23 Мамыр, 2015

Айтулы дата Ұлан-Батырда аталды

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жақында Ұлан-Батырда Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігі Моңғолия Ғылым академиясының жанындағы Халықаралық қатынастар институтымен бірлесе отырып, «Қазақ хандығына – 550 жыл: Қазақстан-Моңғолия тарихының өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Шара барысында Қазақ хандығының құрылуы тарихының негізгі аспектілері талқыланып, Қазақстан мен Моңғолия мемле­кеттерінің даму тарихы, сондай-ақ, болашақ ұрпақ үшін ұлттық бірлікті сақтау мәселелері туралы пікір алмасылды. Дөңгелек үстел жұмысына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары, тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Тоқта­мыс Жұмағұлов пен Гүлнар Мең­діқұлова, Моңғолияның ғылыми-зерттеу мекемелері, сондай-ақ, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Қалыбек Қобландин ша­ра­ның мемлекеттер тарихын те­ре­ңірек зерттеудегі алар орны­на тоқталып, түркі-моңғол империя­­сы, Алтын Орда, қазақ-моңғол та­ри­хи сабақтастығын таратып айтты. Моңғолия Ғылым акаде­мия­сының жанындағы Халықаралық қатынастар институтының директоры Ж.Баясах аталған шара­лардың ұйымдастырылуы қазақ тарихы, жалпы моңғол-қазақ тарихының дамуы туралы түсінікті кеңейтетіндігіне тоқталды. Оның пікірінше, бұл шаралар екі ел арасындағы гуманитарлық-мәдени салалардағы қарым-қаты­настардың ілгерілеуіне оң ықпалын тигізбек. Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Хуралы (парламент) депутаты Ағыпарын Бәкей Қазақ хан­ды­ғы­ның 550 жылдығы аясындағы ша­раның маңыздылығына тоқтала келе, тарихы тереңнен бастала­тын моңғол-қазақ қоғамы қатынас­тары қазіргі таңда берік экономика­лық, ғылыми, мәдени және рухани байланыстарының тұрақты түрде дамуда екендігін жеткізді. Тарих ғылымдарының докторы Оохной Батсайханның қазақтың біртуар ұлы, партия және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов туралы білдірген пі­кірі қатысушылардың назарын өзіне аударды. Моңғол ғалымы Т.Рысқұловтың бастамасымен Моңғолия астанасының Ұлан-Батыр (аудармасы «Қызыл батыр») деп аталғанына назар аудара отырып, Моңғолия мемлекеті тарихындағы оның алар рөліне жоғары баға берді. Дөңгелек үстел нәтижесінде екі ел ғылыми топ өкілдері ша­раның Қазақстан мен Моңғолия тарихының өзекті мәселелерін талқылауда пайдалы алаң бол­ғандығы туралы ортақ пікірге кел­ді. Аталған сындарлы және жан-жақты талдаулар мемлекет­тер ара­сындағы достық пен өзара сенім негізіндегі қарым-қатынастардың одан әрі ілгерілеп, дамуына игі ықпалын тигізетіндігі туралы қорытынды жасалды. «Егемен-ақпарат».