айқын аңғарылуда. Қазіргі таңда, ең негізгісі, күнделікті заң шығару мен құқық қолдану тәжірибесінде, қоғам өмірінде конституциялық ұстанымдардың жүзеге асуы болып табылады. Өйткені, Конституция – елі­­міздің саяси, әлеуметтік, экономикалық дамуы­ның тұрақтылығын да, серпінділігін де қамтамасыз етуге арналған бүкіл құқықтық жүйенің мықты да икемді тірегі. Мемлекетіміздің тұрақты және серпінді дамуы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы және мықты әрі берік мемлекеттік биліктің қызмет етуі арасындағы тепе-теңдікті талап етеді. Мұндай жағдайда екі үлкен қауіпті елемеуге болмайды. Бірі – билік тарапынан болатын заңсыз авторитарлық әрекеттер болса, екіншісі – көпшілік тарапынан болуы мүмкін әрекеттің заңсыздық құрдымына құлдырауы. Бұл қауіп-қатерлерге Қазақ­стан Рес­публикасы Президентінің рөлімен айқындалатын, Конституцияны сақтау кепілдігі қарсы тұрады. Қазақстан Республикасының Президенті Конс­титуция негізінде мемлекеттік саясатты қалыптастырады және жүзеге асырады. Ол – Қазақстан Республикасы Конституциясының кепілдігі. – Бұл тұста мемлекеттегі конс­титуциялық бақылаудың мәні зор дейміз ғой. – Иә, Қазақстан Республикасы Конс­титуциялық Кеңесі конс­титуциялық құрылыс негіздерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, Конс­титуцияның республиканың бүкіл аумағындағы үстемдігін және тікелей қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында конс­титуциялық бақылауды жүзеге асырады. Конституциялық Кеңес Конституцияға ресми, яғни жалпыға бірдей міндетті түсіндірме береді, заңдардың және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тек­середі. Конституциялық Кеңес Конституцияға қайшы нормативтік актілерді жоя отырып, конституциялық құқықтары мен бостандықтары бұзылған азаматтарға қатысты әділдікті қалпына келтіреді, сол арқылы заңның үстемдігін қамтамасыз етеді. Конституциялық бақылау болуының өзі осындай құқық бұзушылықтардың алдын алуда үлкен маңызға ие. Бақылау бар жерде заңдар шығаратын заң шығарушы да, құқық қолдануға қатысты шешім қабылдайтын шенеунік те, әлеуметтік өмірдің әр саласында күнделікті іс-әрекетін жасап жүрген қатардағы азамат та тәртіпке мойынсұнады. – Сұхбатымыздың басында атап өткеніміздей, Конституциямызды білумен қатар оны ардақтау еліміздің кез келген азаматының басты міндеті дедік. – Конституциялық мемлекетте билік ешқандай да заң­сыз әрекеттерге бармауы тиіс. Құқықтың үстемдік құруы, Конституцияның ұлықтығы, заңның, яғни, бүгінгі күннің талабына сай заңның билігі – Қазақстанның одан әрі дамуын­дағы, қазіргі жаһандық демократиялық елдер қатарына абыроймен енуіндегі алдыңғы қатарлы маңызды мәселе болып табылады. Бұл үдеріс елдің, өзіңіз айтқандай, Негізгі Заңына деген құрметтен басталады. Қоғамымыз Конституция бойынша өмір сүріп, оның әрпі мен рухын қатаң сақтағанда ғана демократиялық процестер алға баса бермек. Биыл 20 жылдығын атап өтіп отырған Конституциямыз Қазақстанның мемлекет ретінде сақталып, жас елімізді нығайту жолындағы өз мақсатын орындау үшін жазылды. Конституция халық би­лі­гіне, шынайы түрдегі пікір алуандығына, көп пар­тия­лылыққа; азаматтардың негізгі және ажырамас құқықтары ретінде жеке және саяси құқықтары қорғалуына, әр­кім­нің өз жекеменшігінен айырылмау құқығына негізделе отырып, жеке өмір сүру құқығына, оның жеке тұлға ретінде өзінің қабілеттерін белсенді түрде ашуы үшін қажетті барлық құқықтар мен бостандықтарға, азаматтардың әлеуметтік құқықтары қорғалуына кепілдік береді. – Мемлекетіміздің әлеуметтік сипатын, оның жалпыхалықтық мәнін, ең алдымен, осындай байлығы бар азаматтарымыз терең ұғынуы керек секілді. – Әлбетте, мемлекеттігімізді, оның құқық іспетіндегі жиынтығы – Конституциямызды – бүкіл халық баға жетпес асыл дүние деп ұғынуы керек. Баға жетпес деуге себеп – мемлекеттілігінен айырылған халық материалдық, имандылық, мәдени, рухани жұтаңдыққа ұшырайды. Содан келе, аяғында ел болудан қалады. Сондықтан, мемлекетті тек қарапайым халық қана емес, сол халықтан бөлініп шығып, құлқын қамын көбірек ойлаған ел мықтылары да сүюі керек. Осындай ен дәулетке халық­тың, мемлекеттің арқасында кенеліп отырғанын, ал мемлекет болмаған жағдайда, материалдық байлығынан, ең бастысы, пайда табу көзінен оп-оңай айырылып қала­тынын саналарына мықтап сіңіруі керек. Қоғамның барлық бөлік­терінің, барлық топтарының, барлық тұлғаларының жеке өмір сүру құқығы, өзіндік мүдделері, әлемдегі барлық құбылыстарға өзіндік көзқарасы Қазақстан Республикасы Конс­титуциясымен қорғалады. Сонымен қатар, осы жеке тұлғалар мен бірлестіктердің – тұтас қоғам құру міндеттері де қорғалады. Конституция бар екен, демек біздің құқықтарымыз қорғаулы, міндеттеріміз айқындаулы. – Конституциямызға жиі енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы айтып өтсеңіз? – Заман талабына сәйкес, 1998 жылғы 7 қазанда Ата Заңға мемлекеттiк қызметшiнiң жасы туралы, сайлаушылардың саны жөнінде, Сенаттың өкілеттік мерзімі – 6 жыл, ал Мәжіліс үшін – 5 жыл деп бекітілуі туралы, қылмыстық сот iсiн жүргiзу алқабилердiң қатысуымен жүзеге асырылатыны жөнінде өзгерістер мен толықтырылулар енгізілді. Ал 2007 жылғы мамырдағы конституциялық реформаға сәйкес билік өкілеттіктері мен жауапкершіліктерін қайта бөлу, Парламенттің рөлін арттыру мәселесі алға қойылды. Президенттік басқару мерзімі 7-ден 5 жылға дейін қысқарды. Мәжіліс депутаттарының саны 107 депутатқа дейін ұлғайтылды: 98-і саяси партиялардың тізімі бойынша, ал 9 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын болып белгіленді. Сенат депутаттарының саны президенттік квотаны ұлғайту есебінен көбейтілді, олардың бір бөлігі Қазақстан халқы Ассамблеясымен тиісті консультациялардан кейін тағайындалады. Үкіметтің Мемлекет бас­шысының алдында ғана емес, сонымен бірге, Парла­менттің алдында атқарушы биліктің мемле-­ кеттік қызмет көрсетудің жоғары тиімділігі мен сапасын, қоғамдық есептілік пен қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жауаптылығы белгіленді. Президент Премьер-Министрді саяси партиялардың фракцияларымен консультациялардан кейін және Мәжіліс депутаттарының көпшілігінің келісімімен тағайындайды. Конституциялық Кеңесті, Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыру кестесі өзгертілді. Енді бұл органдардың құрамы әлдеқайда демо­кратиялық негізде, яғни Парламенттің қос палатасының депутаттарының қаты­суымен қалыптастырылады. Осылайша, Конституциялық Кеңестің, ОСК-нің және Есеп комитетінің үштен екі бөлігін Парламент қалыптастыратын болды. Конституцияның жергілікті өзін өзі басқару мәселелері жөніндегі бөлімі іргелі өзгеріске ұшырады. Мәслихаттар жер­гі­лікті өзін өзі басқарудың негізіне айналды. Облыстардың, республикалық бағыныстағы қалалар мен елорданың әкім­дерін Президент бұдан былай мәслихаттардың келісімімен тағайындайды. Конституцияға енгізілген өзгерістердің арқасында, Қазақстанда өлім жазасы іс жүзінде жойылды. Қазір бұл жазаға террористік қылмыстар жасағаны сондай-ақ, соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар. Конституциялық реформадан кейін тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады. Осылайша, конституциялық өзгерістер елімізде демократиялық және саяси жүйенің дәйекті қалыптасуына, адам құқығы мен бостандықтарының қорғалуын жақсартуға жағдай жасады. – Жалпы алғанда, Конс­титуциямыз тиімді мемлекеттік құқықтық жүйе­міздің орнығуының, нарықтық эко­но­микамыздың қалыптасуының, хал­қымыздың әл-ауқатын көтерудің, Қазақ­станымыздың саяси, эконо­микалық, әлеуметтік дамуының бастауы болып отыр емес пе? – Иә, Конституциямыз – қазақстандық­тардың бойында азаматтық және қазақ­стандық патриотизм сезімдерін тәрбиелеуде, халықтың идеялық-мәдени дамуының негізін құраушы, қоғамдық саяси процес­терге әрбір адамның қатыстылығын паш ететін үлкен саяси және құқықтық құжат болып табылды. Енді 20 жылдығын атап отырған Конституциямыз тәуелсіздігіміздің тұғыры, құқықтық негізіне айналды. Міне, 20 жыл бойы Қазақстан Конституцияда белгіленген негіздерге сүйеніп өмір сүріп келеді. Бәрін бірдей меңгеріп кеттік дей алмаймыз. – Осы арада Ата Заңымыздың 1-бабында Республика қызметінің түбегейлі қағидаты ретінде атап көрсетілген қоғамдық татулық пен саяси тұрақ­тылыққа тоқтала кетсеңіз. – Өзіңіз орынды атап отырған аталған қоғамдық татулық пен сая­си тұрақтылық ұдайы сақталып келеді. Бұл принципті осы бапқа, заңгер ғалымдармен қызу пікір талас­тыра отырып, Елбасымыз енгіздірткенін бәріміз білеміз. Осы ережені нақтылау тетігінің бірі ретінде Конституцияның 44-бабында Президенттің құзыретіне Қазақстан халқы Ассамблеясын құру құқысы кіретіні айқындалды. Сонымен қатар, Ата Заңымыздың 39-бабының 2-тармағында ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылатыны көрсетілген. Яғни, Елбасымыз Н.Ә.На­зарбаев 1993 жылы «Береке басы-бірлік» деген Ордабасы тауында айтқан: «..Бізді де бұл киелі төрге арманды тілек, елім деген перзенттік жүрек алып келіп отыр. Біздің де ойлағанымыз – бірлік. Біздің де аңсарымыз – еліміздің көсегесінің көгергені, дәулетті де сәулетті өмір сүргені. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би заманындағы басты мақсат – бар қазақтың бірлігі болса, бүгінгі бас­ты мақсат та дәл сол. Жалғыз-ақ айырмасы – қасиетті бабаларымыз басын қосып берген қазақ халқы енді бүкіл Қазақстан халқының бірлігіне ұйытқы болуы тиіс. Осы мақсат жолында республикадағы барлық ұлттар өкілдерінің бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай күш біріктіргені лазым. Қазақстан – осы ұлан-байтақ өңірді мекендеп жатқан барша ұлт пен ұлыс өкілдерінің ортақ Отаны деген қарапайым да қастерлі қағиданы бүгінгі адамдардың да, келер ұрпақтың да санасынан бір сәтке шығармауымыз керек», – деген сөздері өз орны мен орындалуын тапқандай. – Демек, осы аталған жағ­дайлардың барлығы әрбір қазақстандықтың рухын көтеріп, оның әлеуметтік оптимизмін жоғарылататынына сенімдімін дейсіз ғой. – Әлбетте. Сондықтан, «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбіт­шіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемен­дік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз», – деп Ата Заңның преамбуласында көрсетілгендей Қазақстан Республикасының армандаған Мәңгілік Ел, аяулы мекенге айналары сөзсіз.  Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».