Жуықта бірқатар республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері “ҚазАгроИнновация” акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдарымен кездесті. Кездесуге “ҚазАгроИнновация” АҚ президенті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Серік Кененбаев, ҰҒА академигі Мехлис Сүлейменов, Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Жексенбай Қасқарбаев бастаған бір топ ғалымдар қатысты.
Ақмола облысы Шортанды елді мекенінде орналасқан Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының тәжірибелік егіс алқабында өткізілген кездесудің мақсаты фермерлік шаруашылықтардан бастап ірі компанияларға дейінгі барлық шаруашылық субъектілері деңгейінде дәнді дақылдардың өнімділігін арттыру үшін егін шаруашылығы жүйесінің мәдениетін жоғарылату мәселелеріне және бұл шараның құрғақшылық жағдайда маңызы зор екендігін насихаттау ісіне арналды.
Көпшілік алдында “ҚазАгроИнновация” АҚ президенті Серік Кененбаев республикамыздағы ауыл шаруашылығы саласының ғылыми ұйымдары өндіріске енгізген ұтымды жобалардың бірі тамшылатып суару тәсілін насихаттаудың маңызын түсіндірді. Акционерлік қоғам құрылымында әлемдегі дамыған елдер тәжірибесінде тиімділігінің жоғары екені дәлелденген озық технологияларды біздің еліміздің жағдайына бейімдеумен айналысатын Технологияларды коммерциялау және трансферттеу орталығы құрылғанын мәлімдей келе, осы орталықтың қазіргі уақыттағы тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелеп берді.
Басқосуға қатысушы ғалымдар қазіргі қалыптасқан жағдайға және келешекке арналған болжамдарға тоқталып, тыңдаушыларға жан-жақты мағлұматтар берді. Олардың айтуынша, биылғы жылдың маусым айында ауа райының қалыпты нормадан ауытқып, құрғақшылық енуі, топырақтың құрғауы дәнді, майлы және дәнді-бұршақ дақылдарынан өнім алу үшін қолайсыз бола тұрса да, тұрақты өнім алудың тәсілдерін дұрыс қолдана білген диқан келешекке зор сеніммен қарауына болады.
Мысалы, 1989 жылдан бергі уақытта пар танабы енгізілмеген тәжірибе алқабында жайқалған арпа дақылы жақсы өнім беріп келеді. Сонымен қатар 1979 жылдан бастап осы әдіс арқылы өсірілетін бидай да тұрақты өнім беруде. Солтүстік Қазақстан өңіріндегі егістік аумақтарында қазіргі уақыттың талабынан туындаған ресурс үнемдеуші нөлдік және минималдық технологияларды өндіріске батыл енгізу мол өнімнің негізін қалап отыр. Осы технология бойынша жинап алынған бидайдың майдаланған сабағы мен түбіртегі органикалық қалдықтар есебінде топырақта қалдырылады. Осы жағдай топырақтың микробиологиялық белсенділігін арттырып, егістікті су және жел эрозиясынан берік сақтайды.
“ҚазАгроИнновация” акционерлік қоғамына қарасты ғылыми-зерттеу ұйымдарының мәліметтері бойынша ресурс үнемдеуші технологиялар атмосфералық ылғалды тиімді пайдаланып, жанар-жағармайдың шығынын 25-50 пайызға, еңбек шығынын 30-50 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді, егістік шараларды жүргізу уақытын қысқартады. Бұған қоса ресурс үнемдеуші технологиялар толық игерілген кезде 1 гектарға жұмсалатын инвестициялық қаржы шығыны жай технологияларға қарағанда 25-40 пайызға азаяды.
Ең бастысы, топырақ құнарлылығы жыртылатын қабаттағы органикалық қалдықтардың жиналуы мен гумустың минералдану қарқынының төмендеуі есебінен қалпына келеді.
Кездесу барысында академик Мехлис Сүлейменов тыңдаушыларға “Диқан үшін ең маңызды мәселе не?” деген сұрақ қойды. “Әрине, мол өнім алу” деген жауапты естігенде: “Бұл пікірді мәселеге толық жауап бере алмайтын біржақты пікір деп есептеймін, себебі, біз бүгін өзіміз мол өнім алуды ғана ойлап қоймай, жердің құнарлылығына нұқсан келтірместен оны келешек ұрпақтарымызға аманат етіп тапсыру жөнінде де толғануға міндеттіміз” деді.
Ауа райы шілде айында қолайсыз болып, яғни жауын-шашын нормадағы деңгейден төмен болса да, егін шаруашылығы мәдениеті айтарлықтай жоғары болған жағдайда бидай мен асбұршақтан гектарына 10 центнерге дейін, ал арпа мен сұлыдан 15 центнерге дейін өнім алуға болады деп болжануда.
Қорыта келгенде айтарымыз, мол өнім алу үшін қолайсыз аса қатты құрғақшылық жағдайында егін шаруашылығының мәдениетін қалыптастыру, ресурс үнемдеуші, яғни нөлдік және минималдық технологияларды қолдану тұрақты өнім алуға толық мүмкіндік беретіндігі осы кездесу барысында жиналғандарға жан-жақты түсіндірілді және осы тәсілді ел көлемінде кеңінен тарату қажеттігі айтылды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.